Бүгін аймақ басшысы Серікбай Трұмов облыстық Қоғамдық кеңес мүшелеріне есеп берді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарына тоқталып, 2020 жылы атқарылған жұмыстар мен 2021 жылға арналған міндеттері туралы баяндама жасады. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
2020 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында негізгі макрокөрсеткіштердің оң динамикасына қол жеткізілді. Жалпы өндірілген өнімнің ішінде мал шаруашылығында өсім бар, тұрғын үйді іске қосу қарқыны – 101,5% пайызға орындалған.
Өңір тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген мәселелерінің бірі – қала және ауылішілік жолдарды күрделі жөндеуден өткізу болатын. Былтыр осы мәселені шешуге мүмкіндік туды. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Бейнеу, Ақшұқыр, Қызылтөбе, Баянды, Басқұдық ауылдарында 46,1 шақырым жол салынды және 47,4 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді. Осы жылы да аталған бағдарлама аясында Сайын Шапағатов, Мұнайшы, Жетібай ауылдары қамтылып 16,5 шақырым жол салынады және 37,2 шақырым жол орташа жөндеуден өткізіледі.
Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасы арқылы Ақтау қаласының 6 бірдей шағынауданішілік 136 мың шаршы метр жол жөндеуден өтті.
Ақтауда ондаған жылдан бойы шешімін таппаған мәселенің бірі – қоғамдық көліктердің жағдайы еді. Өткен жылы қаладағы автобус парктерін жаңарту үшін отандық 18 автобус сатып алынып, қалалық № 3, 7, 8 маршрут бағыттары бойынша қызмет көрсетіп жатыр. Бұған қоса, осы жылы қалалық №3а, 5, 107 маршруттары бойынша 30 автобус ел игілігіне пайдалануға берілді.
Сонымен қатар облыс әкімі С.Трұмов тұрғынды мазалайтын мәселелерге тоқталып өтті. Ол оуыз су. Күнделікті тұрғындар тұтынатын тіршілік нәрі барлық жерге жетіп тұрғанымен шаруаларға және бақша өсіруге судың тапшылығы байқалады. Мәселе ірі жобаларды іске асыру арқылы кезең-кезеңімен шешілетіні айтылды.
Балық шаруашылығын дамыту да өңірдің әлеуетті даму бағыттарының бірі болып саналады. Өткен жылдың шілде айынан – 2021 жылдың шілдесіне дейінгі балық аулау кезеңіне 11 218 тонна квота бөлініп, қазргі кезде 5000 тонна балық ауланды. Осы саланы дамыту мақсатында Маңғыстау облысында 2021-2030 жылдары балық шаруашылығын дамыту өңірлік бағдарламасы жасақталды. Қазіргі таңда өңірде бекіре тұқымдас балық шаруашылығымен айналысатын «Казах Осетр» ғылыми өндірістік кәсіпорны» мен «Каспиан Ривьера» ЖШС-і қызмет етеді. Бұдан бөлек, бағдарлама аясында тауарлы күмжі (лосось) және тұқы (карп) балық түрлерін өсірумен айналысуға бірқатар инвесторлар ниет білдіруде.
Жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелері облыста мектеп формасын тігетін кәсіпорындар ашу, мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығын дамыту және құрылыс саласына жұмыссыздықта тіркеуде тұрған азаматтарды жұмысқа алса деген өтініштерін жеткізді.