Жүк көлігінің жүргізушілері жолдың ақылы болуына қарсылық білдіріп наразылыққа шықты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазақстан аумағында жүк тасымалдайтын әр өңірдің бір топ азаматы ел ішінде жүрген жол үшін төленетін тарифтің енгізілуіне қарсы.
Жүргізушілер өздерінің ұсыныстарын жеткізіп, ақылы жүйені енгізуге байланысты пікірлерімен бөлісті. Жауапты министрлік пен "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ бір апталық мерзімде барлық белсенділік танытқан азаматтардың ұсыныстарын қоғамдық ассоциациялар арқылы қабылдауға дайын екенін жеткізді. Ассоциациялар барлық ұсыныстарды жинағаннан кейін ақылы жүйені енгізу мерзімі мен төлем мөлшерлемесі туралы Бұйрықтардың жобасы қарастырылады, - делінген "Қазавтожол" ҰК" АҚ-ның ресми сайтында.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында жалпы ұзындығы 682 км болатын 4 ақылы учаске бар. Бірінші ақылы учаске – "Нұр-Сұлтан – Щучинск" 2013 жылдан бастап ақылы болды. 2019 жылдың қаңтарынан бастап ақылы негізде "Нұр-Сұлтан – Теміртау", "Алматы – Қорғас" және "Алматы – Қапшағай" жолдары іске қосылды.
Еске сала кетейік, 1 маусымнан бастап ел аумағындағы 6 мың шақырым жол ақылы жүйеге ауысады деп жоспарланған еді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жеңіл көліктер тек І-техникалық санаттағы автожолдарда төлем жасайды.
Махаббат Нұржанқызы