Биыл Шетпе ауылының 13 көшесіне асфальт төселді. Жалпы ұзындығы 11 шақырымдай жолды төсеу жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы алынған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Тұщықұдық пен Шебір арасын жалғайтын автожолдың құрылысы кеше ғана аяқталды. Бұл жол әу баста жеңіл негіздегі құрылыммен салынған. Жобаға сәйкес шебін мен цемент араластырып төсеп, үстіңгі қабатына битум құйылған. Алайда кепілдік мерзімі аяқталмай жол жарамсыз күйге түскен еді. Біз мердігерді сотқа беріп, жеңіп шықтық. Нәтижесінде мердігер 13 шақырым жолды өз есебінен асфальттады, - дейді Тілек Көшмағанбетов.
Сондай-ақ Шетпе-Қызан автокөлік жолының 13 шақырымына (арпалы жері) көпір салу жұмыстарын биыл аяқтау, көпір құрылысын пайдалануға беруді жоспарланған. Сайөтес ауылы Толыбай шағынауданының селоішілік жолдарын салу жұмысы да осы жылдың соңына дейін аяқталады деп отыр. Ауылішілік жолдың жалпы ұзындығы – 5,6 шақырым. Құрылысты «Ақжолқұрылыс» ЖШС жүргізді.
«Сонымен қатар Шетпе-Қызан автокөлік жолын қайта құрылымдау (Тасмұрын-Мәстек аралығы) жұмысы туралы айтатын болсақ, 36 шақырым аудандық дәрежедегі автокөлік жолының 20 шақырымына асфальт жабыны төселіп, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалған 16 шақырымы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр», - деді Тілек Көшмағанбетов.
Оның айтуынша, Қызанға дейін жол жеткізу мақсатында «Шетпе-Қызан» автокөлік жолының 85-110 шақырымы жөндеу жұмысына жобалық сметалық құжат жасалып жатыр. Жобалаушы - «Каздорпроект» ЖШС. Қазіргі таңда жоба мемлекеттік сараптама қарауына тапсырылды. 2020 жылдың соңына дейін құрылысына өтінім беріледі. Ал 5,6 шақырымды құрайтын Шебір ауылішілік автокөлік жолының 2 шақырымы биыл, қалған 4 шақырымы 2021 жылы жасалады.
«Аудан көлеміндегі жолдардың орташа жөндеу жұмыстарына тоқталатын болсақ, Онды ауылына кіреберіс 8 шақырым автокөлік жолы орташа жөндеуден өтті. Тұщықұдық ауылына кіре беріс 29 шақырым жолдың асфальт жабыны төселді, енді қорғаныс қабатын төсеу жұмыстары бар. 21 шақырымды қамтитын «Шетпе-Тиген-Қызан» автокөлік жолының 9 шақырымы осы айда жөнделеді. Қалған бөлігі 2021 жылы жөнделеді. 15 шақырым Қызан-Акшымырау автокөлік жолын орташа жөндеуге байланысты айтатын болсақ, толықтай асфальт жабыны салынды. Енді алдағы жылы қорғаныс қабаты төселмек. Шайыр және Жармыш ауылына кіреберіс жолдың жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал Онды мен демалыс орны аралығындағы 6 шақырым жолға орташа жөндеу жұмысы келесі жылы жасалады. Жоба өтпелі», - деді Тілек Көшмағанбетов.
Сонымен қатар ауданда Маңғыстау облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан «Жыңғылды-Шайыр-Шерқала мекені автокөлік жолын қайта құрылымдау» жалпы ұзындығы 30 шақырым жұмысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда «Шайыр-Шерқала» автокөлік жолы толықтай аяқталып пайдалануға берілді. Енді «Жыңғылды – Шайыр» аралығы жасалады.
«Қазіргі таңда бірнеше жолдың жөндеу жұмыстарын жүргізуге толық дайынбыз. Олар Ақшымырау және Жыңғылды ауылішілік автокөлік жолдары, Шетпе ауылы Ащыбұлақ шағынауданында салынатын автокөлік жолы. Сонымен бірге Таспас каръеріне кіре берістегі аудандық дәрежедегі жолдың орташа жөндеуі», - деді аудан әкімі.
Ал Шетпе ауылындағы Базарлы, Жаңа Орпа, Шетпе-1 шағын аудандарының ауылішілік жолының құрылысына және Шетпедегі теміржол өткелі маңындағы автокөлік жолын кеңейтуге, «Сайөтес-Сисем Ата» автокөлік жолының құрылысына жобалық сметалық құжаттары жасақталып жатыр.
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН