Сәрсенбі күні БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізген «Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Алима Тоқтарова жыл бойы жасалған жұмыстардан хабардар етті.
– Біздің бөлімде пәтерді қайта жаңғырту, жарнаманы орналастыруға рұқсат беру, эскиздік жобаны қарау және сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру, техникалық шартқа жолдама беру, жер жұмыстарын жүргізуге ордер беру, инженерлік желілерге және автокөлік жолдарына жер учаскелерін бөлу, құрылыс жүргізіп жатқан жатқан және салынған нысандарға мониторинг жүргізу, жер комиссиясының шешімдерін орындау, нөмір беру және басқа да ҚР заңнамаларында көрсетілген рұқсаттама құжаттар рәсімделеді. Қаламыздың сәулеттік келбетін сақтау мақсатында мамандар нысандардың жағдайын тексереді. Заңсыз құрылыстар анықталған жағдайда қолданыстағы заңнамаларға сәйкес шара қолдану үшін сотқа арыз жолдаймыз, – деді Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Алима Жәрдемқызы.
Оның хабарлауынша, ағымдағы жылы бөлімге жеке тұлғалардан 5474, заңды тұлғалардан 1063 арыз түскен. Қайта құру нысаны бойынша 1700 акті тіркелген. Актілерде тіркеу кезінде Ақтау қаласының жаңа шағынаудандарында салқындатқышты талапқа сай орындалмаған фактілер анықталған. Алима Жәрдемқызы салқындатқышты орнату кезінде құбырын пәтердің ішкі жағымен жүргізіп, сыртқы келбетінде блогын орналастыру қажеттілігін қаперге салды.
– Ағымдағы жылғы жоспар бойынша тапсырылатын ғимараттардың көлемі – 190000 текше метр. Оның ішінде нақты орындалғаны – 156 690,4 шаршы шақырым. Қазіргі таңда «Градо» жобалық фирмасы» «Теплый пляж» ЖШС аумағындағы рекреациялық аймағы және Ақтау қаласының солтүстік батыс аумағы бөлігіндегі жағалау рекреациялық аймағы егжей- тегжей жобаларын жасақтап, жергілікті коммуналдық мекемелермен келіссөз жүргізуде. Ақтау қаласының 4 шағынауданнан бастап 14 шағынауданының теңіз жағалауы, 17, 18, 18 А, 19 А, 20, 20 А, 31, 31 А, 31 Б, 32 А, 32 Б, 33, 34 А шағынаудандары бойынша егжей-тегжей жобалары жасақталып, бекітілді. Сонымен қатар «Шығыс-1,2,3», 30 шағынаудандардың құрылыс жобалары бекітілді. Жаңа шағынаудандарда гольф клубы, балаларға және жергілікті халыққа арналған демалыс аймағы салынады. Қазіргі таңда сәулет және қала құрылысымен бір үлгідегі мобильдік павильондар және аялдамалар жасақталып, қала құрылысы кеңесінде қаралып,бекітілді,– деді Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Алима Тоқтарова.
Алима Жәрдемқызының айтуынша, қазіргі таңда қалада ғимараттарды бір үлгіге келтіру бойынша жұмыстар жасалуда. Бұл бағытта қаланың кәсіпкерлеріне аялдамаларды бекітілген эскиздік жобаға сәйкес қайта жаңғырту жүргізу мақсатында түсінік жұмыстары жүргізілуде. Баспасөз мәслихаты барысында баяндамашы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суретті түсірген Нұржан ЕСЕТОВ