Маңғыстауға ресми іс-сапармен келген Қазақстандағы Америка Құрама Штаттарының елшісі Джордж Крол Ақтаудағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне бас сұғып, 8, 9, 11-сынып оқушыларына «Дипломат өмірі. АҚШ пен Қазақстан қарым-қатынасына 25 жыл» тақырыпта дәріс оқыды.
Мұхиттің ар жағындағы алып мемлекеттің елшісі қос елдің берік байланысы, сындарлы серіктестігі және келешекке басқан қарышты қадамдары турасында сөз қозғады. Білім шыңына өрмелеген жастарға қазақ елінің құндылықтары, салт-дәстүрлері, киіз үйі туралы орамды ойларымен бөлісті. Маңғаз Маңғыстаудың келбетіне, киелі жерлеріне, Каспийдің сұлулығына ерекше тоқталды. Қазақстандағы сан алуан ұлт пен ұлыстардың татулық бесігінде тербетіліп, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқанын тілге тиек етті. Елші мен оқушылар арасындағы кездесу көңілді әрі қызықты сипатта өтті. Зияткерлік мектептің үш тілді жетік меңгерген шәкірттері көкейіндегі сұрақтарын қойды. Оның ішінде құрметті қонақтың сүйікті спорты, АҚШ үкіметінде қызмет еткен жылдары, Ақтау қаласы мен мектеп жайындағы ойы, қазіргі «қара алтынның» құны, Ақтаудың теңіз порты, халықаралық қарым-қатынастағы әйелдер рөлі, Қазақстанның басқа мемлекеттер үшін тартымдылығы және тағы басқа сауалдар болды. -Ұшақта отырып, алғашқы көргенім – Каспий теңізі болды. Саф ауа, күлім қаққан күн мен самал жел ерекше әсер етті. Қала өте үлкен көрінді. Көп құрылыстар, үйлер, мектептер көздің жауын алады. Кейбір архитектура Американы еске түсіреді. Мен бүгін Ақтау теңіз портында болдым. Ондағы қарбалас жұмысты көрдім, порттың көкжиегі кеңейіп, мүмкіндіктері ұлғайған. Порт басқа мемлекеттермен байланысты бекітіп, дамытатын маңызды торап,-деді Джордж Крол. Америка елшісі Қазақстанның келбеті туралы былай деді: «Сіздің еліңіздің табиғи сұлулығы көз тартады. Қазақстанның терең тарихы, ерекше мәдениеті шетелдіктерді қызықтырады. Алайда кейбір мемлекеттерге Қазақстанды тамашалау қымбатқа түседі. Осы бағытқа ұшу бағасын сәл төмендету мүмкіндіктері қарастырылса нұр үстіне нұр болар еді,-деді ол. Дәріс соңында мектеп басшылығы Америка елшісіне арнайы кампус-тур ұйымдастырды. Мектеп директоры Ермек Пайзов білім ордасының білім беру жүйесімен таныстырып, жарқын жетістіктері, толайым табыстарын паш етті. Елші «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» пәнінің кабинетінде болып, мектептің жүрегі – ұстаздармен танысты. -Оқушылар жаңа адамдармен танысуға, жаңа білім алуға мүмкіндік алды. Кездесу таза ағылшын тілінде өткендіктен, жастар тілін дамытып, қабілетін ұштады. Осындай танымдық кездесулер жиі өткізіліп тұрса деймін. Себебі, білімі жоғары, тәжірибесі мол тұлғалармен танысу арқылы біздер жаңа әлемге қадам басамыз, ой-өрісімізді кеңейтеміз,-деді Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Есет Жидешов.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН