Тұңғыш лоукостер FlyArystan ел ішінде жаңа рейстер ашқаны жайлы осыған дейін де жазған едік. Mangystaumedia.kz ұжымы Ақтөбе және Орал қалаларына FlyArystan-мен сапарға шыққан болатын. Әуекомпанияның ерекшелігі мен қызмет көрсету шарттарын алдыңғы мақалалардан оқи аласыз. Ақтаудан Оралға ұшқан сапарымызда балалармен жолға шыққан жолаушы көп болды. Жалпы баламен ұшаққа отырарда нені ескеру керек?
2 жасқа толмаған балалар тегін ұша алады. Алайда өз билетіңізді рәсімдеген кезде сәбиіңізбен бірге ұшатыныңызды көрсетуіңіз керек. Өйткені қауіпсіздік мақсатында әрбір балаға жеке билет рәсімделеді. FlyArystan бортының әрқайсысында сәбилерге арналған 18 құтқару жилеті мен белдік бар.
Ал 16 жасқа толмаған жасөспірім кәмелеттік жасқа толған ересек адамсыз ұшақ бортына отыра алмайды. Егер кәмелеттік жасқа толмаған баланы өзінің ата-анасынан бөлек туыстары ертіп жүрген жағдайда ата-анасынан нотариалды куәландырылған сенімхат алуы керек.
16 жасқа толған жасөспірімдер тек күндізгі рейстерде ересек адамсыз ұша алады.
Сәби ұшақта тынымсызданып, жылай берсе қайтпек керек?
Кез келген рейсте міндетті түрде сәби болады. Бала сапар барысында тынымсызданып, жылауы әбден мүмкін. Осындай сәтте сәбидің ата-анасына түсіністікпен қарап, көмектескен абзал. Десе де адамдар көп ретте кішкентай жолаушыларға аса сүйіспеншілікпен қарамайды. Тіпті іштей «бір орынға түсіп қалмасақ екен» деп тілейтіндері де жасырын емес.
Біріншіден, бейтаныс орта болғандықтан ұшаққа үйрену сәбилерге оңай жұмыс емес. Екіншіден, ұшақ неғұрлым жоғары көтерілген сайын ауа қысымы да төмендейді. Бұл кезде ересек адамның өзі бас, құлақ ауруын немесе өзге жайсыздықты сезеді. Ал сәбилердің құлағы осындай кезде қатты ауырады.
Егер сәбимен ұшаққа отырамын деп шешсеңіз, түнгі рейспен жолға шыққаныңыз абзал. Өйткені ұшқанда балаңыз түнгі ұйқыда болады. Ал ұйқы кезінде сәбилер құлақ ауыруын сезбейді екен.
Құлақ бітелгенде су ішу, жалпы жұтыну жайсыздықты сәл де болса азайтады. Суды сорғыш кәмпиттермен де алмастыруға болады.
Сондай-ақ бортта сәбиіңізді емізуге қысылмаңыз. Еме отырып сәбиіңіз тынышталады, қарны тояды және жоғарыда айтқанымыздай жұтынған сайын құлақ бітеліп қалмайды.
Егер бала ештеңеге көнбей, қатты жыласа, тәжірибелі бортсеріктер мынадай тәсілді қолданады: 2 стақанды майлықпен толтырады да, үстіне аз мөлшерде ыстық су құяды. Сонда стақан ысиды, ал қатты буланса тіпті жақсы. Жылы стақанды сәбидің құлағына тұтса, құлақ ауыруы басылады. Тіпті, бортсеріктер бұл әдіске «Чебурашка» деген ат қойған.
FlyArystan бортындағы «Salem» журналында балалар беті бар. Онда балалардың көңілін аулайтын қызықты ойын көп. Балаңызбен бірге журналдағы қызықты ойындарды ойнап, тапсырмаларды орындау сапардың тез өтуіне көмектеседі. Ал жолға шығарда балаңыздың сүйікті ойыншығын ала шығуды естен шығармаңыз!
Сапарыңыз сәтті болсын!
Тойгүл ЖУБАНИСОВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН