Ақтау маңында иесіз ұсталған арыстан Алматының зоопаркіне тұрақты қоныстанады. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Осыдан екі күн бұрын маңғыстаулық эколог Кирилл Осин жыртқыш аңның ендігі жағдайына алаңдап, қала әкімі Нұрдәулет Қилыбайдан көмек сұраған болатын.
«Қазір арыстанның жағдайы жақсы. Оны Мәскеу циркінің ұжымы алған болатын. Енді әрі қарай арыстанды бағуға ұжымның шамасы келмейді. Арыстан қазір – 1,7 жаста. Қолға үйретілген. Бірақ үйде ұстауға болмайды. Алматы мен Шымкентте зообақтар бар. Алайда оларға хабарласуға қала әкімі Нұрдәулет Игілікұлының көмегі керек», - деді эколог өз жазбасында.
Осыдан кейін шаһар басшысы экологтың өтінішін қолдап, арыстанды тұрақты түрде Алматының зоопаркіне қоныстандыру туралы келісімге келді. Шымкент қаласының бағы да қабылдауға дайын.