Ақтау халықаралық теңіз сауда портына Ресей Федерациясының Каспий флотилиясы Әскери-теңіз флотының кемелері достық сапармен келді.
Ресей қонақтарын ҚР ҚК әскери-теңіз күштерінің өкілдері, РФ Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі құрметпен қарсы алып, ұлттық тағамдардан дәм таттырды. Каспий флотилиясы кемелерінің Ақтауға сапарының мақсаты – танысып, тәжірибе алмасу. Сондай-ақ достық сапар аясында ресейлік теңізшілер ақмаржан қаланы аралап, облыстық «Достық» үйіндегі мұражайды көріп, «Мәңгілік алау» алдында гүл шоқтарын қояды, спорт сайыстарын ұйымдастырып, күштерін сынайды.
— Каспий флотилиясы кемелер тобының Ақтауға келуі – екі елдің әскери сала бойынша өзара әрекетінің көрінісі. Әскери ынтымақтастық әскер, қорғаныс министрлігі және әскери-теңіз флотының бөлімдері бойынша жемісті де табысты орындалуда. Елші ретінде, мен бұл сапарға ерекше қуаныштымын. Сапар біздің сындарлы серіктестігімізге, берік байланысымызға зор серпін әкелетініне сенемін, — деді Ресей Федерациясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников.
Портта Ресейдің үш кемесі аялдады: «Татарстан» зымыран кемесі, «Град Свияжск» кіші зымыран кемесі және «МБ-58» теңіз буксирі. Бұл кемелерде барлығы 250 адам қызмет етеді.
— Әрбір кеменің тарихы және ерекшелігі бар. «Татарстан» зымыран кемесі – өз дәрежесіндегі бірінші кеме. Басқа флоттарда мұндай кеме мүлдем жоқ. Ол кемелерге қарсы және түрлі артиллериялық кешенмен жабдықталған. Ал «Град Свияжск» кемесі ракеталық кешенмен жасақталған. Бұл жаңа кеме Каспий флотилиясына арнап құрылған. Теңіз буксирі болса, кемелерді қамтамыз етеді. Бұл кеме арқылы қорымызды толықтырып, экипажды жаттықтырамыз, — деді су үсті кемелері бригадасының командирі, бірінші дәрежелі капитан Сергей Бабсков.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН