Ақтау қаласы маңынан табылған арыстан бүгін Алматыға жіберілді. Жануарды жеткізу үшін Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекцияларының қызметкерлері мен Алматы хайуанаттар бағының ветеринарлары Ақтау әуежайына жолға шықты. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Арыстанды «Охотзоопром ӨБ» РМҚК жабайы жануарларды көшіру орталығы тасымалдайды. Орталық қызметкерлері арыстанды арнайы қорапқа орналастырған.
«Бүгін кешке арыстан Алматыда болады. Оны жабайы табиғатты қалпына келтіру орталығының, Алматы облыстық орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері және хайуанаттар бағының мамандары күтіп алады», - дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Серік Ділдахмет.
Еске сала кетейік, 25 маусым күні Ақтау қаласы маңында иесіз арыстанның дала кезіп жүргені жайлы әлеуметтік желіге видео тараған болатын. Осы уақытқа дейін иесіз ұсталған арыстанды арнайы Мәскеу циркінің ұжымы қараған болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА