Маңғыстауда есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты 2 қылмыс анықталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz МО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Біріншісі, Мұнайлы ауданында есірткінің заңсыз сатумен айналысқан жергілікті тұрғын ұсталды. Ол "героин" есірткі заттарын сатумен және сақтаумен айналысқан. Адамның әрекетін бақылау мақсатында есірткі затын сатып алу операциясы жүргізілді. Қазіргі уақытта ер адам ұсталып, Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты ҚР ҚК 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Екіншісі, Ақтауда Полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынның жеке үйінің учаскесінде қарасора сортының өсімдіктерін заңсыз өсіру дерегін анықтады. Тінту барысында құрамында есірткі бар өсімдіктердің бұталары алынды. Барлығы 14 бұта екені анықталды. Сонымен қатар, пневматикалық қару тәркіленді. Ер адамға қатысты ҚР ҚК 300-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Сонымен қатар, Ақтау қаласының дәріханасында фармацевттің құрамында кодеин бар "Трамадол" дәрілік затын рецептісіз сату фактісі анықталды. Материал ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы бойынша хаттама жасау және әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментіне жолданды.
Естеріңізге сала кетейік, "Дәрмек" жедел алдын алу іс-шарасы Маңғыстау облысының аумағында 2021 жылғы 24-28 мамыр аралығында өткізілді. Мақсаты - медициналық мекемелерде, фармацевтикалық объектілерде және өнеркәсіптік кәсіпорындарда есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен және прекурсорлармен жұмыс істеу қағидаларын бұзушылықтарды анықтау.