Наурыз айында коронавируспен күреске тартылған 243 медицина қызметкеріне 40, 2 млн теңге көлеміндегі алғашқы төлемдер жасалды. Жалпы, үш айға республикалық бюджеттен шамамен, 314 млн теңге бөлінді. Одан әрі дәрігерлер сәуір-мамыр айлары үшін де қосымша төлемдерін алатын болады. Бұл туралы Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Елімізде вирустың таралуына қарсы тиімді шараларды әзірлеу, қазіргі жағдайда медициналық қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында, эпидемияға қарсы шараларға қатысқан маңғыстаулық 243 дәрігер жалақыға қосымша үстеме ақы алды. Бірінші айда төлемдердің жалпы сомасы 40,2 млн теңгені құрады. Аталған қаражат республикалық бюджет есебінен бөлінді. Сонымен қатар, 14 сәуірге дейін жедел жәрдем қызметкерлері, сондай-ақ блок-пост жұмысшыларына үстеме ақы төленеді деп күтілуде.
Төлемдер нақты жұмыс істеген уақыт үшін, коронавирус инфекциясымен тікелей жұмыс істейтін үш қауіп тобына сәйкес жүргізілді: 1-топ «Өте жоғары қауіп» - жұқпалы аурулар ауруханаларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, соның ішінде реанимация бөлімшелері. Бұл тәуекел тобы үшін 20 ЖТМ (850 мың теңге) белгіленге, жұқпалы аурулар бөлімінің 24 қызметкеріне 4,8 млн теңге сомасы төленді.
«Жоғары қауіп» екінші тобына 10 ЖТМ (425 мың теңге) – провизорлық стационардың 101 дәрігері, орта және кіші медицина қызметкерлері 27,1 млн теңге сомасында үстемеақы алды. Сондай-ақ, «Орташа қауіп» үшінші тәуекел санаты бойынша 5 ЖТМ (212,5 мың теңге) – карантиндік стационардың 118 дәрігері, орта және кіші медицина қызметкерлері жалақыға 8,3 млн теңге үстемеақы алды.
Бүгін қосымша төлемдер жедел жәрдем қызметкерлеріне, сондай-ақ блок-посттардағы карантин режимін қамтамасыз ететін медициналық қызметкерлерге төленеді.
«СОVID-19 коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыскерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі бұйрығына сәйкес, Маңғыстау облысына наурыз айына республикалық бюджеттен СОVID-19 короновирусымен күресу шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарының 632 қызметкері тартылып, тәуекел топтарының жалақыларына үстемеақы төлеуге 313 млн 400 мың теңге қаражат бөлінді. Алғашқы айы төленді, ендігі жерде алдағы екі айда қалған қосымша төлемдер төленетін болады», - дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлбибі Тасполатова.