Арамыздан ерте кеткен талантты ғалым Серікбол Қондыбай ұлттық руханиятымыздағы аса сирек құбылыс,
Ол этнография мен археология, география мен ономастика, агиография мен теология, эпос пен тарих,
мифология мен философия деректерін салғастыра зерттеп, түріктану мен қазақ тануға мейлінше үлес қосты.
Отандық ғылым үшін жемісті болар жаңа бағыт бастап берді. Ол қалдырған мұраның деректік, пайымдамалық құндылықтары
мен мәнділіктерін зерделеу – осы заманғы ұлттанудың қалыптасуы мен кемелденуіне оң ықпал етері сөзсіз...
Әбіш Кекілбаев
Осыдан 1 жыл бұрын Маңғыстау ауданында өлкетанушы, географ, этнограф-ғалым Серікбол Қондыбай атындағы мемориалдық музей ашылған болатын. Шетпенің орталығынан бой түзеген еңселі екі қабатты ғимараттың іші қазақ мифологиясы ілімінің негізін қалаушы ғалымның мол мұрасына бай. «Серікбол Қондыбай феномені», «Арғы қазақ мифологиясы» және мәжіліс залдары бар музей «Ғаламның мифтік моделі» экспозициялық залымен толықты.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына және музейдің 1 жылдығына орай ұйымдастырылған мәдени шарада облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бекбол Базарбаев, оның орынбасары Пәния Сармурзина, сәулетші, драматург Сайын Назарбекұлы, өлкетанушы Отыншы Көшбайұлы, суретшілер, музей қызметкерлері, ғалымның тумаластары «Серікбол Қондыбай феномені», «Арғы қазақ мифологиясы» залдарын аралап, Серікбол әлеміне саяхаттады. Музей қорында 650-ден астам ғалымның пайдаланған кітаптары, қолтаңбасы қалған 72 дәптері, баспасөз беттерінде жарық көрген 150-ден аса мақалалары, жарық көрген кітаптары және жұмыс бөлмесінде пайдаланған бұйымдары қойылған.
Көпшілікті рухани ордадағы жаңа залдың ашылуымен өлкетанушы Сайын Назарбек құттықтады:
–Қымбатты ағайындар! Серікболдың атағы Маңғыстауға сыймай, республикаға, Азияға тараса қуанамыз. «Қазақта кімің бар?» дегенде, Абайымыз, Әбішіміз, Әуезовіміз бар десек, енді оның қатарына Серікболды да қосамыз. Мұражай адам баласына керек пе? Не үшін керек? деп ойлап қарасақ, мұражай дүние жүзінде ғылым мен білімге ден қойған ұрпақтар мыңжылдық, миллионжылдық бұрынғы тарихты тануы, өткен мен бүгінді ұштастыруы, адамның болмысын ескі тарихпен нәрлендіру мақсатында жұмыс істейді. Серікбол шығармашылығына арналған мұражайды Қазақстанға, бүкіл дүние жүзіне мақтанышпен көрсете аламыз. Серікболды көзіміз көрді. Өмірін бақытсыз болып өткізіп, бақытты болып өмірден өтті. Себебі, еткен еңбегінің халқының пайдасына тиетініне көзі жетті, өз еңбегінің жарыққа шыққанын көрді. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан»,- деп Абай айтқандай, Серікбол кетікке емес, қазақ халқының қорғанының қабырғасын қалап кетті. Жыртыққа жамау, кетікке кірпіш болған жоқ. Қысқа ғұмырында халықтың мифтік образының негізін қалады. Бір ғылым академиясының мыңдаған кісілерінің жүздеген жыл ішінде іздеп таба алмайтын дүниесін, жұмысын аз жыл ішінде атқарды. Серікбол өмірден өткенімен, атақ-даңқы бәрімізге мәңгілікке ортақ, – деді сәулеткер.
Тұғыры биік Тәуелсіздік күнімен құттықтаған Бекбол Таңатарұлы мұражай ашылған 1 жыл ішінде еселі еңбек еткен ұжымның қызметіне табыс тілеп, «Баба сарын бабауы» Маңғыстау өнер шеберлерінің антологиясын сыйға тартты. Жаңа залдың лентасы қиылған сәттен кейін жиылған жұртшылық «Ғаламның мифтік моделі» залында шебер бейнеленген төменгі, ортаңғы және жоғары дүниені тамашалады.
Біз осы мұражайда 2 жыл бойы көркемдік безендіру жұмыстарын жүргіздік. Жұмысқа кіріспес бұрын Серікболдың шығармашылығын оқып, жан-жақты зерделедік. Басында түсінбегендіктен қайта- қайта оқып шығуға тура келді. Маңғыстаудың әр тасы, әр сайы аңыз екеніне көзіміз жетті. Экспозициялық залды көркем безендіруде ғалымның «Қазақ мифологиясына кіріспе» көп томдығының 9,10,11, 12- томдарына, «Маңғыстау географиясы» кітаптарына сүйендік. Серікбол шығармашылығындағы мифтік желі бойынша төменгі, ортаңғы және жоғары дүниенің кейіпкерлерін көркем бейнелеуге, көрерменге шынайы жеткізуге тырыстық, – деді суретші Ғалым Отарбаев.
«С.Қондыбай музейінің алғашқы қадамдары» тақырыбында өткен мәдени шара аясында облыстың қала, аудандарынан келген мұражай қызметкерлері тәжірибе алмасып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Облыстық тарихи- өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Ғалия Шаңтемірова «Музей жұмысын ұйымдастыруда жаңа жобаларды қолдану», аталмыш музейдің қор бөлімінің меңгерушісі Жадыра Кетеева «Музей қоры жұмысын жүргізудің тиімді жолдары» тақырыбында баяндама жасады. Серікбол Қондыбай атындағы мемориалдық музейдің директоры Рима Бердиева көпшілікті рухани орда ашылғалы бері жасалған жұмыстардан хабардар етіп, мәдени шараны қорытындылады.
–«Ғаламның мифтік моделі» залына кірген кезде ертегілер әлеміне енгендей болдым. Алдымен жер асты патшалығына енгенде қараңғы дүние алдыңнан шығады. Жер астынан ортаңғы дүниеге өткен кезде жарық дүниеге келгеніңді сезесің. Алып бәйтерек, оны қорғап жатқан жылан және басқа да алқызыл әлемнің кейіпкерлерімен кездесесің. Ғалымның мифтік- танымдық бағытындағы тақырыбын мазмұнды көріністермен айшықтай түскен жаңа залдан ерекше әсер алдым. Барша Маңғыстау халқын Серікбол әлеміне саяхаттауға, мұражайды аралауға, рухани азық алуға шақырамын, – деді «Дарын» қосымша білім орталығының директоры Ескендір Құмбаев.
Фарида Мұңалқызы
Суреттерді түсірген Айгүл РАХМЕТОВА