Мұнайлы аудандық соты аудандық Полиция бөлімінде көшпелі сот отырысын өткізіп, полиция капитаны Б.А-ға қатысты іс бойынша үкім жариялады. Бұл туралы Мұнайлы аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот мәжілісі аудандық Полиция бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен өтті.
Сотта анықталғандай, ПБ учаскелік инспекторы Б.А. 2020 жылы маусым-тамыз аралығында есірткі және психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз тасымалдау және өткізуді ойластырған. Өз ойын іске асыру үшін танысына 2 дана сіріңке қорапшасына салынған, салмағы 6,65 грамм «марихуана» есірткі затын сатқан.
Мемлекеттік айыптаушы сотқа берілген айыптауларды толық қуаттап, сотталушыға ҚР ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігімен 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Қорғану тарапы – сотталушыға тағылған айыптар дәлелденбейтіні жөніндегі уәждерін келтіріп, оны ақтауды сұрады. Сотталушы қорғаушының уәждерін қолдады.
Сот шешімімен сотталушының жасаған әрекеті сот тергеуінде жан-жақты, толық және объективті түрде зерттелген материалдармен дәлелденді. Сотталушыға жаза тағайындау барысында қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлары ретінде бұрын сотталмағандығы мен кәмелетке толмаған 3 баласының бары ескерілді.
Сот үкімімен Б.А. ҚР ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салумен бірге, 5 жылға бас бостандығынан айыру және ҚР ҚК-нің 49-бабының 1 бөлігіне сәйкес, «полиция капитаны» арнаулы шенінен айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.