Маңғыстау облысының шаруаларының әрқайсысында мал шығыны мәселе болып отыр. Қуаңшылықтан мал арам өліп, көтерем болып қалғандары тіпті тұрып, су іше алмайды. Өңірдегі бірнеше ауылдың шаруалары мал жаятын жер таппай, қырға айдап мал үшін далада түнеп жатыр. Мал баққандардың айтуынша жылқылар жейтін шөп түгіл, жусан мен жыңғыл таппай, құм жеп келеді. Ал шаруалар көрші аймақтан сатып алатын жемнің бағасы жығылғанға жұдырық болып қымбаттап кеткенін айтады.
Біраз малымды сатып болдым. Бәрін бағатын жағдайым жоқ. Енді мұршам келмей жатыр. Қызан, Ақшымырау жақта, мынау Боржақтыда жылқылар құлап, орнынан тұра алмай жатыр. Күнде 10, 20 жылқы өліп жатыр. Әлеуметтік желіде көріп жатқандарыңыз рас, - дейді шаруа Есен Қыдырұлы.
Төрт түліктің обалына қалудан қорқып, түгел малын сатып жатқан шаруаның қатары көбейіп жатыр. Ресми мәлімет бойынша үш айдың ішінде Маңғыстау облысында 1 400 мал қырылып қалған. Ал шаруалардың сөзіне сенсек ол есепке қосылмаған төрт түліктің саны жетерлік.
Қаржылай қамтамасыз ету мақсатында мәслихаттың шешімімен облыстық бюджеттен 117 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Бұл айналмалы қаражат болады. Оған қазіргі уақытта жем, шөп сатып алынып оны жергілікті Маңғыстау өңіріндегі шаруаларға сату көзделіп отыр, - дейді Ауыл Шаруашылығы Министрлігінің Мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов.
Маңғыстау өңірі өзге облыстармен салыстырғанда табиғи климатымен ерекшеленетін аймақ. Соңғы жылдары өңірімізде жауын-шашынның аз мөлшерде түсуі салдарынан жайылымдарда көп жылдық шөптер көктемей, төрт түлік мал азығына тапшы болып жатыр. Облыс әкімінің сұранысына сәйкес ауыл шаруашылық министрлігінен арнайы жұмыс тобы құрылып, өңірімізге келіп ауыл шаруашылық жағдайымен танысты. Үкімет деңгейінде шешілуіне ұсыныстар енгізілген болатын. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен Ақтөбе облысына іссапарға барды. Сапардың мақсаты - екі облыс арасында жем, шөп тасымалдауды ұйымдастыру және Ақтөбе облысынан жайылымға уақытша жер беру, - деді Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімі басшысы Аслан Сүйебаев.
Ал маңғыстаулық шаруалар көрші облыстан жайылымға беріледі деп уәде етілген 10 мың гектар жердің аздық ететінін айтады. Өйткені, ол өңір шаруаларының 20 пайызына ғана жетеді. Ал мал баққан азаматтар тек төрт түліктің азығын қолжетімді бағада жеткізіп және жер асты суларының көзін ашып берсе деген тілек айтады.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысындағы қуаңшылық мәселесін шешу үшін өңір қазынасынан 200 млн теңге бөлінгенін Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұлов мәлімдеді.
Махаббат Нұржанқызы