Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешсе де артына өлмес мұра қалдырған, қазақ халқының тарихын зерттеуде қыруар іс тындырған Серікбол Қондыбайдың еңбегі зор құрметке ие. Өзіне дейінгі ғалымдардың қалам тербемеген, тісі бата қоймаған қазақ мифологиясының табиғатын ашуда, әр саласына тайсалмай қалам тарта білген, мифология сөздігінің ең алғашқы нұсқасын шығарған оның еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. 9 жыл мүгедектер арбасына таңылып, ғылыми ортадан шалғай ауылда тұрса да, теңдессіз туындыларды дүниеге әкелуде Серікболдың маңдай тері аз емес.
Болмысынан қасиетті өлке, киелі Маңғыстаудан Серікболдай текті ұлдардың түлеуі заңдылық. Жастайынан халықтың байырғы тарихына, әдет ғұрпына зерттеуге қызыққан ол өсе келе де бұл қызығушылығынан айнымаған. Ақын Светқали Нұржан айтпақшы «тоғыз жылда тоғыз миллион адам бітірмеген істі бітірді» деп оның артында қалған рухани азығы өскелең ұрпақтың жадынан еш өшпек емес. Оған тағы бір дәлел ретінде ауданымыздағы С.Қондыбай атындағы мемориялдық мұражайда «ғаламның мифтік моделі» экспозициялық залдың ашылу салтанаты болды. Мәдени шараға сәулетші, ақын, драматург С.Назарбеков, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Б.Базарбаев, өлкетанушы О.Көшбаев бастаған бір топ мәдениет жанашырлары қатысты.
Ғалым атындағы мұражайға кірсең бейне бір өзгеше әлемге енгендей күй кешесің. Байырғы қазақ халқының тұрмыс – тіршілігін, адамзаттың пайда болғанынан бастап жете зерттеген оның еңбектерін көргенде қатысушылар «барлығын бір басына қалай сыйдыра білген» деп таңданып жатты. Ал мифтік үлгіде жасалған бөлменің іші тіптен ерек. Серікболдың өмір жолы, еңбегі бейтаныс кейбір адамдарға осы мұражай бәрін самсап айтып тұрғандай. Экспозициялық бөлменің лентасы қиылып, таңданысымызды жасыра алмай тұрған сәтте залдың безендірілуінде еңбек еткен суретші, дизайнер Ғ.Отарбаев пен Д.Қалиев «бұл залдың жасалынуы үлкен шыдамдылықты, қажыр-қайратты талап етті, 2 жылдай уақыт жұмсадық. Осыған дейін көптеген дүниелерді шығарып жүрсек те, тап Серікбодың қалам тербеген мифология саласын қалтқысыз, қоспасыз елге жеткізе білуді көздеген біздер біраз қиналдық. Оның еңбектерін бірнеше қайтара оқуға тура келді десек те болады. Әр оқыған сайын мифтік ілімге жаңаша көзқарас пайда болды. Оның әр сөзінің, әр сөйлемінің астарында үлкен мән жатыр. Мұндай мұражай Қазақстанда алғаш рет ашылып отыр» деп, қызығушылығымызды одан әрмен күшейте түсті. Иә, еңбеккерлер екі жыл уақыт жұмаса да елге мұра болып қалатын дүниені жасапты, ғалымның аманаты ақталыпты.
Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген С.Назарбеков «Маңғыстаудың аты аталған жерде 362 әулиесі қоса аталады. Оның себебі киелі жердің топырағынан әсте текті ұлдардың дүниеге келетінінің дәлелі шығар. Маңғыстаудың 363 әулиесі Ә.Кекілбаев дейміз ғой, ал мен 364 әулиесі осы С.Қондыбай дер едім. Аз ғана ғұмырында арбаға таңылып сан ғасырға азық болар дүние қалдырған оның ісі әулиелік емей немене?! Оның еңбегін ұрпаққа үлгі ету әр азаматтың міндеті, парызы» деп осындай игі істің басы қасында жүрген азаматтарға алғысын айтты. Иә, ұлы тұлға Әбіш ағамыздың өзі «Арамыздан ерте кеткен талантты ғалым Серікбол Қондыбай – ұлттық руханиятымыздағы аса сирек құбылыс. Ол этнография мен археология, география мен ономастика, агиография мен теология, эпос пен тарих, мифология мен философия деректерін салыстыра зерттеп, түріктану мен қазақтануға мейлінше үлес қосты. Отандық ғылым үшін жемісті болар жаңа бағыт бастап берді. Ол қалдырған мұраның деректік, пайымдамалық құндылықтары мен мәнділіктерін зерделеу - осы заманғы ұлттанудың қалыптасуы мен кемелденуіне оң ықпал етері сөзсіз. Бұл саңлақ таланттының саяқ зерттеушілік ізденістеріне, ерек елжандылығы мен еңбексүйгіштігіне таң қалмасқа шара жоқ!.. Арманда кеткен азаматтың жер бетіндегі ізі суымай жатып, ол қалдырған еңбектердің сиясы кеппей тұрып ғылыми сарапқа түсуі – аса сүйінішті жағдай” деп баға берген болатын.
Шара облысымыздың түпкір-түпкірінен келген мұражай қызметкерлерінің дөңгелек үстелде бас қосуымен жалғасын тапты. Онда "Музей жұмысын ұйымдастырудағы жаңа жобаларды қолдану" туралы өз баяндамасында облыстық тариxи-өлкетану музейінің ғылыми xатшысы Ғалия Шантемірова айтса, "Музей қоры жұмысының тиімді жолдарымен» облыстық тариxи өлкетану музейінің қор бөлімі меңгерушісі Жадыра Кетеева таныстырды. С.Қондыбай атындағы мемориялдық мұражай директоры Рима Бердиева "С.Қондыбай музейінің алғашқы қадамдары" тақырыбында презентация көрсетіп, шараны қорытындылады. Өлкетанушы О.Көшбаев және облыстық тариxи өлкетану музейінің директоры Т.Жұмалиева біткен істің көпке үлгі боларлықтай жұмыстарына ризашылығын білдірді, философия ғылымының кандидаты, мәдениеттанушы З.Наурызбаеваның, филология ғылымының кандидаты, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің доценті Б.Ақбердиеваның, өлкетанушы, таңбатанушы М.Ақмырзаевдың еңбектерін ерекше атап өтті.
Айгүл РАХМЕТОВА
Суреттерді түсірген автор