Ақтауда 2 кәсіпкер «Аshyq» мобильді қосымшасымен жұмыс істеуді бастады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сұлулық салоны мен фитнес орталық келушілерді мобильді қосымша арқылы қабылдап жатыр. Кәсіпкерлік нысанға келгендер қосымша арқылы тақтайшадағы QR-кодын сканерлеп өзінің коронавирустық инфекция жөніндегі мәртебесін көрсетуі тиіс. Егер келушіде сары немесе қызыл түс жанатын болса кәсіпкерлік нысанда ешқандай қызмет ала алмайды. Егер келуші мобильді қосымша арқылы өзінің мәртебесін көре алмаса, кәсіпкерлік нысанында жеке куәлігі арқылы тексере алады.
Біз бұл мобильді қосымшаны қуана қабылдадық. Өйткені осы қосымша арқылы біздің орталығымызға келу қауіпсіз екеніне кепілдік бере аламыз. Біз платформаға тіркелген кезде бізде барлық санитарлық талап сақталатынын растаймыз, - дейді сұлулық салонының басшысы Яна Басанец.
Ақтауда әзірге 2 кәсіпкерлік нысан «Аshyq» мобильді қосымшасының пилоттық жобасына қатысып жатыр. Бұдан әрі апта сайын бес кәсіпкерлік нысан осы қосымшаны енгізеді. Ал сәуір айының 26-сынан бастап әр аптада 60 шақты нысан «Аshyq» қосымшасымен жұмыс істеп бастайды.
Махаббат Нұржанқызы