Жаңаөзендегі «Мұнайшы» мәдениет үйінде ұстаздар күніне орай салтанатты шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұстаздарды марапаттау шарасына қала әкімі Айбек Қосуақов қатысты. Ұстаздарды мерекесімен құттықтаған өңір басшысы білікті де білімді маман қай кезде де керек екенін атап өтті.
-Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де - ұстаз. Сондықтан еліміздің ертеңгі келешегі сіздердің қолдарыңызда! Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектеріңіз үшін баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін! Еліміздің атын әлемге танытатын білімді де, талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін! Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, қиын да қастерлі ұстаздық қызметте табыс тілеймін, - деді Айбек Қосуақов.
Жаңаөзен қаласының әкімі салтанатты шарада озат ұстаздарға алғыс хат табыстады. Бұдан кейін облыстық білім басқармасының бас маманы Алия Кулбаева ортаға шығып, ұстаздарға мерекелік лебізін білдірді. Сондай-ақ, жетістікке жеткен білікті ұстаздарға Маңғыстау облыстық білім басқармасының құрмет грамотасын табыс етті.
Жиынның соңы мерекелік концертке жалғасты. Ұстаздар күніне орайластырылған мерекелік кеште сахна төріне Мұрат Өскенбаев атындағы балалар музыка мектебінің өнерпаздары шығып, кеш көркін қыздырды.