2009 жылдан бері даңқты жерлесіміздің құрметіне үздіксіз өткізіліп келе жатқан «Әминиада-2016» жарысы тұңғыш рет Қарақия ауданында өткізілді. 8 қазан күні Құрық ауылындағы орталық алаңда салтанатты жағдайда ашылған жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионатқа Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау аудандарынан келген спортшылар қатысты.
Ашылу салтанатына даңқты желаяқ Әмин Тұяқов пен жұбайы Алма Досымбетова, аудан әкімі Ә. Дауылбаев облыстық мәслихат депутаты, «Алтын Құрық» ЖШС-нің басшысы, бірқатар игілікті істерге демеушілік көрсетіп жүрген Қуанышбек Әбдірахман, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов, Жаңаөзен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бақытжан Ізжанов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Бишенов, ауылымыздың құрметті азаматы, ардагер барлаушы Т. Көшенов және аудан әкімінің орынбасары, бөлім-мекеме басшылары, ауыл әкімі, спорт сүйер қауым қатысты.
Жүргізушінің кіріспе сөзінен кейін біріншілікке қатысушы командалар сап түзеп, ортаға шақырылды. Стадионға жиналған көрермендердің қолпаштауынан қуат алған командалар ортаға жиналып, чемпионатты өткізуге жауапты тұлға, бас төреші Д. Славнов аудан әкіміне жарысқа қатысушы командалардың дайындығы туралы баянат берген соң, сайыс ашық деп жарияланды.Аудан әкімінің құттықтау сөзінен кейін еліміздің Әнұраны көкте қалықтап, мерекелік көңіл-күйдің шырайын асқақтата түсті. Сөз тізгінін алған жеңіл атлетикадан қазақ халқының даңқын әлемге мойындатқан Ә. Тұяқов кеңестік кезеңде алып империяның сапына қабылдану қиынның қиыны болғанын, сол себептерге байланысты Ә. Нұрмаханов сынды боксшылардың олимпиададалық ойындар мен әлемдік додаларда топ жара алмай кеткендігін тілге тиек ете отырып, еліміз егемендік алған соң жер-жерлерде әлемдік талаптарға сай стадиондар бой көтеріп, қазақтың жастары өздерін әлемге таныта бастағандығын айтып, жеңістердің жалғаса беруіне тілектестік білдірді. Сайыс сахнасында құдіретті де кең тынысты «Адай» күйі қалықтап, аудан өнерпазы «Атамекен» әнін орындағаннан кейін, ойындарға кезек берілді.
Жалғас АЙТҚҰЛОВ