Жаңаөзенде мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсететін «Бұрғылау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары ереуілге шықты. Жалақы мен еңбек жағдайына наразылық білдірген 500-ден аса жұмысшы 30 қыркүйектен бері серіктестікке қарасты автобекетте тұр. Өндірісте орын алған еңбек дауына қатысты жұмыс беруші тарап БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.
– «Бұрғылау» ұжымының жұмысшылары 30 қыркүйекте заңсыз ереуілге шықты. Жұмысшылар басшылыққа 5 талап қойып отыр. Атап айтсақ, 2014 жылы қабылданған мұнай-газ мекемелерінің бірыңғай ақы төлеу жүйесін енгізуді, осыған сәйкес 2014-2016 жылдар аралығындағы бонустарды есептеуді, 4 сағаттық жұмыс орнына толық жұмыс күнінің ақшасын төлеуді, 2015 жылғы еңбек демалысына қатысты түсінік жүргізуді және оны қолданыстағы Еңбек заңнамасына сай беруді, шегендеу цехындағы жұмысшылардың жалақасын 2014 жылдан бастап қайта есептеуді талап етіп отыр. Маған 23 қыркүйек күні осы мазмұндағы 1344 жұмысшының қолы қойылған ұжымдық арыз келіп түсті. Қазіргі таңда серіктестікте 2190 жұмысшы бар. Біз жұмысшылармен түсінік жұмыстарын жүргізіп, арызға жауап бердік. Соған қарамастан жұмысшылар 30 қыркүйек күні заңсыз ереуілге шығып кетті, – деді «Бұрғылау» ЖШС бас директоры Дүйсенбай Таушанов.
Оның айтуынша, мұнай-газ мекемелерінің бірыңғай ақы төлеу жүйесі ірі және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еншілес мұнай компанияларына арналғандықтан, серіктестік бұл жүйеге көше алмайды. Бірыңғай ақы төлеу жүйесі мен серіктестіктің еңбекақы төлеу жүйесінің айырмашылығы – 7-9 пайыз ғана.
– Жұмысшылардың орташа жалақасы- 350-400 мың теңгені құрайды. Осы жылдың мамыр айының аяғында жұмыс көлемі бітті. Сондықтан бізге қосымша 12 ұңғы берілді. Жұмысшылардың жағдайын ойлағандықтан, 12 бригаданың 12 ұңғыны бұрғылауын 1 айға созып, жұмыс уақытын 4 сағатқа қысқарттық. Жұмыс көлемі жоқ болса, жұмысшыларды ақысыз демалысқа жіберуімізге болатын еді. Біз олай істемедік. Маусым айында 12, шілдеде 32 ұңғы берілгеннен кейін, тамыз айынан бастап қайта 8 сағаттық жұмыс режиміне көштік. Шілденің басында бұрғылауға берілген 32 ұңғыны қыркүйектің соңында аяқтауды жоспарладық. Жұмысшыларға айлық төлеу үшін жұмысты жеделдетпей, қалған 34 ұңғыны қазаннан бастап, қарашада бітіруге келіскенбіз. Кәсіпорын 1 миллиард теңге шығынға ұшырады. Жұмысшыларға айлық төлеу үшін несие де алдық. Қазіргі таңда өндірісте жұмыс тоқтап тұр, – деді «Бұрғылау» ЖШС бас директоры Дүйсенбай Таушанов.
Құрылтайшы «MH Industry» ЖШС бас директоры Төлеген Аджыбаевтың айтуынша, бүгінде ереуілге шыққан жұмысшылардың талабы артып, 20-ға жеткен. Баспасөз мәслихатын өткізген басшылар ереуілге шыққандардың ішінде жұмысшылардың жұмысқа шығуына кедергі келтіріп жүрген белсенділердің барын хабарлады.
Жағдай жіті бақылауда екенін жеткізген Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбілов жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы еңбек дауы заң бойынша шешілетінін айтып, жұмысшыларды еліміздегі экономикалық жағдайға түсіністікпен қарауға және қайта жұмысқа оралуға шақырды.
– Өткен жылы еңбек демалысына шығып келгеннен кейін қосымша демалыс алуға тиіссіңдер деп тағы демалысқа жіберді. Биылғы еңбек демалысын алған жоқпыз. Жұмысшылардың қамын ойлайды деп өзіміз сайлаған кәсіподақ төрағасы Сәдуақас Бекқалиевті қайта қызметіне әкелуді сұраймыз. Оған тағылған айып алынып, жұмысын қайта жалғастырса, мәселелеріміз шешілетініне сенімдіміз. Өндіріс орнында жұмысшыларға жағдай жасалмаған. Қалалық әкімдікке 500-ден аса жұмысшының қолы қойылған арыз тапсырдық. Егер талаптарымыз орындалмаса, 14 қазаннан бастап аштық жариялаймыз. Біздің талап-тілектерімізді министрліктегі басшылар келіп тыңдамаса, ереуілге шығуды тоқтатпаймыз. Мұнайшылардың мүддесі қорғалсын! – деді жұмысшылар атынан сөйлеген Бекарыс Төлесінов.
«Бұрғылау» ЖШС бас директоры Дүйсенбай Таушанов арнайы жұмыс комиссиясы құрылып, ортақ келісімге келу бағытында жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Жазира АҚБЕРГЕНОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="11451,11450,11449,11448,11447,11441,11446,11445,11444,11443,11442"]