Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров ауданда 2020 жылы атқарылған жұмыстар бойынша онлайн есептік кездесу өткізді. Барлық санитарлық талаптар ескерілген онлайн жиынға Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, бірқатар жауапты бөлім басшылары және аудандық мәслихат депутаттары қатысты.
Аудан әкімі алдымен тікелей эфир арқылы жолданған тұрғындардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді.
Бүгінде аудан халқын толғандыратын басты мәселенің бірі – тұрғын үй, жеке тұрғын үй салу үшін жер телімі. Тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны 3 052 адам болса, жеке тұрғын үй салу үшін жер телімі кезегінде 32 560 адам тұр. 2021-2022 жылдары 3075 жер телімін беру жоспарланып отыр. Ауданның теңіз жағалауы аумағындағы 21 шақырым (138 га) жер орынға туризим саласын дамыту мақсатында 2022 жылы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жасақталмақ.
«Бақытты отбасы» жобасы аясында аз қамтылған көпбалалы отбасыларға, мүгедек балаларға және жетім балаларға әлеуметтік қолдаудың қосымша түрлері жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде. Бағдарлама қатысушыларына тұрғын үй құнының 10 пайызы көлемінде алғашқы жарна есебінде тұрғын үй сертификаттары берілді. Нәтижесінде 22 отбасы баспаналы болды.
Маңғыстау ауылы, 22 кварталда көпқабатты тұрғын үйден 67 жалдамалы пәтер сатып алынды. Аталған пәтерлерді тұрғын үй кезегінде тұрған көп балалы отбасыларға беру жоспарлануда
2020 жылы аудан бойынша 72 шақырым асфальт жол, 96 шақырым қатқыл табанды жол төселді.
Былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалар аясында 9 жоба, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 11 жобаны іске асырылды.
Аудан мектептердегі үш ауысымды оқытуды жою мәселесі өзекті. Себебі өңірде туу көрсеткіші жоғары және басқа өңірден көшіп келушілер де көп. Биылғы жылдың өзінде оқушылар саны 2 000 балаға артқан.
Бұл мәселелерді шешу үшін, Мұнайлы ауданы бойынша 5 орта мектептің сметалық құжаттамалары жасақталуда. Биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша Басқұдық ауылында 1800 орындық 2 мектептің құрылысы басталады.
2020 жылы алғашқы медициналық қызмет көрсету мақсатында аудандық жедел жәрдем бөліміне жаңа 11 медициналық автокөлігі берілді. Маңғыстау ауылынан 150 кереуеттік орталық аудандық аурухана құрылысын салу жоспарда бар.
Ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша аудан тұрғындарының 92 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 2020 жылы Қызылтөбе ауылдық округінің, Маңғыстау ауылы Айрақты және Бесшоқы тұрғын үй массивінің сумен қамту жүйесінің құрылыс жұмысы толық аяқталды.
Ал Басқұдық ауылдық округін сумен қамту желілер құрылысына 2020 жылы құрылыс монтаждау жұмыстарының 90%-ы орындалды. Құрылыс жұмыстарын аяқтауға 2021 жылы жергілікті бюджет есебінен қаржы қарастырылды. Бүгінде Баянды ауылында тәулігіне 1 000 текше метр су тұщыту қондырғысы қалпына келтірілуде, сонымен қоса, мамыр айында тәулігіне 3 000 текше метр су беретін тұщыту қондырғысы орнатылатын болады. Осы жобалар іске асқан жағдайда, Баянды, Дәулет ауылдары мен Бесшоқы тұрғын үй массивіне кестеге сәйкес берілетін су уақыты көбеймек.
Жиын соңында аймақ басшысы С.Трұмов аудан әкіміне жұмыс орнын көбейту үшін кәсіпкерлікті дамытуды, ауыз су тапшылығын жою үшін су тасу көліктерінің санын көбейтуді, баспана кезегіндегілерді үймен қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлерден пәтер сатып алуды ұйымдастыруды тапсырды.