Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Маңғыстау облысы прокурорының волейболдан кубогы сарапқа салынды. Спорттық додаға Бейнеу, Маңғыстау ауданы, облыстық Әділет департаменті, облыстық прокуратура, «Алтынқұрық» ЖШС, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ командасынан құралған 6 команда қатысып, бақтарын сынады.
Командалық ұйымшылдықты, ширақ қимылмен шеберлiктi талап ететін жарыста барлық командалар жеңіс тұғырынан көріну үшін әдемі ойын үлгісін көрсетті. Екі күнге жалғасқан жарыстың қорытындысында бірінші орынды «Алтынқұрық» ЖШС-ның командасы қанжығалап, Кубоктың иесі атанды.
— Салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортпен шұғылдану-деніміздің сау болуының негізгі кепілі. Сондықтан да біздің ұжым облыс көлемінде ұйымдастырылатын барлық спорттық жарыстарға белсенді қатысады. Бұл жарысқа біз екінші жыл қатарынан қатысып отырмыз. Биыл жеңімпаз атанып, Кубокті иеленгенімізге өте қуаныштымыз. Барлық тұрғындарды тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Елімізде әрдайым тыныштық орнап, ауызбіршілікте еңбек етейік,-дейді «Алтынқұрық» ЖШС-ның команда мүшесі Құралбай Көшекбаев.
Екінші және үшінші орындарды «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен облыстық прокуратура ұжымы өзара бөлісті.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ