16 сәуірден бастап Маңғыстау облысы аумағында нөсер жаңбыр тоқтамай жауып тұр. Маңғыстау облысындағы төтенше жағдайлар департаменті мәліметіне сәйкес тек бір тәуліктің ішінде Жаңаөзен қаласына 64 мм жауын-шашын түсті. Нөсер жаңбырдың зардаптарын жою мақсатында Жаңаөзен қаласының әкімдігімен жедел штаб құрылып, шұғыл түрде төтенше жағдай бойынша қалалық комиссияның отырысы өтті. Жаңаөзен қаласы бойынша толастаған суды сору үшін 65 теxника мен 90 адам, соның ішінде, Маңғыстау облысы бойынша ТЖД жеке құрамы мен коммуналды қызметтің жұмысшылары тартылды. Қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласы әкімдігінің қызметкерлері мен ТЖД бөлімшелерінің мамандары суға кеткен үйлер мен көшелерді анықтау үшін аулаларды аралап, тексеру жүргізуде.
ТН-4-110 аралық станциясындағы тоқ күшінің шектен тыс артуынан "Өзенде" электр жарығының сөнуі байқалды. Осыған байланысты ағын суларды тартатын сорғыштар қатардан шығып, "Өзенинвест" МКК кәріздік-сорғыш станциясы жұмысы тоқтатылды. Бұл біртіндеп сорғыштардағы су деңгейінің көтерілуіне әкелді. Ағын суларды қосымша сорғыштармен және Маңғыстау облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментімен берілген ПНС-110 (өрт сөндіру сорғыш станциясы) арқылы тартып шығаруда. Аталмыш нысанға 5 бірлік теxника тартылды.
- Сорғыш станцияларын қайта қалпына келтіру үшін "Өзенинвест" МКК мамандарымен жұмыстар атқарылып жатыр. Ақтау және Жаңаөзен қаласы, Мұнайлы ауданы Атамекен елдімекені мен Қарақия ауданы Жетібай ауылындағы нысандардың тіршілік қауіпсіздігі қалыпты жағдайда жұмыс жасауда. Барлығы облыс бойынша 78 теxника мен 6 мотопомпа тартылды. 120 қызметкер жұмыс жасауда, - деп xабарлады Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Әнуар Шөжеғұлов.
Ақтау қаласындағы көшелерді, аулалар мен үйлерді су басудан қорғау мақсатында сонымен қоса, Мұнайлы ауданы Атамекен елді-мекеніндегі, Қарақия ауданы Жетібай ауылының кейбір учаскелеріндегі арнайы дайындалған уақытша кәріз жүйелерден, су жинайтын арықтардан суды еселеп тартып шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 12 арнайы техника және 6 мотопомпа жұмылдырылған.
«Қазгидромет» РМК жорамалы бойынша жауын-шашын сәуірдің 18-іне дейін жалғасады. Маңғыстау облысы тұрғындарына ауа-райы салдарынан болған жағдайға түсіністікпен қарап, сабырлық сақтауды сұраймыз.