Бүгіннен бастап «Бұрғылау» ЖШС қызметкерлері қайта жұмысқа кіріседі. 5 күннен бері алаңға шыққан жұмысшылардың талап-тілегі орындалғандай. Халықтың ұраны басшылыққа жетті, дұрысы басшылық ірі корпорацияның тағдырына бей-жай қарамай, оңтайлы шешім шығаруға барын салды.
Кеше, яғни 5 қазан күні Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаев, облыстық прокуратура өкілдері, облыстық Еңбек басқармасы «Бұрғылау» ЖШС жұмыс тобымен кездесіп, белсенді жұмысшылардың наразылығын үзбей тыңдады. 4 сағатқа созылған жиналыстан ұққанымыз мынау болды:
Жұмысшылардың басшылыққа қойған талаптары орындалады. Ең бастысы – «Бұрғылау» ЖШС жұмыс көлемін ұлғайту. Жұмыс көлемі ұлғайып, қаражат игерілген жағдайда ғана, мәселе толық шешіледі. Сол себепті, облыс әкімі Алик Айдарбаев «Өзенмұнайгаз» мекемесімен келісіп, «Бұрғылау» ЖШС-іне 6 миллиард шамасында қаржы бөлінетін 34 скважинаны іске қосып, қосымша келісім жүргізілгенін айтты.
Демек, жылдың соңына дейін жұмысшылар қойған талапқа сай тиісті жалақысын, еңбек демалысын алады. Алдағы уақытта «Бұрғылау» ЖШС жұмысшылары сайлаған кәсіподақ төрағасы Сәдуақас Бекқалиевке қатысты шартты түрдегі сот жазасы мен оның қозғалысын шектеу жұмыс берушімен бейбіт келісім негізінде шешіледі.
5 қазанда алаңға жиналған халықты билік өкілдері және басшылықпен болған отырыстан соң, түнгі 9-дар шамасында Сәдуақас Бекқалиев сабырға шақырды.
https://youtu.be/zXAXl3E1gek- Билік өкілдері, облыстық сот қызметкерлері, басқа да құқық қорғау органдары келіп, осында жиналған барлық жұмысшылардың мәселелірін қарады. Ендігі жерде, біздің құқығымыз толық орындалатын болады. Басшылық өз уәдесін берді. Бүгін түнде демеймін, бірақ ертең таңертеңнен бастап барлық жұмысшылар бірдей жұмысқа шығайық. Енді мұндай алаңда емес, тойда, қуанышта кездесетін болайық! Қолдаған ағаларымызға көп рахмет, - деп аяқтады ол сөзін.
- "Бұрғылау" кеше-бүгін көтеріліп жатқан мәселе емес. 2 жылдан бері бұл корпорацияның жұмысы туралы ойланып келеміз. Егер халық жаппай наразылыққа көшкен соң, мәселе шешімін тапты деп ойласаңыз, қате болар. Еңбекақыны төлеудің біріккен жүйесі «ҚазМұнайгаз» мекемесінің ішкі құжаттамаларына жатады. Түптеп келсек, «Бұрғылау» - жауапкершілігі шектеулі серіктестік, олар «Қазмұнайгаз» жүйесімен жүре алмайды. Дегенмен, «Бұрғылау» жаңа есептеу жүйесін қолданысқа енгізеді, өзгерту жұмыстары үшін шамамен 2 аптадай уақыт кетеді. Бар мәселені бір күнде шешіп тастау мүмкін емес. Сондықтан, түсініктікпен қараған жұмысшыларға алғысымды білдіремін, - деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.
https://youtu.be/0vQu8kPaE14Облыстық әкімшілік өкілдерін халық қол шапалақтап шығарып салды. Неше күннен бері алаңға жиналып, шаршаған халықтың көзінде қуаныш пен қоса үміт те бар. Барлық тарап жазбаша хаттамамен танысып, қол қойып жатты.
- Ереуіл тоқтады. Жұмысшыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Халық наразылық білдірген бойда, жұмыс тобы құрылып, бұл жағдай заңды түрде қаралды. Пенде болған соң, қателескен азаматтар болды. Бәріне кешіріммен қарау керек. Кәсіподақ та, жұмысшылар да қалыпты жағдайда жұмысын жалғастыратын болады, - дейді кәсіподақ басшысы С.Бекқалиев. Ал облыс әкімі Алик Айдарбаев көтеріліс кезінде заңсыз ұрысқа барып, ауыр сөйлеген азаматтарға кешіріммен қарап, оларды жазаламау қажеттігін қадап айтты.
https://youtu.be/yt8c0AqGZ3cЕстеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда серіктестікте 2190 жұмысшы бар. 23 қыркүйек күні 1344 жұмысшының қолы қойылған ұжымдық арыз келіп түскен. Жұмысшылар басшылыққа 5 талап қойған: 2014 жылы қабылданған мұнай-газ мекемелерінің бірыңғай ақы төлеу жүйесін енгізу, осыған сәйкес 2014-2016 жылдар аралығындағы бонустарды есептеу, 4 сағаттық жұмыс орнына толық жұмыс күнінің ақшасын төлеу, 2015 жылғы еңбек демалысына қатысты түсінік жүргізу және оны қолданыстағы Еңбек заңнамасына сай беру, шегендеу цехындағы жұмысшылардың жалақасын 2014 жылдан бастап қайта есептеу.
Айгүл ДӘДЕН Сурет, бейнежазбаларды түсірген автор