Абай облысына арнайы барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдер күні мерекесінің қарсаңында ғалым қаламгерлер М.Әуезов пен Қ.Мұхамедхановқа арналған «Ұстаз бен шәкірт» ескерткішін ашты. Символдық мәні бар бұл композиция «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» және «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген қос ұғымды тұтастырып тұр. Ұстаз бен шәкірт арасындағы осынау ықылас пен құрмет, адалдық пен жауапкершілік үлгісін ұрпақ тәрбиесінде өнеге ретінде көрсете аламыз.
Жалпы адамның парасат деңгейін ұстаз тұлғасына деген құрметімен де өлшеуге болады. Бұл тұрғыда Президентіміздің педагогтарға деген сый-құрметінің шексіз екеніне тәнтіміз.
Әр перзентін тоғыз ай құрсағында, бір жыл құшағында, өмір бойы жүрегінде мәпелеп өсіріп, өзімен бірге алып жүретін анадан артық асыл жан бар ма?! Ұзақ жылдар оқытушы болып педагогикалық институтта сабақ берген анасы Тұрар Шабарбаеваның ақ сүтін бойына сіңіріп, тәрбиесін көріп есейген баласы Қасым-Жомарт Кемелұлы ел басқару ісін қолға алғанда, ең алдымен Ұстазды ұлықтаудың үздік үлгісін көрсетті.
Мемлекет басшысы ретінде қызметке кіріскен бойда ол 2019 жылғы 16 тамыз күні «Білім және ғылым» атты тамыз конференциясының пленарлық отырысына қатысты. Ал одан бұрын Үкіметке аз уақыт ішінде алғаш рет Педагог мәртебесі туралы Заң жобасын дайындауды тапсырған болатын. Кеңесте соның шетін шығарып, өзінің негізгі ұстанымдарын ұқтырды. Ол Заң педагогтің ерекше мәртебесін айқындауды, құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін және шектеулерін, міндеттері мен жауапкершілігін белгілеуді, кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін қажетті жағдаймен қамтамасыз етуді көздейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сол жүздесуде ұстаздар қауымының жүректерін тебірентерлік лебізін арнады: «Әр адам қандай жетістікке жетсе де, білім берген ұстаздарын ерекше қадірлейді. Мен бүгін Сіздермен кездесу үшін осы жиынға арнайы келіп отырмын. Ең алдымен, білім және ғылым саласының барлық қызметкерлеріне шынайы ықыласымды білдіремін. Сіздер еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп келесіздер. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. Сіздердің арқаларыңызда тұтас бір буынның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет».
Президент бұл сөздерді айтқанда, зал толы мұғалімдер мен профессор-оқытушылар және ел ішіндегі осы мәртебелі маманды иелері бір-біріне қарасып, көңілдері босап, қуаныштан көздеріне жас алғандары да болды. Өйткені, жасыратыны жоқ, кейінгі жылдары білім берушілердің беделі төмендеп, әлеуметтік жағдайы көпті алаңдатып, оның үстіне құқықтық тұрғыдан да мүдделері толық қорғалмағандықтан, мұғалімдер түрлі науқандарда қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік іс-шаралардың қатысушылары мен орындаушылары ретінде пайдаланылып келгені өтірік емес. Педагогтердің сондай артық істерден арылғанына бүкіл ел қуанды.
«Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Бұл үшін бір орында тұрып қалмай, ілгері жылжу басты мақсат болуы тиіс. Сондықтан, білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз – Қазақстанның жарқын болашағы. Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. «Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті.
Білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Бұл, алдымен, мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорға байланысты мәселелер. Аталған бағыттар бойынша тиімді жұмыс істеу қажет, яғни туындаған мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды шешудің оңтайлы жолдарын ұсыну керек» – деген мәселені бірінші орынға қойды. Ондағы проблемалардың әрбіріне айрықша тоқталды.
Білім мен тәрбие – құстың қос қанатындай, адам бойынан ажырағысыз қабілет-қасиеттер қажеттілігі. «Тәрбие – сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі» – деп оған ерекше мән берген Президент екінші мәселеде: «Еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар, мемлекеттің озық инновацияларға сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет. Бұл – қазіргі білім және тәрбие беру үдерісінің алдында тұрған маңызды міндет».
Отбасындағы тәлім мен мектептегі тәрбиенің құндылықтарын бойына қатар қабылдап, санасын дұрыс қалыптастырған бала болашақта азамат болып танылуға бейім болады. Әсіресе, осы бағытқа басымдық бере сөйлеген мемлекет басшысының тапсырмаларынан үміті артқан әріптестеріміз қастерлі қызметін орындауға құлшына кірісті.
Сондай-ақ Президент мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу жүйесінің сапасын арттыру, орта білім беруді одан әрі дамыту стратегиясын айқындау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған. Мұғалімдер жалақысының мөлшерін арттыру алдыңғы қатардағы міндет екенін атап өтті. Барлық білім беру бағдарламалары мен стандарттарын бір деңгейде әзірлеп, қала және ауыл балаларының білім деңгейіндегі алшақтықтарды жоюды және тұрғылықты жері мен ата-аналарының әлеуметтік жағдайына қарамастан балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік беруді тапсырды. Мемлекет басшысы ғылымды қаржыландыру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, ұлттық ғылыми кеңестердің жұмысын жетілдіру қажеттілігіне баса мән берді. Ғылымды одан әрі институционалды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.
Сонымен, көп жылдардан бері көптің көкейінде жүрген мәселелер қамтылып, тарихи құжат жобасы дайын болды. Президент қол қойып, сол жылдың соңында Педагог мәртебесі туралы Заң қабылданғанда, бөркін аспанға атып, алақайлаған халықтың қуанышында шек болмады.
Заң күшіне енгеннен-ақ оң нәтижелеріне куә бола бастадық. Қоғамда педагог мәртебесі көтеріліп, дәрежесі артты. Біздің Yessenov University ұжымында қағазбастылық қысқарды, профессор-оқытушыларды өздерінің негізгі қызметтеріне сай емес жұмыстарға тарту тоқтады. Соның нәтижесінде олардың уақыты үнемделіп, оны тиімді пайдалануына мүмкіндік туды. Әсіресе, қағазбастылықтан арылу айрықша артықшылық болды. Мәселен, факультеттер мен кафедралардағы құжат қоржындары бес есе қысқарып, цифрлы жүйеге көшу арқылы ықшамдалды.
Профессорлар мен оқытушылардың айлық еңбекақысы үш жыл ішінде екі есе өсті. Сәйкесінше, жалақысы өскен мәртебелі мамандықты таңдап, оған түсушілер саны да көбейді. Мәселен, алысқа бармай-ақ, мысалды өзімізден алайық. Негізінен мұнай-газ мамандықтарына оқуға тапсыруға құмар маңғыстаулық абитуриенттердің көбі осы өзгерістен кейін педагогика саласына бет бұрып жатыр. Сан бар жерде сапа болатыны белгілі. Енді шынайы бәсекелестік те күшейеді.
Бұдан бөлек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жылсайынғы халыққа Жолдауларында да білім сапасын арттыру, ғылым саласын дамыту, адам капиталын көтеру және тиімді пайдалану мәселелерін үнемі қозғап келеді. Ол тапсырмалары жүйелі түрде іске асып жатыр.
Осы орайда, мұғалімдер күні құрметіне әріптестерімізді кәсіби мерекемізбен құттықтап, ұстазды ұлықтайтын басшысы бар елдің болашағы жарқын боларына зор сенім білдіреміз. Білім мен ғылымға бетбұрыс түзелген жаңа жүйеде уақыт талабынан кешігуге хақымыз жоқ, аянбай еңбек етуімізден ізгі амал жоқ. Ендеше, зейінді шәкірттеріңіз, талапты түлектеріңіз көп болсын! Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер!
Берік АХМЕТОВ,
Yessenov University президенті.