Биыл футболдан «Каспий М» жастар командасы алғаш рет екінші лига командалары арасындағы ҚР біріншілігінде сәтті өнер көрсетті. Осы орайда «Каспий М» жастар командасы алтын медальмен марапатталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты «Каспий» ФК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл карантин ережелеріне сәйкес барлық комадалар 4 топқа бөлініп, ойын өрнегін көрсеткен болатын. Олар 4 конференцияға бөлінді. Ал жергілікті «Каспий М» жастар командасы «Батыс» конференциясында «Атырау М», «Ақтөбе М», «Қайсар» футбол командаларымен сынға түсті. Нәтижесінде бірінші орынды иеленді.
Барлық төрт конференцияның жеңімпаздары «Каспий М», «Игілік» (Қаратау), «Қызылжар М» және «Ақсу» ФК келесі маусымның бірінші лигада ойнау құқығын және жарыстың алтын медалын алды.
Айта кетейік, «дублер» командасы «Каспий» футбол орталығының 100% тәрбиеленушілерінен тұрады. Бас бапкер Мақсат Джамбировтың айтуынша, осы маусымда «Каспий» негізгі командасы үшін негізгі резерв болып табылатын мықты жастар командасын құруға мүмкіндік туды.