Ақыраптың 12-сі күні жазушы, журналист Әбілқайыр Спан, фотокорреспондент Талант Құсайын, Дамир есімді атқосшы жігіт және мен – төртеуміз Маңғыстау ауданына қарасты бірнеше ауылдар мен қауымдарды, тарихи орындарды аралап қайттық. Мақсатымыз – «Әбіш Кекілбаев» атты энциклопедия шығаруға жұмыстанып жатқан редакторларға тиісті материалдар жинауға атсалысу.
Энциклопедияның жауапты редакторы – қаламгер Ә.Спан ұзақ жылдар бойы Ә.Кекілбайұлының шығармаларындағы географизм және биографизм бағытында зерттеу жұмыстарымен айналысып жүргенін оқырмандары жақсы біледі. Осы орайда Әбіш шығармаларына арқау болған жергілікті жердегі тау-тас, сай-сала, бау-бақша, кеуек-үңгірлерге дейін қамтуға тырысыпты. Біз соның ізімен фотоларын түсіріп шықтық.
Қамысбай Ата қорымына барып, Әбіштің аналары – Айсәуле Жұмабайқызы мен Бибіжан Ораққызының, қыршын кеткен ұлы Әулеттің, ағасы Мұқыр Ниязұлының, т.б. марқұмдардың рухына Құран бағыштадық.
Жолай Онды аулына соғып, Әбіш ағамен Таушықтағы Шахта орта мектебінде бірге оқыған кластасы, ардагер ұстаз Бисенғали Әбілдіковтің үйіне түсіп, әңгімесін тыңдадық, түскі ас іштік. Ол кісі қасымызға ұлы Қайролла мен Әбіштің немере ағасы Мұқыр атаның кенже ұлы Әбдірәшит Ниязовты жол көрсетуге қосып берді.
Ұштаған ауылына барып, бала Әбіш оқыған мектебінің орнын суретке түсірдік. Ауыл бағында тал-теректер жайқалып, гүлдері жайнап, жиде пісіп, уылжып тұр екен. Бір қызығы – тып-тыныш, жанға жайлы күзгі бақта жан жоқ. 4-5 қыз бала ғана біздермен қатарласа келіп, демалып, әңгімелесіп отырды. 8 класс оқушылары екен. Ұяң қыздарды Талант аға суретке түсуге әрең көндірді.)))
Түстен кейін Әбіш ағаның туған жері – Мырзайыр құдығының басына тоқтадық. Онда бізді Әбіш ағамен бірінші кластан бірге оқыған ауылдас досы, құрдасы Іңірбай Көшербаев күтіп алды. Әбіш туғанда үйі осы құдықтың басында отырғанын, сәбиді осы құдықтың суымен шомылдырғанын айтты. Мектепте алғыр болғанымен, шаруаға епсіз екенін де күліп отырып әңгімеледі. Бірақ өмір бойы шаруада жүрген өз араларынан оза шауып, әлемге әйгілі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Еріне айналғанын сүйсіне, елжірей отырып айтып берді.Түсірілімнен соң Басқұдыққа бастап, өз үйіне қонақ қылды.
Өскінбай жыраудың:
«Мырзайыр мен Басқұдық –
Жылқыға жаман болғасын,
Айтпай кеттiм қас қылып...», – деп жырлаған жерлері ғой. Тап сол сөзді растағандай, біз барғанда бұл маңда жайылып жүрген табын-табын сиыр мен отар-отар қой-ешкі, бірлі-жарым түйелер мен үш-төрт есекке дейін көрдік,бірақ жылқы көзімізге шалынған жоқ...)))
Биылғы жомарт табиғаттың тартуына тәуба дестік. Жер отты, су мол. Күз ортасында да күн жылы. Шаруалардың көңілдері көтеріңкі.
Үй иесі – Іңірбай ақсақал, бала-келіндері ерекше сый-құрметін көрсетті. Дастарқанынан дәм татып, батасын алып түн бата қалаға қайттық.
Олжашы аға бастаған бұл сапарымыз өте олжалы болды. Оның нәтижесін оқырмандар жуырда жарық көретін энциклопедиядан оқып, көріп, таныса алады.
Әзірге Т.Құсайын түсірген фотолардың бір бөлігімен таныса отырыңыздар.
Б. СӘРСЕНБАЙҰЛЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН