Әдетттегідей қазан айының алғашқы аптасында тойланатын мереке Абай атындағы мәдени демалыс кешенінде ұстаздар құрметіне арналған салтанатты жиынмен басталды.
Бұл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында тойланып отырған ұстаздардың кәсіби мерекесі, ізгіліктің, ұлылықтың мейрамы, адамзат бас иетін ұлы тұлға ұстаздардың төл мерекесі - мұғалімдер күні еді.
Саналы ғұмырларын шәкірт тәрбиелеу ісіне арнаған мәртебелі мамандық иелері төл мерекесі күні сарай табалдырығын қызыл кілемнің үстімен, көңілді әуенмен, оқушылардың «Мерекеңізбен!» деген ыстық лебізімен қуана аттады.
Кіреберісте мұғалім, оқытушылар, қонақтар үшін арнайы баннер ілініп, 25 картинадан тұратын суретшілер көрмесі қойылып, естелік фотоға түсу мүмкіндігі жасалыпты.
Салтанатты жиын шымылдығы балабақша бүлдіршіндерінің құттықтау ән-шашуымен, 3 тілде оқылған тақпақ-өлеңмен ашылды. Беташар-құттықтау Маңғыстау гуманитарлық колледжінің студенттерінің орындауындағы «Ұстазым» әніне жалғасты.
Мереке марапатсыз болмайтыны белгілі. Білім саласы қызметкерлерін мерекемен құттықтау және марапаттар тапсыру құрметі Маңғыстау облысы Мәслихатының хатшысы Б. Жүсіповке бұйырды.
-Құрметті ұстаздар, құрметті салтанатты жиынға қатысушылар! Баршаңызды тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында атап өтілгелі отырған кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
«Ұстаздық жолы – ұлы жол!» дегендей, сіздер қоғамымызға жан-жақты дамыған тұлғаны әкелуге талпынып жүрген лайықты жансыздар. Қоғамда білім ошағы шәкірттің екінші үйі болса, ұстаз – екінші ата-анасы деген пікір қалыптасқан. Шынайы ұстаз бар күш-жігерін аямай жас ұрпақты қоғамға лайықты азамат етіп тәрбиелейді. Ендеше, мұғалім ең құрметті де, қадірлі маман. Дана халқымыз айтқандай, «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы!» Өскелең ұрпақтың санасына білім нәрін сіңіріп, үлкен өмірге жол көрсететін де өздеріңіз.
Елбасымыз Н. Назарбаевтың стандартты стратегиясының басты принципі – елімізді дамыған елдердің қатарына қосу. Сондықтан білімнің дамуы – бұл қоғамның алға жылжуы, адамзат өркениетінің өнегелі өлшемі. Осыған орай, бүгін оқытушы маманның алдына қойылып отырған талап та өте биік. Қазіргі таңда, білім саласында болып жатқан жасампаз өзгерістердің мәні зор. Мемлекет тарапынан бұл салаға әрдайым жіті көңіл бөлініп отырады. Соның бір дәлелі, жаңа инновациялық өзгертулер, компьютерлік басқару секілді заман талабына сай жаңалықтардың енгізілуі. Ендеше, біздің алдымызда тұрған ең үлкен талап – жас ұрпақтың жан-жақты білім мен тәрбие алуына лайықты жағдай жасау. Мәселен, биылғы жылғы, білім саласына жергілікті бюджеттен 48 миллиардқа жуық теңге бөлінді. Материалдық-техникалық базасын нығайту, ұстаздардың әлеуметтік ахуалын, еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарту, олардың мәртебесін арттыруда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сонымен бірге, мұғалімдер тарапынан да, өз мамандығына деген қайтпас қайсарлығы мен еңбекқорлығының арқасында үлкен жетістіктерге жетіп, биік беделге ие болып жүрген ұстаздар мол. Атап өтер болсақ, жақында ғана Маңғыстау облысының 3 мұғалімі республикалық деңгейде үздік педагог атанды. Олар Жаңаөзен қаласы мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі – Ғайша Құлсымақова, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Әлия Қадырова, Бейнеу политехникалық колледжінің оқытушысы Тұрлан Оспанов.
Бұлардың жетістіктері өз мамандығын шебер атқаратын шын мәніндегі маман екенінің дәлелі. Биылғы жылы бастауыш сынып, математика пән мұғалімдерінің форумдары сапалы білім беру, жалпы облыстағы мамандарды қолдау, көмек көрсету мақсатында өткізілген құптарлық істер. Осындай әрбір шараларды ұйымдастырудың арқасында озық мамандар іріктелінді. Сондықтан, қоғамдық маңызы бар шараларды алдағы уақытта да қолға жиі алып, өткізіп тұру жөн деп есептейміз.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп, ұлтымыздың ұлы ұстазы Абай атамыз айтқандай, сіздер болашақта да бар күш-қуатыңыз бен біліміңізді қабілетті де өнегелі, Отанға деген сүйіспеншілігі орасан азаматты тәрбиелейді деген сеніміміз мол. Ардақты ұстаздар, сіздерге зор денсаулық, отбасыңызға құт-береке, еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін!
Қазақстан Республикасының «Еңбек ардагері» төсбелгісімен Р. Мақсұтова, Ә. Айтмұханова, Ә.Сағынбаев, С.Жаңбыров, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен - Ж. Қазиева, Г.Қорабайқызы, С.Еламанова, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен - О.Наурызбаев, Т.Болатбаева, Г.И.Смородинова, Ш.Сапарова, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Алғысымен А.Бисенова, А.Қозыбақова марапатталды.
Қазақ тілінің мәртебесін облыс әкімінің «Лучший учитель государственного языка» байқауының жүлдегері Түпқараған ауданы, М.Горький атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі Айнұр Сатимоваға 300 000 теңгелік білім гранты сертификаты, облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» конкурсының жеңімпазы – Жаңаөзен мектеп-гимназиясының директоры Зина Орысбаеваға 18 287 200 теңгелік сертификат табыс етілді.
Мерекелік шашу - Маңғыстау өнер колледжі студенттерінің орындауында Мұрат Өскінбаевтың «Жеңіс» күйі» тарту етілді.
Ұстаз – ұрпақ тәрбиесіндегі ең ұлық қызмет. Облысымызда әулетімен ұстаздық қызметті таңдап, ұстаздар династиясын құрған отбасылар қатары аз емес. Бүгінгі салтанатқа солардың бірі – Маңғыстау ауданынан Жұмахановтар отбасына сый-құрмет көрсетіліп, ардагер ұстаз Ө.Озғанбаев сөз сөйледі. Жұмахановтар отбасының өнерлі қызы Лаура Л. Хамидидің «Бұлбұлын» шырқап, көпшілік қошеметіне бөленді.
Педагогтар отбасын насихаттау және әлеуметтік қолдау мақсатында облыста жыл сайын «Үздік педагог отбасы» сайысы өткізіліп тұрады. Биылғы жылдың жеңімпазы – Мұнайлы ауданы №12 орта мектеп директоры Қайрат Титановтың отбасына тұрмыстық техника сыйға берілді.
Еліміз тәуелсіздік алған жылы бас қосып, отау құрған ұстаздар тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойы аясында облыстық Білім басқармасы назарынан тыс қалған жоқ. Мұғалімдер күні мерекесіне орай Республикалық «Ұстаздар отбасы – тәуелсіздікпен құрдас» акциясына Бейнеу ауданынан Егізбай Ережеповтер отбасы қатысты.
2012 жылдан бері өтіп келе жатқан «Озат педагог» байқауының жүлдегерлері миллионерлер атанумен келеді. Биылғы жеңімпаздар - Ғ. Құлсымақова, Ә. Қадырова, Т. Оспанов - 2 миллион теңге көлемінде білім грантына ие болды.
Жиында грант, «Алтын белгі» иелерін дайындауда көптен озық келе жатқан - Ш.Жанназарова, В.Н.Лыкова, А.Қодарова, С.Қоразова, Т. Дәулетнияз, А. Алибекова, Ж.Әбиева, Э.Федорова, К. Аймағанбет, А. Есенгалиева т.б. үздік ұстаздар аты аталып, салтанатты мереке жас ұстаздардан құралған хордың құттықтауымен аяқталды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ