Биылғы жаңа оқу жылынан өңіріміздегі 14 колледжде күшейтілген жыныстық тәрбие компоненттері бойынша арнайы даярланған «Валеология» курсы енгізілді. Бұл еріккеннің ермегі емес, амалсыздан қолға алынған шара болса керек.
Елімізде 15 жастан бастап босанатын қыздар қатары көбейіп келе жатқаны жасырын емес. Бұл көрсеткіш 2010 жылы 15-18 жастағы 1000 қызға 28,3 болса, 2014 жылы 34,72-ге жеткен. Сондай-ақ жыл сайын осы жастағы әр 1000 қыздың 4-5-і жасанды түсік жасататын көрінеді. Жасөспірімдер арасында бала туу жөніндегі көрсеткіш бойынша біздің өңіріміз «көш басында» екен. 1000 қызға—53,5. Бұл мәліметті Қазақстандағы БҰҰ тұрғын халық саласындағы қорының (ЮНФПА) атқарушы өкілі Райымбек Сисемалиев келтірді.
Осынау мәселеге арналған дөңгелек үстелде ол жастардың арасында жүргізілген зерттеу нәтижесінде жасөспірімдердің 13,6% жыныстық қатынасқа 15 жасында-ақ түсе бастайтыны анықталғанын айтты.
-15-19 жас аралығында олардың көпшілігіне жыныстық қатынастың таңсығы жоқ,-деді Райымбек Амангелдіұлы.-Серіктестерін жиі ауыстырып отыратын жасөспірімдер мұндай ісі үшін еш алаңдамайды да. Олар мұның соңы немен аяқталуы мүмкін екендігінен де бейхабар. Қыздар жүкті болып қалатынын және келешекте бала туу қабілетінен айрылатынын немесе жыныстық жолмен түрлі жұқпалы аурулар жұғатынын білмейді. Сондықтан жасөспірімдер мен жастар арасында орын алуы мүмкін осындай жайттардың алдын алу шараларын күшейте түсу керек.
Облыстық білім басқармасы тәрбие ісі жөніндегі бөлім меңгерушісі Алмажай Райымбердиева балаларды жыныс жолдары арқылы берілетін жұқпалы аурулардан және қыздарымызды ерте жүкті болудан сақтандыру үшін оларға ең алдымен дұрыс ақпарат жеткізу қажеттігін қаперге берді. Сондай-ақ ол БҰҰ тұрғын халық саласындағы қорымен бірге өңірдегі 14 кəсіптік білім беретін оқу орындарының 1 курс студенттеріне арнайы оқытылатын «Валеология» пəні аясында репродуктивті денсаулықты сақтау бойынша сабақ өткізілгенін жеткізді. ЮНФПА колледждерді жыныстық тәрбиеге арналған әдістемелік құралдармен қамтамасыз етіп, мұғалімдерді бұл сабақтарды өткізу әдістерін оқытуға қолдау көрсеткенін атап өтті. Алмажай Жұмағалиқызының айтуынша, таңдалған колледждердің бірінші курстарында оқитын барлық студенттерді оқыту жоспарланған.
Бұған дейін мұндай жоба Шығыс Қазақстан облысында қолға алынған. Облыста репродуктивті денсаулықты сақтау бойынша компоненттері күшейтілген «Валеология» пәні халықаралық тәжірибелер негізінде жасалған. Осындай оқыту әдісі қазір жақсы нәтижелер көрсеткен. Енді бұл әдісті еліміздің өзге аймақтарында тарату қажеттілігі туындап тұр.
-Мен екі жылдан бері «Валеология» пәнінің аталмыш курсы бойынша сабақ беріп келе жатқан ұстаз ретінде бұл курстың өте пайдалы екендігін және оған балалардың ерекше ынтамен қатысатынын нық сеніммен айта аламын,-деді Семей қаласындағы Мұхтар Әуэзов атындағы колледж мұғалімі Бағдат Cыбанбаева.-Курстың репродуктивті денсаулықты сақтау, салауатты өмір салты, қауіпсіз тәрбие, адамгершілік тәрбие және отбасы құндылығының маңызы сияқты бөлімдері жасөспірімдер үшін пайдалы екендігін атап айтқым келеді.
Жастармен үздіксіз жұмыс жүргізетін «Ұрпақ Next» қоғамдық қорының директоры Гүлжанат Мұратбай Маңғыстауда халықаралық «Youth Peer» (Теңбе-тең) принципі бойынша құрылған Жас Құрдастар халықаралық желісінің жұмыс істей бастағанынан хабардар етті. Жастарға арналған бұл ерікті қозғалысты іске қосқандағы мақсат—жасы қатарлас балалардың көшбасшылық қабілетін дамытуға және оларға репродуктивті денсаулықты сақтау, салауатты өмір салтын ұстану және өз денсаулығы үшін дұрыс шешім қабылдай білуге дағдыландыру мәселелері бойынша бейресми оқыту. Мұндай жүйе ЮНФПА-ның қолдауымен Астана, Алматы, Қызылорда, Семей, Өскемен және Шымкент қалаларында жұмыс істеп тұр. Ал біздің облысымызда үш жерде—Ақтау, Жанаөзен қалалары мен Бейнеу селосында ашылған.
Дөңгелек үстелге Қызылордадан арнайы келген жас жігіт Аждар Даулет жастар қозғалысының тиімділігіне көз жеткізгенін айтты. «Біз өзіміз қатарлы жастармен тіл табыса аламыз, оларға ақпаратты қалай жеткізу керектігін де білеміз. Олар да өздерін толғандырған, бірақ ересектерден сұрауға батпайтын жайттарды бізге қымсынбай айта алады. Олар бізге сенгендіктен белгілі бір мәселені өзара талқылап, шешімін тауып жатамыз»,-деді жас белсенді.
Басқосуға қатысушылар ел болашағы үшін бүгінгі жастардың денсаулығын жан-жақты қорғау мақстанда аталмыш желілерді барлық аймақтарда көбейткен жөн деген ортақ ұйғарымға келді.
Ал біз өз тарапымыздан жастарды жүктілік пен жыныс жолдары арқылы берілетін аурулардан сақтандырумен қатар, бәлкім ең алдымен, жас өрендерді бейәдеп өмір сүруден бас тартатын шараларды көптеп ұйымдастырса деген ұсыныс қосар едік.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН