9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні елімізде кең көлемде аталып өтіледі. Бұл күні майданға кетіп оралмаған талай жандардың рухына Құран бағышталып, Отан үшін от кешкен жауынгерлердің жанқияр ерлігі өсіп келе жатқан жас буынға үлгі етіледі. Әрбір жан соғысқа кеткен жақындарының жанқияр ерлігі туралы әңгіме естелігімен бөлісіп, ұрпаққа үлгі етеді. Осы орайда Nur Otan партиясы да #Qaharman челленджін бастаған. Алғашқылардың бірі болып "Ақ жол құрылыс" ЖШС Бас директоры Асылбек Жолдыбаев #Qaharman челленджін жалғастырған болатын.
Оқи отырыңыз А. Жолдыбаев Nur Otan партиясы бастаған #Qaharman челленджін жалғастырды.
Құрметті оқырман, майдан даласында соғысқа қатысып, тылда еңбек еткен жақындарыңыз болса, солардың ерен еңбегі туралы естеліктеріңізді "Маңғыстау Медиа" редакциясына жолдауыңызға болады. Бұл келешек ұрпақ үшін үлгі өнеге, олардың өшпес ерлігі біздің жадымызда мәңгі сақталады.
Ал кеше Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов өзінің фейсбук парақшасында 18 жасында соғысқа аттанған әкесі Мұқыр Ниязұлы туралы естелігімен бөлісті.
"9 мамыр - мен және менің отбасым үшін ерекше күн. Бұл адамзат тарихындағы ең қанды соғыстың аяқталған күні. 9 мамыр – фашизмді тас - талқан етіп, оқ пен оттың ортасында жүріп Отаны мен ошағын қорғаған батыр әкелеріміз бен аналарымыздың жеңіс туын желбіреткен күн. Ұлы Жеңіс күні. Біз әрқашан аға буын алдында парыздармыз. Расында, біз қайсар аталарымыздың батырлығы, рухшылдығы мен Отанға деген сүйіспеншілігінің арқасында қазір бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз.
Менің әкем Мұқыр Ниязұлы соғысқа 18 жасында 1943 жылы аттанды ( 05.04.1925 жылы туған). Оның жауынгерлік жолы Тула қаласындағы 156 атқыштар дивизиясының 361-атқыштар полкінің бөлімше командирі қызметінен басталды. ІІІ-ші Белорус майданының Витебск бағытындағы шайқастарға қатысты.
Содан кейін, Невель қаласын басып алу ұрыстарына қатысты. Жарақат алды, әскери госпитальге түсті. Жағдайы бері қараған бойда әскер қатарына қайта оралды. 1944 жылы жеделдетілген командирлер даярлау курсына жіберілді. Бұдан әрі Жоғарғы Бас Қолбасшының қарамағындағы 9-шы әуе армиясының 299-шы авиатехникалық батальонында қызмет етті. Осы бөлімшенің құрамында Калининград бағытындағы шайқастарда соғысты. Ұлы Жеңісті Қарсы алды.
Әрі қарай, ол қызмет еткен әскери бөлім жапон милитаристеріне қарсы күресті жалғастыру үшін Жапония (Маньчжурия) шекарасына көшірілді. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін әкем Қиыр Шығыстағы авиациялық дивизия құрамында қызмет атқарды (1945 - 1950 жж.).
1949-1950 жылдары Корей түбегінің соғыс қимылдарына (Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы соғыс) қатысу қажет болды.
Тек 1950 жылдың қараша айында ол үш соғыстың майдангері ретінде өзінің туған жеріне, бейбіт өмірге оралды.
Дәрежесі жоғары Орден, медальдармен марапатталған. Міне, оның сегіз жылдық әскери қызметінің қысқаша өмірбаяны осы.
... Енді, көп жылдар өткен соң, біз аға буынның шынымен үлкен ерлік жасағанын түсініп отырмыз. Жан аямай тарихтағы ең сұрапыл соғысты тоқтатып, өскелең ұрпақтың азаттығы үшін бәрін жасағанын ұғындық.
Бүгінгі күн мен түн бізге ең алдымен бейбітшілік пен келісімнің қымбаттығын сезінтіп, ақиқатты айғақтайтын күнмен қатар келді", делінген жазбада.