Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Самат Сүлейдің айтуынша, Бозжыраның басында ешқандай құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жоқ.
«Екіншіден, жоба әлі қаралып жатыр. Туристік нысан салуға ниетті компания тарапынан нақты әрі соңғы жоба әлі келген жоқ. Бұған дейін үш нұсқасы ұсынылған болатын. Бірақ бұл соңғы вариант дегенді білдірмейді. Яғни, толықтыру, жетілдіру процесінде. Үшіншіден, алдын-ала ел-жұртқа ескертілмей, қоғам талқысына неге ұсынылмаған деген тұрғындар уәж айтылып жатыр. Жоғарыда атап өттім. Әлі күнге дейін әкімдікке немесе тиісті жауапты мемлекеттік органдарға жобаның соңғы нұсқасы берілген жоқ. Қолға құжат тиген кезде, эколог, туризм саласының сарапшылары, журналистер және қоғам белсенділерінің ойын ескере отырып ашық форматта қоғамдық тыңдау ұйымдастырылады. Төртіншіден, бутик-отель бой көтеретін болса, Бозжыра шатқалынан кемінде 1,1-5 шақырым қашықтықта салынуы тиіс. Босжыра ешқандай қоршалмайды, дәл қазіргі қалпы сақталады», - деді Самат Сүлей.
Ол отельдің аумағы 80 га болады деген ақпараттың қате екенін айтты. Шамамен шағын ғана 5-6 га шамасында болуы мүмкін.
«Алтыншы, бірнеше қабаттан тұратын, биік емес. Бір қабатты бутик отель болады. Яғни, ойын-сауық орталығы емес, алыс жолдар шаршап келген туристерге қолайлы, демалуға ыңғайлы, ас ішіп аяқ суытатын орталық ретінде қарастырылып отыр. Қоғам тарапынан тағы бір уәж бар. Қоршаған ортаға, айналысындағы жан-жануарға зиян болады деген. Керісінше, ол жерде соңғы технологияларды ескере отырып, газ, су, тоқ көздері тартылмайды. Барлығы күн және жел энергия көздерінен алынатын болады. Жауапты мекеме жол сала отырып, ретсіз көлік жүрісін реттеп, қоқыс мәселесін қолға алады. Тағы бір ескере кетсек, аталған жоба әлі талқылану үстінде, нақты жоба жасақталған бойда қоғам назарына ұсынылатын болады», - деп толықтырды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Бозжырада қонақүй салу дауына қатысты Экология министрлігі мен Мәдениет вице-министрі пікір білдірген болатын.