Таяуда облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі департамент ғимаратында «Білім саласындағы тұтынушылардың құқын қорғау мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.
Бүгінде Маңғыстаудың білім саласында өзекті мәселелер жетіп артылады. Соның бірі – білім сапасы. Аталмыш жиынға осы көкейтесті тақырыпты ашуды мақсат тұтқан облыстың мектеп директорлары, қалалық білім бөлімдері және тағы басқа білім саласының қызметкерлері қатысты. Қордаланған мәселелердің қатарына оқу құралдарының жетіспеушілігі, ҰБТ-нің ұйымдастыруы, орта және жоғары оқу орындарында орын алатын құқықбұзушылық, оқушылардың білім деңгейінің төмендігі кірді. Бұл білім проблемаларын дөңгелек үстелде талқылап қана қоймай, оның шешу жолдарын қарастырды.
Бірінші сөз алған «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Жақсыгүл Маханбетова мемлекеттік қызмет көрсету мен ақылы қызмет көрсетудің ара жігін ажырату қажеттігін тілге тиек етті. Оның сөзінше, мектепке дейінгі білім орындары мен ҰБТ-ға әзірленуге жәрдемдесетін білім мекемелеріндегі қызмет ақылы болып табылады.
«Бұл мұғалім мен ата-аналармен жасалатын экономикалық келісім. Ал білім саласындағы мемлекеттік қызмет көрсетуге мектеп оқушыларын оқулықтармен қамтамасыз ету, ғимараттың санитарлық нормаларға сәйкестігі және білім сапасы кіреді», - деп түсіндірді Ж.Маханбетова. Ал Маңғыстау облысының білім саласын бақылау жөніндегі департаментінің бөлім басшысы Оралбай Ізбасаров мемлекеттік лицензиялар жайында сөз сөйледі: – Біздің қызметке кіріскенімізге биыл үш жылдан асты. Міндетімізге білім беру саласындағы мемлекеттік заңнамалардың орындалысына бақылауды іске асыру, білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестациядан өткізу және мемлекеттік лицензияны рәсімдеу кіреді. Онымен қоса сырттай бағалау, әртүрлі мониторинг пен тексерістер жатады. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік лицензияны алуға 34 өтініш келіп түсті. Оның 26-сы колледждерден, 8-і мектептерден келді. Мектептерден түскен сегіз өтініштің бесеуі лицензия алуды, қалғаны қайта рәсімдеуді сұраған. Нәтижесінде, оның біреуі лицензия алса, біреуі қайта рәсімделді. Бесеуі кері қайтарылып, біреуі қаралуда. Кері қайтарылудың себебі, өтініштері түскен соң, материалдарын қарастырамыз, егер олар талаптарға сай болмаса, кері қайтаруға мәжбүрміз. Ал егер барлығы дұрыс болса, мамандарымызды сол мектепті тексеруге жібереміз,-деген ол өз сөзінде 21 білім беру ұйымына мемлекеттік аттестациялау жүргізгенін айтты. Мемлекеттік аттестациялау талаптарынан шыға алмаған бес мекеме - бір колледж, үш мектеп және бір балабақша болды. «Сандарды сөйлетсек, білім беру ұйымдарының 23,8 пайызы мемлекеттік аттестациядан құлады. Басты себеп – балалардың білім деңгейінің төмендігі. Міне, қазіргі білім саласының көрінісі осындай»,-деді облыстық білім саласын бақылау жөніндегі департаментінің бөлім басшысы.
Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі департаментінің хабарлауынша, қала тұрғындарынан білім саласына қатысты тек бір шағым түскен. Арызданушы білім мекемесінің санитарлық жағдайына ғана шағымданған. Олардың сөзінше, көп тұтынушылар өз құқығын білмейді. Олар мекемелер табалдырығын тоздырудан гөрі, орын алып жатқан тәртіпсіздіктерге көз жұма қарағанды жөн көреді. Бұл келеңсіздікті шешу мақсатында құзыретті мекемелерді тартып, түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.
Ал мектеп директорлары білім саласындағы басты проблема – кадрлар тапшылығы дейді.
«Заман ағымынан қалмай, ұстаздар жаңа техникалардың тілін меңгеруде. Себебі, оқушылардың қабілеті жыл өткен сайын озық әрі жаңашылдыққа бейім. Облыс әкімі білім саласына баса назар аударғандықтан, жаңа компьютерлер әкелініп, материалдық базамыз жаңартылуда. Жыл сайын жаңа оқу құралдары жеткізіліп, барлық оқушылардың қолына тиюде. Толғандыратын бір ғана мәселе – кадрлардың жетіспеушілігі», - деді Н.Марабаев атындағы №7 физика-математика мектебінің директоры Кажета Бекжанова.
Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар сауалдарын жолдап, орамды ойларын ортаға салды.
Ханым ҚУАТ