©
Біреу білер, біреу білмес, бірақ осы біздің қаламыздың хатқа түспеген ежелгі тарихы кемі 800 жыл бұрын басталыпты. Археолог Андрей Астафьев дәлелдеп шығарғандай, осыншама уақыт бұрын бұл жерде Азия мен Еуропаны байланыстырып жатқан ірі порт болған. Ал, хатқа түскен дерек бойынша, қаламыздың пайда болуына Петр І патша шығарған жарлық себеп болғанға ұқсайды. Ол ғажайып ертегілер мен байлықтар елі – Үндістанды жаулап алу үшін алдымен оған барар жолда ірі бекіністер керек болатынын түсінген. Алдымен «жабайылар» елі – Маңғыстауды қол астына қарату үшін тегі черкес Александр Бекович басқарған экспедиция шығарады. Ол Маңғыстаудағы алғашқы орыс бекінісі – Новопетровск бекінісін салдырады. Ол бекіністің нақты орны әлі күнге дейін анық емес, дегенмен, қазіргі орыс ғалымдарының зерттеуіне сәйкес, ол Сартас жерінде болған деуге болады. Ол – 1716 жылы болған оқиға, демек, Маңғыстаудың топырағына орыс басқыншыларының табаны тигеніне 300 жыл болып отыр...
Ал 1832 жылы Г.С.Карелиннің экспедициясы Маңғыстаудағы жаңа орыс бекінісінің негізін қалады. Алдайда ол ең бір қолайсыз аймақта, Өлі Қолтық сорының жағасында болып еді.
Қазіргі қаланың орнындағы бекініс 1846 жылы пайда болды. Ол Орта Азияны жаулап алу үшін ең маңызды тірек пункттерінің бірі болды. Осы жыл қаланың жазба тарихында «Қаланың құрылған жылы» ретінде орнығып қалды.
Сол жылдары Маңғыстауға алғашқы орыс отбасылары келіп қоныстана бастады. Белуниндер, Дубскийлер, Казачковтар, басқа да бірқатар әулеттер осы күнге дейін бұл қаланы «Өз отаным» деп санайды, олар Маңғыстауды «игеруші» алғашқы орыстардың қатарынан еді.
1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Маңғыстау өз тарихының жаңа кезеңіне өтті. Алайда, бұл тарих та Маңғыстау үшін сәтті басталмады. Ақ пен қызыл кезек-кезегімен ойран салып, ол атақты «Адай көтерілісіне» ұласты. Сол бір аласапыран кезеңде біздің қаладан Жалау Мыңбаев, Тобанияз Әлниязұлы, Зұлқаш Баймырзаұлы, Төлесін Әлиев сынды бүкіл Алаш тарихындағы орны ерекше атақты тұлғалар шықты. Әбіш Кекілбайұлы, Әмин Тұяқов, Естөре Оразақов, Салық Зиманов сынды ғұламалардың да алғашқы үлкен қадамдары да осы қаладан басталған.
Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға мыңдаған тонна балық өнімдерін, жүздеген тонна ет пен сүт өнімдерін, жылы киімдер мен басқа да шаруашылық бұйымдарын жіберген қала бұл. Жүздеп жігіттерін аттандырып, ондап жылап қарсы алып, көкірегі қарс айрылған аналар мен жесірлердің көз жасымен топырағы сорға айналған қала бұл...
Бұл қала – шектерін шертіп қалсаң күмбірлеп күй төгілетін домбыра қала! Бұл қала – қыбын тауып сөйлете қалсаң сарқылмас сыр ақтарар қазына қала!
Бір жарым ғасыр бойы қазақтың ақжал толқын астанасы болып, енді «мамандық ауыстырып», мұнайшы болған Ақкетік өткен жұма-сенбі күндері өзінің негізі қаланып, қала атанғанының 170 жылдығын атап өтті. Ол еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына тура келіпті!
Тәуелсіздік жылдарында Каспийдің қазақстандық бөлігін игерудің негізгі плацдармы болған Ақкетіктің жаңа тарихын бастаушылардың қатарында Машани Абылхан марқұм, Әлімғали Қапуов, Қалпен Есетов, Түменбай Қалжанов, Серікбай Тұрымов сынды елге танымал тұлғалар тұрса, олар өздерінің алдында осы қаланың тізгінін ұстаған Киікбай Рзаханов, Бақыт Бозжігітов ағалардың жасампаз істерін жалғастырды. Қазіргі аудан басшысы – осы жердің төл перзенті, салмақтылығымен, Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық басатын» ұстамдылығымен, бірақ істің байыбына барып, дұрыс шешім алатын парасаттылығымен елге жаққан Темірбек Тыйылұлы Асауов.
Биылғы көктемде қала әкімі болып Мұратбек Дощанов аудан әкімінің ұсынысымен, қала халқының қалауымен сайланған болатын. Содан бері қала көшелері тазаланды, жолдар асфальтталды, жөнделді, жүздеген көшет ағаш отырғызылды, қалалық саяжай абаттандырылды, қысқасы – қаламыз жасанып шыға келді!
Ал, мереке қалай өтті?
Ол тәрбие көрген ұланның ата-баба ұстанған жолымен өтті!
Алдымен аға ұрпақтың көрнекті өкілі, майдангер, елдің құрметіне бөленген басшы болған, ісі елге үлгі болар ұрпақ тәрбиелеген Махмұд Батырышев атындағы көше ашылды. Оны аудан басшысы Темірбек Асауов ашып, «тарихы да, тамыры да тереңдеп кеткен, Алаштың маңдайына біткен талай ғұламаның алтын ұясы атанған қаламыздан әлі талай мықтылардың шығары сөзсіз. Осы жолмен жүрген ұрпақ былай бұрылса спорт мектебіне, былай бұрылса ауданымыздағы ең бір озық білім ошағы – қала мектеп-лицейіне барады. Өлкемізге еңбегі сіңген ағаның өнегесі балаларымызға жұғысты болғай» деп тілегін айтты.
Той эстафетасын аудандық мәдениет үйінде өткен Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен қаланың 170 жылдығына арналған ақындар мүшәйрасы, күйшілер және суретшілер байқауы қабылдады. Ақындар арасында бас жүлдені Жұмагүл Мұрсалова алса, Жандос Демесінов пен Медет Дүйсенов 1-2 орындарды иеленді.
Одан соң ғасырлар бойы теңізді тілгілеген балықшыларға құрмет көрсетіліп, «Кемелер шеруі» өткізілді. Онда Баутин айлағында балықшылар кемелерінен бастап мұнайшылардың осы күнгі қуатты теңіз зауыттарына дейінгі құралдары көрсетіліп, түнгі аспанды өткір прожекторларымен тілгілеп, судан фонтан шашып, көрсе көз тоймайтын ертегідей ғажап қойылым қойылды. Оның соңы отшашумен аяқталды.
Осының алдында қаланың жаңа ұлттық спорт алаңында ошақ бәйге болып, оның бас жүлдесі – мотоциклды 15 жасар шабандоз Атажан Сәрсенбаев иеленген еді.
Ертесіне осы бәйге жалғасты. Ол енді Құнан жарыс пен Аламанға ұласты. Еділ Сисенбаев ағаның ақ батасымен басталған Құнан жарыста жетібайлық Қ.Қойшыбаев бас бәйгені алды. Ал Аламан бәйгені облыстың басшысы Алик Айдарбаев өзі келіп, ізгі тілегімен бастап берді. 32 шақырымдық бұл аламанға облыстың түкпір-түкпірінен небір хас жүйріктер қатысқан екен. Ұлттық өнердің Маңғыстаудағы дүрмегіне соңғы онжылдықта қосылып, атақты сейістердің алдыңғы шоғына ілініп жүрген орыс баласы Виктор Кобзев те кәрі шаңырақ тойынан тыс қалмапты. Ол қосқан жүйрік 10 айналымның алтауынан басқалардан оқ бойы озық келсе де көз тигендей өкпесі өшіп, жарыстан шығып қалды. Өкінішті-ақ. Амал не, жарыстың аты – жарыс. Жарыстан шығып қалған тек ол емес, шабандозына бас бермей, айдалаға ала қашқан жүйріктер де болды.
— Талай нәубет, қиын-қыстау заманды бастан өткерсе де сағы сынбаған, өр, өжет, тентек мінезін жоғалтпаған халқым бүгін қарашаңырағымның кезекті мерекесін тойлап отыр. «Қиын кезең» десе де ата салтын жоғары ұстап, ата жолын ардақтап, Алашқа әйгілеп, аламан бәйгі салып отыр. Әмин Тұяқов ағамыз келіп отыр, Алик Айдарбаев мырза арамызда, сенатор Бақтыбай Шелпеков бауырымыз тұр міне. Бірнеше елдің консулдары келді. Қарашаңырақтың мерейтойының дабылы жарты әлемге жетті деген осы емес пе! Осының бәрін ұйымдастырып, дүйім елдің мерейін өсірген әкім Темірбек Тыйылұлы бауырыма ризамын. Астанадан сағынып жетіп, қыр самалын құмарлана жұтып, толқынның дауысын құмар әнімдей тыңдап, ағайын-бауырларымды құшағыма құшырлана қысып, керемет бір күйде жүрмін. Білмеймін, осы екі күннің әсері екі ай бойы есімді алып жүретін шығар, -деп ақтарыла сырын айтты Маңғыстаудың астанадағы киіктің ақ лағындай ерке қызы, ақын, профессор Оңайгүл Тұржан.
Арасында ақпар бере кетейік, осы тойға Астана мен Алматыдан КСРО спортына еңбегі сіңген шебер, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Әмин Тұяқов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері және халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген әртісі, өнертану профессоры Мыржықбай Кенжеғали Тұрсынбекұлы, «Алаш» ғылыми институтының директоры, Әлихантанушы-ғалым, халықаралық журналист Сұлтанхан Жүсіп, «Түпқараған ауданының Құрметті Азаматы» ғалым, пофессор Жұмат Тілепов, медицина ғылымының докторы, пофессор, «Түпқараған ауданының Құрметті Азаматы» Намаз Ізімбергенов және әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты, «Түпқараған ауданының Құрметті Азаматы», марқұм Қабиболла Сыдиықұлының жары Гүлшат Омарова, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Рысқұл Ойнаров арнайы келді.
Сонымен қатар, той төрінен орын алып, ақ тілектерін арнап Қазастан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Бақтыбай Шелпеков және Қазақстан Республикасындағы Австрия Консулы, әрі екінші хатшы Зинглинде Шпанланг және Ақтаудағы Түрік, Азербайджан, Иран, Түркіменстанның Ақтау қаласындағы Консулдары келіпті. Осы тойға арналған салтанатты жиналыста 1-дүниежүзілік соғыста тұтқын болып, біздің қаламызда жазасын өтеген, бірталайының сүйегі қалған австриялық солдаттардың қазіргі ұрпақтарының бірі Зинглинде Шпанланг отандас аталарының қолымен салынған бірнеше құрылысты барып көргенін, қайтқандарының зиратына барғанын айта келіп, оларды ұмытпай, ескерткіштерін мұқият сақтап келген қазақ халқына ризашылығын тебірене айтқанда, тыңдаған зал толы халық тербеліп кеткендей болды.
Тойдың құрметтәі қонақтарының қатарында Светқали Нұржан, Сабыр Адай, Ақшагүл Рамазанова сынды маңғыстаулық ақындар мен осы қалада еңбек жолын өндірістік кәсіпорын комбинатында бастап, 1994-98 жылдар арасында Түпқараған ауданының әкімі болып қызмет атқарған Әлімғали Қапуов, 1966 жылы Форт-Шевченко қаласындағы С.М.Киров атындағы орта мектебін бітіріп, еңбек жолын Баутин кеме жөндеу зауытында бастап, 1990-1991 жылдары баламалы негізде Форт-Шевченко қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған, «Түпқараған ауданының құрметті азаматы» Қалпен Есетов те бар екен.
— Ақтаудамын ғой, бірақ, келіп тұрамын. Қала келбеті өзгеріп, жаңарып, жасанып келеді. Іскер басшының қолтаңбасы, ұйымшыл команданың жұмысы көрініп тұр, -деді Қалпен Есетов бір сөзінде.
Аламан бәйгіде бас бәйге – «Нива Урбан» автокөлігін Ибраев Келдібай иеленді. Екінші, үшінші орындар Ратов Сәрсен мен Күншығаров Нұрбекке бұйырды.
Аламан бәйгеден кейін облыс басшысы бастаған құрметті қонақтар аудандық мәдениет үйінде болған қаланың 170 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысты. Осы жерде ардагер ұстаздар Батыр Тәңірбергенов пен Кәкима Шәді және Муса Сегізбаев, атақты өндіріс командирі Петр Казачков қаланың құрметті азаматтары атанып, сый-құрметке бөленді.
— Бұл қала тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ Елбасымыздың назарында болған еді. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игерудегі басты плацдармы ретінде таңдалып алынуы да Елбасымыздың қалауы еді. Осылайша, Ақкетік еліміздің тәуелсіздігінің нығаюына ерекше үлес қосты. Алда әлі талай жасампаз істер күтіп тұр, бұнда да Ақкетік маңызды роль атқаратын болады, деді Алик Айдарбаев осы жиналыста.
Жиналыста қала мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына еңбегі сіңген бірқатар жерлесіміз облыс пен аудан басшыларың Алғыс хаттары мен гарамоталарына ие болды.
Жиналыстан соң құрметті қонақтар орталық алаңға келді. Бұл жерде Тәуелсіздіктің 25 жылдығының құрметіне 25 ағаш үй тігіліп, ұлан-асыр той болып жатыр еді. Қазақша күрестен Социалистік Еңбек ері Ізтұрған Оразбаев атындағы облыстық турнирді тамашалаушылар қатары ересен мол болды. Тек күрес қана емес, кір тасын көтеруден, қошқар көтеруден, арқан тартысудан, басқа да бірқатар сайыс түрлерінен жарыстар өтті. Аудан мектеп оқушыларының Тәуелсціздіктуің 25 жылдығына, қаланың 170 жылдығына арналған флэш-мобтары да осы алаңда болып, тойдың сәнін келтірді. Ал тойдың беташарын облыс әкімі Алик Айдарбаев құттықтау сөзбен ашты.
Бұдан соң облыс пен аудан өнер шеберлерінің концерті басталды. Сөз арасында айта кетейік, халықтың ықыласы мен қошаметіне ие болғандардың алғы сапында біздің «Ақкетік арайы» газетінің қызметкері, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлегі Анар Рахимбекова да бар. Ол тойдың екі күнінде де қара домбыраны күмбірлетіп, әуелете ән салып, халық өнерінің шынайы сән-салтанатын асырды.
Ал, жұма күні осындай концертті халқымыздың ерке де өжет қызы атанған Тамар Асар ашып, «Мен жерлестерімнің маған деген ықылас-құрметіне ризамын. Қашан да шақырып, сыйлап жатады. Құдай нәсіп етсе, сексенге келгенімше Түпқараған тойларынан қалмайтын шығармын» деп, бір күлдірген еді. Тамарамен бірге қазақ эстрадасының тағы бір жарық жұлдызы – Кәмшат Жолдыбаева да келді. Ал, ертесіне қаламыздың тағы бір Кәмшаты – Кәмшат Ізтілеуова жерлестерін таза, саф, табиғи даусымен сусындатты.
Ұлан-асыр той арасында облыс басшысы Алик Айдарбаев бастаған құрметті қонақтар Өлкетану мұражайын аралап көріп, Мұрын жырау мұражайының жаңа жобасымен танысты. Қасына Өнер мектебі орналасатын жаңа мұражай жобасы қазір дайын тұр, көп ұзамай құрылысы да басталып кетер деген үміт бар.
«Дарын» қосымша білім орталығының 60 орындық жаңа жатақханасы да осы күні облыс басшысының қатысуымен ашылды. Халықта «Көк школ» атанып кеткен, тарихы қаламен бірге басталған бұл ғимарат – мемлекет қорғауындағы сәулет ескерткіші. Жатақхана да сол ескілікті стильмен, әдемі салынған екен.
— Қазақтың бағына туған небір ғұлама табалдырығынан аттап, үлкен өмірге жолдама алған киелі мекен ғой бұл. Мына өндірдей жастардың арасынан да талай мықтылардың шығары сөзсіз. Айналайындар, сіздерге Әбіш Кекілбаев сынды данышпанның жолын тілеймін, деді Алик Айдарбаев осы орталықтың иесі – жас дарындарға.
Өнер сүйер қауымның, әсіресе жастардың нағыз мерекесі кешке болды. Сенбі күні кешкісін бүкіл Алаш жұртына әйгілі өнер жұлдыздары – Бауыржан Ретбаев, Әйгерім Қалаубаева, Серік Ибрагимов және «Заман» тобы қойған ду-думан соңы дискотекаға ұласты. Одан соң болған ғаламат отшашу екі күнге созылған әдемі де ұлағатты тойға леп белгісін қойды!
— Газетіңе жазып қой, айналайын. Осы ғұмырымда осыншама әдемі де жарасымды өткен тойды көрмеппін. Ауданымыздың басшысы Темірбек балама, қаламыздың басшысы Мұрат балама біздің атымыздан алғыс айт. Көшелеріміз жөнделді, мына паркіміздің де сырты адам танымастай керемет болыпты. Бәрінен бұрын, атағымыздың шығып, тойымызды абыроймен, сәнімен-салтанатымен өткізгенімізді айтсайшы, -деп, бір ақсақал ақ жарыла алғысын айтты. Бұл сөзді бүкіл халықтың айтқаны деп ұқтық.
Айсағали ҚЫДЫР Суреттерді түсірген автор