Қаламыздағы гуманитарлық бағытта тереңдетіп оқытатын Жаңаөзен мектеп-гимназиясы үшін биыл жетістіктерге толы жыл болды. Саналы тәрбие, сапалы білім беруді оң жолға қоя білген білім мекемесі өте мықты ұжым, өңкей үздік шәкірттерінің арқасында облыс, қала көлемінде бір емес бірнеше марапатқа ие болды.
Облыстық гимназия мектептерінің үздігі, қалалық «Үздік гимназия - 2016» байқауының жеңімпазы атанған білім ордасы марапат шыңы - облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым- 2016» байқауында үздік танылып, 18 287 200 теңге көлемінде қаржылай сыйлықтың иегері атанды.
- «Білім – инемен құдық қазғандай» демекші, білім ордасының қалыптасып, ең үздік мектеп атануы үшін талай жұмыстар жасалды. Осыдан үш жыл бұрын мектеп-гимназия облыстық мектептер арасындағы бәсекеде үшінші орынға тұрақтаған. Биыл ұжымдық еңбектің арқасында бірінші орыннан көрініп отыр, - дейді, мектеп-гимназия директоры Зина Ноғаева.
1980 жылы бой көтерген мектепте қазіргі таңда 700-ден аса бала білім алуда. Мектеп-гимназияның екі қабатты оқу ғимараты, пән кабинеттері, жабдықталған акт залы, толық жөндеуден өткен спорт залы бар. Даладағы спорт алаңы – жүгіру орындары, футбол, баскетбол алаңдарына асфальт төселген. Мектеп шеберханасы да жөндеуден өткізіліп, ағаш кесетін, темір жонатын станоктармен толыққан. Өткен оқу жылында мектептің медициналық кабинетіне портал арқылы қажетті құрал-жабдықтар бөлінген. Сондай-ақ, 2014 жылы жаңа модификацияланған математика және физика кабинеттері жасақталып, интерактивті тақта алынған.
- Облыс көлеміндегі үздік мектептердің қатарына кірген мектеп-гимназия атына заты сай болуы үшін материалдық- техникалық базаны толықтыруды, жаңартуды талап етеді. Сол себепті, мектеп шотына өткен қомақты сыйлықты осы бағытта жұмсауды жөн санап отырмыз. Мектепке лингафон кабинеті қажет. Интерактивті тақта, қызметкерлерді толықтай персоналды компьютерлермен қамтамасыз ету, парта, орындықтар, тақталарды жаңалау секілді жұмыстар бар.
Жаңаөзен мектеп-гимназиясы қаламыздың жаңа типті мектептерінің бірі. «Жас ұрпақты тәрбиелеуде білім мазмұнынын жаңарту арқылы Қазақстанның болашағы зерделі тұлғаны қалыптастыру» мақсатында жұмыстана отырып, дарынды балалардың танымдық, шығармашылық іс-әрекетімен қабілеттерін дамытуға жұмыстанып келеді. Мектепте 56 ұстаздың 20-сы жоғары санатты, 10-ы 1-ші санатты. Гимназия оқушылары әрдайым қала, облыс, республика көлемінде жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінуде . Сондай-ақ, тек білім сайыстарында ғана емес, спорттық жарыстарда да алдыңғы қатарда.
Биыл бұл мектептің оқушылары ерледі. ҰБТ қорытындысы бойынша 6 алтын белгі, 2 үздік аттестатпен мектеп-гиманзия облыста бірінші орында көрінді. «2015-2016 оқу жылында 31 бала ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 24 оқушы 100-ден аса баллға ие болды , – дейді мектеп-гимназия директоры Зина Ноғаева. – ҰБТ-дан орта есеппен 106 ұпай жинадық. Жоғары көрсеткіштің нәтижесі ең алдымен, осы ұжымдағы ұстаздардың жемісті еңбегі. Біздің ізденімпаз ұстаздар ұжымы шәкірттерге сапалы білім беріп, шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін барын салды».
Абай атамыз «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерімен озады» демекші ХХІ ғасыр білімдінің, ақыл мен ғылымның заманы. Ендеше бұл мектептен түлеп ұшқан жастардың болашағы жарқын екені айдан анық.
Жазира БАҚСЫЙЫҚҚЫЗЫ