Қазақстан Республикасы әлемнің небір алпауыт дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру жолында. Ол үшін республика билігі сан түрлі саясатты қолға алу үстінде: шет мемлекеттермен достық қарым-қатынас жасау, ел экономикасын жаңғырту, мемлекеттің хал-ахуалын жақсарту, саяси тұрақтылықты қалыптастыру, мемлекеттің дамуына кедергі жасаушы факторлармен күресу және т.б. Республикамыздың осындай басты мақсаттарының бірі ол – сыбайлас жемқорлықпен күресу болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық өте қауіпті жағымсыз әлеуметтік көріністердің бірі. Ол экономикалық заңдардың еркін әрекетін шектейді және еліміздің әлемдік қоғамдастық алдындағы беделін төмендетеді. Сыбайлас жемқорлық әсіресе, мемлекеттік билік органдарында қауіпті. Бұл жағдайда ол мемлекеттік қызметшілердің шешім қабылдауда беделін түсіретін өкілеттігінің және қатаң құқықтық есеп берудің, шенеуніктерді қадағалаудың жоқтығынан биліктің монополияға айналуына әкеліп соқтырады. Ол еліміздің, қоғамымыздың және жекелеген азаматтардың мүдделеріне көп зиян келтіреді. Сыбайлас-жемқорлық экономиканың дамуына кедергі жасайды және мемлекетте ұйымдастырылған қылмыстың өсуіне ықпалын тигізеді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына әкеп соғады. Сыбайлас-жемқорлық мемлекеттік жүйенің барлығын бұзады, мемлекеттік билік беделінің және мемлекеттік қызмет абыройының құлдырауына ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы - ТМД елдерінің ішіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы арнайы заң қабылдаған бірінші және бірден-бір мемлекет. Мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмыстарының нысандылығы мен тиімділігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері Елбасының жеке бақылауында тұрғандығына негізделген. Сыбайлас жемқорлықтың өзекті мәселелері, оның пайда болуы, онымен күрес жүргізудің қылмыстық-құқықтық құралдары қызу пікір таластарын туғызу үстінде. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары сияқты қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мемлекетіміздің басқару жүйесіндегі сәйкесті буындарды тұншықтырып, олардың қалыпты, заңды қызмет жасауына кедергі келтіреді. Ал, іс жүзінде бірқалыпты дұрыс қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың қызметі ғана қоғамның экономикалық дамуына, оның мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қабілетті. Осыған орай мемлекеттік басқару жүйесін қорғау, оған қылмыстық қол сұғуды болдырмау ең маңызды мәселе болып табылады. Өйткені мемлекеттік аппарат қоғамды басқару жүйесінің қажеттілігі, басқару жүйесіндегі әр түрлі процестердің реттеушісі болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйелі, бағдарламалық негізінде құрылады. Біздің елімізде бес жыл сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік бағдарламалар қабылданады. Қазіргі уақытта мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын айқындау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №986 Жарлығымен қабылданған Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы қолданыста. Стратегияның мақсаты мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады. Мемлекетімізде сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін ең алдымен әрбір мемлекеттік қызметші өзінен бастауы керек. Мемлекеттік қызметтің дұрыс атқарылуын қамтамасыз ету мақсатында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін мемлекеттік қызметші жоғарыда аталған стратияға және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңына сай мемлекет қызметтік өкілеттіктерді пайдакүнемдік мақсаттарда пайдалану пайдасыз және мүмкін емес болатын шараларды одан әрі қабылдап, жағдайлар жасайды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.
Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттің органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттің органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындаулын қамтамасыз етуге міндетті.
Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігн тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке болып, ат салысып, қарсы жұиылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымз анық.
Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі - ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
«Әділдік жоқ жерде пара белең алады», «Дүние-байлық неге керек, денсаулығың болмаса, Төрелігің неге керек, халықтың көңілі толмаса» деген нақыл сөз сот саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің де бағдары іспеттес. Шынында да, біз әділ төрелік жасап, жемқорлықтан жоғары тұрған жағдайда ғана халық сеніміне ие боламыз.
Жалпы сыбайлас жемқорлықпен күресу жеке адамдардың немесе жекелеген топтың ғана емес мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы. Осыны шынайы орындау үшін әрбір лауазым иесі өзінің жан-дүниесін ұдайы таза, адал ұстауы тиіс. Сонда ғана олар қарапайым халықтың сенімін ақтап, қоғамның тежеусіз дамуына үлес қосқан болар еді. Осы кеселге қатаң бағытталған мемлекеттік бағдарлама жоғары деңгейдегі жауаптылықпен іске асырылуы тиіс.
Қуаныш Аида,
Маңғыстау мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы