Аталарымыз сан ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан Ислам дінінің басты мұраты— адамдар арасында бейбітшілік орнатып, оны баянды ету. Бүгінде тілімізге оратылып жүрген экстремизм, терроризм сөздерінің дінімізге жат екендігі, бұлардың саяси, экономикалық, әскери және басқа мақсаттарды көздеген топтардың қитұрқы әрекеттерінің жемісі екендігі белгілі. Ең таза да әділетті, өзегі имандылық болған асыл дінімізді өзгелерге жиіркенішті етіп көрсетуге тырысып, Ислам атын жамылғандардың қолымен от көсеп жүргендер өз ойларын жүзеге асыру жолында жанталасуда. Мұсылманның атынан небір сұмдық істер атқарып жатқан түрлі ағымдар да арғы түбі солардың қолшоқпары екендігі де мәлім. Өкініштісі—дін жолына түсіп, рухани тұрғыдан жетілгісі келген жастардың көпшілігінің сол ағымдардың арбауына түсіп қалуы. Сейсенбі күні облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінде өткен дөңгелек үстел басындағы кездесу діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу шараларына арналды. Оған облыс орталығындағы этно-мәдени бірлестіктер өкілдері мен белсенді жастар қатысты. Басқосуды «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің басшысы Амангүл Жайылханова ашып, жүргізіп отырды. Діни экстремизм және оның алдын алу бағытында атқарылып жатқан істер жайлы айтып өткен ол мекемеде осы орайда ақпараттық-насихат жұмыстарының белсенді өткізіліп жүргенін қаперге берді. Дөңгелек үстел басында сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстаудағы өкіл имамы, орталық мешіттің бас имамы Смайл Сейітбеков жастардың жат ағымнан сақтану жолдарын кеңінен түсіндірді. Ата дініміз туралы әңгімелеп, дәстүрді дәріптеуге шақырды. Сондай-ақ ол жастардың діни сауатын ашу үшін осындай шаралардың көптеп өтуі керектігін айтты. Әлеуметтік желілерде көп отыратын жастардың тура жолды насихаттайтын сайттарды ғана қарауы қажет екендігін ескертті. Кездесуге қатысқан белсенді жастар өкіл имамға көкейде жүрген сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА