Жуырда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелер арасында «Бақытты балалық шақ» атты өңірлік тәжірибе алмасу семинары болып өтті. Оған өлкеміздің облыстық балалар үйі, отбасылық үлгідегі балалар ауылы және «Девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернаты» мен бейімдеу орталығының тәрбиешілері қатысты.
Салиқалы ой, салмақты пікір алаңына айналған семинар барысында Шығыс Қазақстаннан арнайы келген «Үміт» балалар үйінің директоры, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім ұйымдары басшыларының республикалық кеңесінің төрайымы Мария Баймұқанқызы «Өмірлік бағытқа апаратын адамгершілік құндылық негізінде өзін-өзі тануға, өзін-өзі тәрбиелеуге, өзіндік дамуына және өмірде өз жолын таба білуге қажеттіліктерін дамыту жағдайлары» туралы баяндама жасады. Онымен қоса «Үміт» балалар үйінің тыныс-тіршілігімен таныстырып, қызықты бейнетаспа, слайдтарды көрсетті. Ал облыстық жетім балалар үйінің директоры Нәсіп Абилова баяндамасын «Балалар мекемесінде жағымды эмоцияларды психологиялық және рухани сипатта қалыптастыру» жайына арнады. Жиын соңында қатысушылар «Облыстық балалар үйінің» өнерлі де талапты балаларының дайындаған шағын концертін тамашалады. Өнеріне сүйсінген көпшілік жылы лебіздерін білдіріп, тілектерін жаудырды.
Х.ОРЫНБАЙҚЫЗЫ