Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оралда А. Шайхиевті еске алуға арналған 23 жасқа дейінгілер арасында самбо және әскери самбодан халықаралық турнир мәресіне жетті. Байрақты бәсекеден маңғыстаулық балуан, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің шәкірті Қазбек Айболатов күміс медальді еншіледі.
Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, КСРО чемпионы, əлем чемпионы және əлем кубогының иегері Асқар Шайхиевті еске алуға арналған турнирге Армения, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан мемлекеттерімен қатар еліміздің Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарынан 300-ден астам балуан қатысты. Жарыста 62 келі салмақта боз кілемге шыққан жерлесіміз Қазбек Айболатов екі қарсыласының жауырынын жер иіскетіп, шешуші сәтте оралдық қарсыласына есесін жіберді. Осылайша ол күміс медальдің иесі атанды.
— Жарысқа Маңғыстау облысынан 4 балуан бардық. Бұл жолы маған бұйырғаны күміс медаль болды. Бұған дейін Атырауда ересектер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында қоланы иеленген болатынмын. Жалпы жарысқа дайындаған бапкерлерім Сергей Волобуев пен Асхат Хапановқа алғыс айтамын, —дейді Қазбек Айболатов.
Жерлестеріне күміс медальді сыйлаған Қазбек Айболатовтың спортты жанына серік еткеніне биыл-18 жыл. 26 жасар балуан бүгінде ішкі істер саласында жемісті еңбек етіп жүр.
Венера МИРЛАН