9-қадам. Мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту-үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру.
«Ұлт жоспары-100 нақты қадам»
Кеше аймағымызда Халықаралық бизнес академиясы жанындағы мемлекеттік және қоғамдық саясат мектебінің «Білім беру саласындағы менеджмент», «Үкіметтік емес ұйымдардағы менеджмент» магистрлік білім беру бағдарламалары басталды. Облыс әкімдігінің бастамасымен осымен екінші рет қолға алынған бағдарлама кәсіби білікті кадрлар даярлауға бағытталған. Алдағы екі жыл ішінде облыстағы білім беру саласы және үкіметтік емес ұйымдардың басшылық құрамы мен қызметкерлерінен құралған 50-дей аса тыңдаушы менеджмент жүйесін меңгереді.
Республика бойынша тек біздің өңірде ғана мемлекеттік және қоғамдық саясат мектебінің табысты тәжірибесіне сүйене отырып, оқыту бағдарламасына басымдық беріліп отыр.Осынау магистрлік білім беру бағдарламаларының ашылуына қатысқан облыс әкімінің орынбасарлары Бану Нұрғазиева мен Шолпан Илмұханбетова тыңдаушыларға сәттілік тіледі.
- Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында өлкемізде кадрлардың білімдерін жетілдіріп, біліктілігін арттыру жүйелі жолға қойылып отыр. Әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына еніп, бәсекеге қабілетті ел боламын десек, кәсіби білімімізді толықтыруымыз қажет. Сондықтан да, мемлекеттің алдында тұрған мақсаттар биік. Осыдан екі жыл бұрын денсаулық сақтау саласы мен мемлекеттік қызметкерлер оқыту бағдарламаларын сәтті аяқтап, магистрлік диплом алды. Қазіргі таңда бұл магистрлер алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде қолданып, табысты жұмыс жасауда. Мемлекеттік қызметкерлер жоғары білімді болғанымен, менеджмент жүйесін жете меңгермеген. Сараптама жасағанымызда, үкіметтік емес ұйымдарды да оқытуды жөн деп таптық. Осы екі топ мемлекеттік және қоғамдық саясат мектебінің профессорлық-оқутшылық құрамынан дәріс алып, менеджменттің қыр-сырын меңгереді деген сенімдемін, - деді облыс әкімінің орынбасары Бану Ғаниқызы.
Мемлекеттік және қоғамдық саясат мектебінің деканы Гүлмира Қорғанбаеваның айтуынша, келешекте білім беру саласының басшылары басқарушылық құзіреттілікті дамыту, жаңа байланыстар, қоғамдық алаңдарда жұмыс жасау дағдыларын игереді. Бұл мектеп стратегиялық мемлекеттік ойлауға қабілетті кәсіби мемлекеттік қызметкерлер тобын, білім беру секторы мен азаматтық қоғамда кәсіби білімі мен біліктілігі жоғары мамандарды дайындауға мүдделі.
- Мен жоғары оқу орнын дефектолог-логопед мамандығы бойынша бітірдім. Бүгін магистрлік білім алуды бастадық. Мемлекеттің қолдауының арқасында ақысыз білім алуға мүмкіндік туды. Оқуды ойдағыдай аяқтап, қолыма дипломымды алғаннан кейін теориялық білімімді балалардың болашағының жарқын болуына жұмсаймын, - деді Жетібай селосындағы «Нұрай» балаларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Айна Жақауова.
Білім беру бағдарламасын меңгерген жергілікті мемлекеттік қызметкерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері диссертация қорғағаннан кейін, оларға мемлекеттік және қоғамдық саясат мектебінен магистрдің академиялық дәрежесі мен мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ