Жуырда облыстық төтенше жағдайлар департаментінде жас мамандар мен тәлімгерлердің слеты өтті. Жұмысқа құлшына кіріскен жастардың кәсіби машығын жетілдіру, отансүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат тұтқан шараға жас мамандар мен тәлімгерлер және сала ардагерлері қатысты. Аталмыш департаменттің тарихи қалыптасуымен таныстыру үшін жас мамандарға «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің мұражайына экскурсия ұйымдастырылды. Жас мамандармен кездескен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Қуанар Бекенұлы жас мамандарға өзінің қызметтік жолы жөнінде әңгімелеп берді. Өз сөзінде қызметтік –әскери тәртіптің сақталуы қажеттігін ескертіп, жас мамандардың, өрт сөндірушілердің, құтқарушылардың білмегенін үйретіп, оқуда алған теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға көмектесетін тәлімгерлерге алғысын білдірді. Жиында сөз алған басқарма және бөлім басшылары, қатардағы қызметкерлер,сала ардагерлері жас мамандарға сәттілік тілеп, тәжірибесімен бөлісті.
Өткен жылы және 2016 жылдың І тоқсанында азаматтық қорғау органдарының бос лауазымдарына орналасу үшін 4 конкурс өткізіліп, 200 қызметкер жұмысқа қабылданды. Сондай-ақ, 2015 жылы 13 қызметкер Көкшетаутехникалық институтын бітірді. Институттың түлегі Нұржан Орынбасаров жоғары оқу орнында алған білімін тәжірибеде пайдаланатынын жеткізіп, әріптестерін қызметте адал, ұжымда абыройлы еңбек етуге шақырды.
Слет аясында «Жастарды патриоттық тәрбиелеу және тәлімгердің ролі» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізіліп, әскери-қызметтік тәртіп және сыбайлас жемқорлықпен күресуде заң талаптарын сақтау жөніндегі деректі фильм көрсетілді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ