©
Жуырда өңірдегі «Білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар» барысын талқылауға арналған облыстық білім беру қызметкерлерімен актив жиналысы өтті.
Білім беру саласының ең маңызды тұстарын талдауға мүмкіндік беретін басқосуда облыс әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева сөз сөйледі. «Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік саланы жетілдіруге ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Заман талабына, уақыт өлшеміне сай қабылданған заңнамаларға жете мән беріп, оның жүзеге асуын, талапқа сай жаңарып тұруын Президент бір сәт назардан тыс қалдырған емес. Соның дәлелі, Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР-да білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы. Өңірде 2011 жылдан бері 12 жаңа мектеп салынды, апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен жұмыс істейтін мектептер санын азайтуға іргелі жұмыстар атқарылуда» - деді ол. Алдағы уақытта Ақтау қаласында ашылатын «Назарбаев зияткерлік мектебіне» білім алушыларды қабылдау конкурсының өту барысына назар аударып, бірнеше ұстазға «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының сертификатын табыстады. Білім беру ұйымдарындағы санитарлық-ағарту жұмыстары жөнінде облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директоры М.Қадыр баяндама жасады. «Облыс бойынша апатты жағдайда тұрған 2 мектеп Қарақия ауданында орналасқан. Білім ошақтарының мәселесін шешу мақсатында республикалық бюджет есебінен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2015-2016 оқу жылында іске қосылады деп жоспарланған. Өңірде үш ауысыммен оқытатын үш мектеп, атап айтсақ, Бейнеу ауданында Атамекен орта мектебі, Мұнайлы ауданында №7 орта мектеп, Түпқараған ауданында Өмірбаев атындағы орта мектеп бар. Бұл бағытта, яғни үш ауысымдық оқытуды қысқарту мен жою мақсатында нақты жұмыстар жолға қойылған», - деді ол. Бұдан өзге облыстық дін істері басқармасының басшысы Е.Есбергенов білім беру ұйымдарындағы діни экстремизмнің алдын алу жөнінде істелген іс шараларға тоқталды. Өңірлік білім басқармасы бастығының орынбасары З.Тастемірова білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар ретін және ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысын баяндап, жылдық көрсеткіштермен жүйелеп, өзекті мәселелер бойынша өз ойын ортаға салды. Кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының дуальдық оқыту жүйесі бойынша әлеуметтік серіктестіктерімен байланысы турасында кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары директорлары кеңесінің төрағасы Б.Әліпбаева сөз сөйледі. Жиын соңында Б.Нұрғазиева білім сапасын арттырудың басты бағыттары бойынша талдау жасап, сала басшыларына нақтылы тапсырмалар берді.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ