Былтыр ұлы Абайдың 175 жылдық мерейлі тойын кең көлемде атап өткен еліміз биыл жыр алыбы Жамбылдың туғанына 175 жыл толуын атап өтуде. Абай ақын кеңестік дәуірдің орнағанын көрмей, 1904 жылы 59 жасында өмірден озса, Жамбыл жыраудың ғұмыры жүзге жарты жылдай ғана жетпей, ғасыр жасап, Кеңестер одағының құрылғанын, қалыптасқанын көріп қайтыс болды.
«Үнің кетпес құлақтан,
Ағыны күшті бұлақтан,
Тау суындай тасқыны,
Талқандап құзды құлатқан»... деген өлең жолдарын бала жастан жаттап өскен ұрпақтың өкілі болғандықтан Жамбыл Жабаев есімі бізге бала кезден жақсы таныс.Бұл жырдың кімге арналғанын білеміз, «...үйімізде, төрімізде портретте тұрған кім?» деген өлеңді дұғадай жаттап, қысыңқы көздерімен күлімсірей қарап тұратын «Күн көсемнің» сынып тақтасының жоғарғы жағына ілулі бейнесін мектеп табылдырығын аттағаннан танып, жақсы мағынасында табынып өстік. Тек біз емес, миллиондар сүйтті. Енді ше, Кеңестік қызыл тулы заманда оның, Лениннің атын білмейтін адам болды дегенге кім сенеді?
Кейінгі кезде БАҚ-та Жамбылды Сталин мен Ленинді жырлады деп сөгіп, айыптаушылар көбейіп кетті. Әркім өз заманының перзенті, ал ақын – өз заманының жыршысы. «Заманға қарай саз керек» демекші, идеологияның күшімен кеңестік дәуірдің ақындары Ильич туралы өлең, тіпті тұтас поэма жазды. Жазбауға ешкімнің халі жоқ, жоспар солай, заң солай, бағыт-бағдар солай! Олар өз заманын жырлауға тиіс болды және өз жазғандарына имандай сенді. Сенбесе жазбас еді. Советтік сұңғыла үгіт-насихат соған жалпы халықты сендірді.
Кеңес заманында аты Одаққа, әлемге танымал қазақ ақыны да осы Жамбыл – Жәкеміз еді. Насихат солай болған болуы керек, тіпті Абайдан гөрі Жамбыл аты шетелдіктерге танымалырақ болды деген сөзді Мұхтар Әуезовтің естелігінен білеміз. Оның атында республикада бірнеше ауыл (колхоз), аудан, тіпті облыс болғаны белгілі. Ол заманда әр облыстан Жамбыл атындағы ауылды, көшені кездестіруге болатын еді.
Былай қарағанда, Абай мен Жамбыл құрдас. Абай туған соң араға бір жыл салып,1846 жылдың ақпан айының соңында, дәлірек айтсақ 28-і күні қазіргі Тараз облысына қарасты Жамбыл тауының етегінде болашақ жыр алыбы Жамбыл ақын өмірге келген. Өмірде Абай мен Жамбыл кездесіпті деп айтылмайды, бірақ Жәкеңнің ұлы ақынның суретін көріп шығарған өлеңі бар.
Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Қарсы келер Абайдың кім бетіне?
Ақын атын таратқан әрбір тұсқа,
Соңғыларға қалдырған үлгі-нұсқа.
Арғын, Найман сөзіне таңырқаған –
Қандай арман бар дейсің бұл туыста!
Терең ойдың түбінде теңізі бар,
Тесіле көп қарасаң, көңіл ұғар.
Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей,
Есіл сабаз ызамен өткен шығар!.. деген сөздерді қарт ақын бекер айтпағаны анық. Абайды «өлең – сөздің құдіреті» деп түсініп, ұлылығын таныған Жәкеңді кім осал деп айта алар?
Ақынның өмірбаянына көз жүгіртсек, «Жамбылдың ата-тегі кедей, момын шаруа болған. Әкесі Жабай орта бойлы, жұмыр денелі, ат үстінде әбжіл, найзагер кісі екен. Досына мейірбан, дұшпанына қатал болса керек. Оның ел, жер, барымта дауларына араласып, бітімгершілік айтқан кезі де болыпты. Осындай ерекше мінезін, жауынгерлігі мен бітімгерлігін ұнатқан Әшекей оны қасына алып, өзінің малшы жігіттеріне басшы етіп ұстайды.
Жабайдың зайыбы Ұлдан Орымбетқызы Жаныс елінен. Олардың ата-бабалары ертеде Қаскелең, Шу, Талас және Ұзынағаш бойында көшіп-қонып жүрген. Әшекей – сол Жаныс елінің ауқатты, белді адамы. Ұлдан көп сөйлемейтін, сөйлесе тауып айтатын, турашыл тік мінезді, әрі абысын-ажын арасында бетті, беделді ана болыпты. От көзді, тәмпіш мұрынды, бүйрек бет, нұрлы жүзді, қызыл шырайлы кісі екен. Жамбыл Жабаев сол анасынан айнымаған деседі. Ұлдан той-жиындарда қиыстырып өлең айта беретін, әсем дауысты әнші екен. Бірақ онысын өнер тұтпаған...».
Он бес жасында Сүйінбай ақыннан бата алған бала Жамбыл:
Менің пірім Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай, – деп өмір бойы ұстазын пір тұтумен өткен және 17-18 жасынан айтысқа түсіп, сөз додасының небір майталмандарымен үзеңгі қағысады. Жастық дәуренінде Қарқара жайлауында ақын қыз Сарамен кездесіп, айтысады. Жаныс ақынмен айтысып, жеңеді. Жамбылдың 1881 жылы 35 жасында ақындық қуаты нағыз толығып піскен уағында Құлмамбетпен болған әйгілі айтысында:
...Ешнәрсе қанша айтқанмен ете алмайсың,
Бұлтарып мен тұрғанда кете алмайсың.
Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт!
Қарынбайдай сараңдар толып жатыр,
Оны мақтап сандалмай, жөніңе қайт! – деп «Құлмамбет менің атым – Құлан аян, Менің құлан екенім тәңірге аян» деп сөз бастаған Құлмамбетті жеңіп кетуі, оның шынында да «өлең сөзге даңғыл» ақын екенін көрсетті. Жамбыл Құлмамбетті жеңген соң, 1895 жылы Сарыбаспен, Досмағамбетпен, 1909 жылы Шашубаймен айтысқан.
Жамбыл Жапаұлы ХІХ ғасырда айтыс мектебін жасап, қалыптастырған Орынбай, Шөже, Кеншінбай, Түбек, Жанақ, Ақан сері, Біржан, Сара, Ақсұлу, Әсет, Ырысжан, Сүйінбай, Майкөт, Майлықожа, Құлыншақ тағы басқа белгілі ақындардың қатарында болды.Оның «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» т.б. батырлық дастандары – бір бөлек тақырып.
Өмірде Жамбыл – әрдайым елімен бірге болған халық ақыны. 1916 жылғы патшаға қарсы көтеріліске араласуы, елдің сөзін сөйлеуі, Ұлы Отан соғысы жылдарында «Ленинградтық өренім» өлеңінің плакаттарға жазылып, көшеге, үй қабырғаларына ілініп, елдің еңсесін көтеруі соны растайды. Оның аты Одақ көлеміне «Қазақтың Гомері» деген атпен жайылып, алыс-жақын шетелдерге белгілі болды.
Енді сондай тұлғаны даттап, аруаққа тіл тигізу обал, тіпті күнә емес пе? Тіл тигізіп жүргендердің өздері бастауыш сыныптарда жоғарыда біз мысал келтірген өлеңдерді жаттағанын, қызыл туды төбесіне көтеріп, мінберден айтылған коммунистік ұрандарға «Уралап» (7 қараша, 1 мамыр т.б күндері) шеруге шыққанын, пролетариат көсеміне Құдайындай табынғанын ұмытпауы керек шығар. Өйткені олар да советтік мектепте оқыды ғой...
Үміт ЖӘЛЕКЕ