Маңғыстау ауданындағы Тұщықұдық пен Шебір арасын жалғайтын автожолдың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мердігер мекеме өз қаражаты есебінен 13 шақырым жолды асфальттап, олқылықтардың орнын толтырды.
«Облысымызда соңғы үш жылда 368,3 шақырым автомобиль жолы салынды. 306,6 шақырымы жөнделіп, жаңғыртылды. Жалпы, өңірдегі барлық жолдың ұзындығы – 2 948 шақырым. Республикалық маңызға ие 1020 жол бар. Жақында ұзындығы 97 шақырым «Ата жолы» жобасының ауқымды құрылысы аяқталғанын білесіздер. Бұл – өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған негізгі қадамдарымыздың бірі», - деді облыс әкімі Серікбай Трұмов.
Облыс басшысының айтуынша, қазіргі таңда теңізді жағалай салынған демалыс орындарына қарай және «Құрық» портына дейінгі автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Жол 2 жолақтан 4 жолаққа кеңейтілуде. Жалпы ұзындығы – 27 шақырым. Оның 15,6 шақырымына асфальт жабындысы мен тротуар, веложолақ төселді және жарық шамдары орнатылды.
Алдағы уақытта тағы ұзындығы 23,15 шақырым болатын Ақтау – әуежай жолын жаңғыртып, кеңейтуді жоспарлап отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА