Аудан орталығының 50 жылдығын мерекелеген жұртшылық Шетпенің шетіндегі жаңадан салынған ат жарысы алаңына жиналды. Түс ауа мұнда облыстық тай, құнан бәйге және аламан жарысы өтіп, тұлпарлар дала төсін дүбірлетті.
Жарыстың салтанатты ашылуында облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов дала төсіндегі мінбеден құттықтау сөз сөйлеп, шабандоздарға сәттілік тіледі. Тай жарыста Маңғыстау ауданының тұрғыны Әлеке Бөлтековтің «Ақсұңқары» қамшы салдырмай, мәре сызығын бірінші болып кесті. Жаңаөзеннен келген Рахим Махамбетовтің «Ханшайым» жүйрігі 2-ші келсе, 3-орын Бағдат Айсабаевтың «Нұрдана» тұлпарына бұйырды. Жанкүйерлердің жан-жақтан қиқу салуымен қызықталған құнан бәйгеде 20-ға жуық жүйрік 7 шақырымға шапты. Сәйгүліктердің ішінен ақшұқырлық Нұреддин Шаңытбаевтың «Ақмаңдайы» жүйріктігін танытып, бірінші келді. Кызылтөбелік Маңғыстау Мұқановтың «Жұлдызторы» сәйгүлігі мәре сызығын 2-ші болып кессе, 3- орынды ақшұқырлық Нұреддин Шаңытбаевтың «Қызылжебе» тұлпары еншіледі. 28 шақырымдық аламан бәйгеде жарыс жолында 25 тұлпар көсіле шапты. Шашасына шаң жұқпайтын тұлпарлар бәсекесінде жаңаөзендік Қалдаманов Сенбайдың «Марғұланторысы» алдына тұлпар салмай бірінші келіп, қанжығасын майлады. Аламан бәйгеде топ жарған сәйгүліктің иесі «Лада гранта» автокөлігіне ие болды. Шетпелік Жанболат Оңайбаевтің «Күреңалаяқ» сәйгүлігі 2-ші орынды иеленсе, Қияқтының тұрғыны Әлеке Бөлтековтің «Аманторы» арғымағы 3-ші болып мәре сызығын кесті. Бейнеулік Әбдіғали Таңатаровтың «Қарақұс» тұлпары 4-орынға табан тіреді.
Маңғыстау ауданының кәсіпкерлері, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен өндірістік мекемелердің демеушілік көмек көрсетуімен өткен ат жарысында барлық жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен тұрмыстық техника табысталды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН