Былтыр тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына орай Варшава қаласында «Қазақ-поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалардың мысалында» атты құнды кітап жарық көрген еді. Кітапты поляк жерінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен тәжірибелі дипломат Марғұлан Баймұқан мен білікті заңгер, тарихшы Жандос Әуелбекұлы сынды зерттеушілер жазып шыққан.
Көлемді еңбекте ондаған тарихи тұлғаның өміріне қатысты мақалалар, мұрағаттық қолжазбалар, ғалымдардың шығармашылығы мен естеліктері, этнографиялық зерттеулерлердің өңделген нұсқасы топтастырылған.
Патша үкіметінің бұйрығымен туған жерінен шеттетіліп, қуғын-сүрген көрген поляк қайраткерлерінің ішінде суретші Бронислав Залесский де бар. Ол XIX ғасырдың 40-50 жылдары Қаратау экспедициясымен бірге Маңғыстау даласында болып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін зерттеген.
Б. Залесский кейін қазақ даласында салған суреттерін, сұхбаттары мен аңыз-әңгімелерін жинақтап, 1865 жылы «La vie des Steppes Kirghizes» («Қазақ даласының өмірі») атты альбомын Париж қаласында жарыққа шығарады.
Mangystaumedia.kz сайтының тілшісі осы поляк қайраткері хақында Жандос Әуелбекұлымен сұхбаттасқан еді. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. Мархаббат!
- Машақатты ізденістеріңізді айтпағанда, идеяларыңыздың өзі оқырманның құрметі мен қошеметіне лайықты дүние. Бұл игілікті еңбекті жазуға қанша уақыт арнадыңыздар? Ең әуелі осы идея қалай келді? Қателеспесем, көз майыңызды тауысып ақтарған мұрағат құжаттарының дені поляк тілінде жазылған ғой?
- Рақмет! Бұл кітап – бірнеше жылдың өнімі. 2018 жылы сол уақыттағы Қазақстанның Польшадағы төтенше және өкілетті елшісі Марғұлан Баймұқан мырза екеуміздің бір басқосуымызда бірлесіп осындай еңбекті жазып шықсақ деген ой туды. Осы ойды екеуміз де құп көрдік. Сөйтіп, ауыртпашылығы мен жауапкершілігі мол шығармашылық жұмысымыз сол кезде басталды. Яғни қазіргі Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Марғұлан Баймұқан мырза екеуміз – тең автормыз. Сонымен кітап материалдарын жинақтай бастадық. Жекелеген жерлерін мен, жекелеген жерлерін ол кісі зерттеді. Он екі тараудан тұратын еңбекті жазу барысында қазақ, орыс, поляк, ағылшын тілдеріндегі дереккөздерді шолып шығып, 2021 жылға дейін жазып шықтық. Кітапты шығарудағы мақсатымыздың өзіндік мән-маңызы бар. Анығырақ айтсам, бұл еңбегімізді тәуелсіздігіміз бен қазақ-поляк халықтарының дипломатиялық байланысына отыз жыл толуына орай арнадық. Қазақ пен поляк – тағдырлас ұлттар. Біріншіден, кітапты қос халыққа ортақ мұра деп, екінші жағынан екі елдің арасындағы алтын көпір деп есептеймін. Себебі кітапқа ұлтымыз үшін көп қызмет атқарған поляк қайраткерлерінің де, қазақтың танымал тұлғаларының да өмірбаянын енгіздік.
- Бұл еңбегіңізде тағдыры қазақ жерімен тоғысқан тарихи тұлғалардың бірі - жазушы, суретші, публицист әрі баспагер Бронислав Залесский туралы зерттепсіз. Есімі көпшілік өңір жұртына беймәлім осы тұлға туралы айтып бере аласыз ба?
- Бронислав Залесский казақ даласына және оған іргелес аумақтарда саяси айдауда болып, өзінің қылқаламымен қазақ елін, оның тұрғындарын суреттеген зерттеушілердің бірі. Тұлғаның айдаудағы кезеңі және шетелдегі өміріне, шығармашылығына қатысты мәліметтер мол болғанымен, оның шыққан тегіне, балалық шағына қатысты деректер аз.
1838 жылы Шимон Конарскиймен (поляк азаттық қозғалысының өкілі, публицист) байланысты ұйымның мүшелері жаппай тұтқынға алынып, бір бөлігі жер аударылады. Қуғын-сүргінге ұшырағандардын қатарына Бронислав та ілігіп, кезекті екі жылын түрмеде өткізеді. Тергеу аяқталған сон, Залесский полицияның бақылауымен Чернигов қаласына жіберіледі.
ХІХ ғасырдың 40-50 жж. Орталық Азияға иелік ету жолында «Үлкен саясаттың» басталып, Ресейдің аталған аумақтарға ішкерілей енуге жанталасып жатқан кезеңі болатын. Патша үкіметі аумақтардағы өз билігі тұрақты болуы үшін өңірлерден сол кезеңдегі стратегиялық маңызы бар отын – таскөмір қорларын іздестірген-ді. Міне, осы мақсатта 1850 жылдың алғашқы күндері Т.Шевченко, оның достары Томаш Вернер және Людвиг Турномен бірге Маңғышлақ түбегіндегі Қаратау тауларында таскөмір кенін өңдеу бойынша құрылатын келесі экспедицияның құрамына енгізіледі. Соңынан аталған экспедиция қатарына Залесский де алынады.
7 қыркүйекте Новопетровск бекінісіне келген Қаратау экспедициясы өз жұмысын аяқтады. Осылайша, құрамында Залесский болған Қаратау экспедициясы 1851 жылдың 28 мамыры мен 7 қыркүйегі аралығында Маңғышлақ түбегінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жалпы ұзындығы 400 шақырымдай қашықтықты жүріп өткен. Қазіргі әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша экспедиция Маңғыстау облысының Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия және Бейнеу аудандары аумақтарында зерттеу жұмыстарымен айналысқан.
Қаратау экспедициясы туралы сөз еткенде, оның негізінен қалың оқырманға Т. Шевченко мен Б. Залесскийдің суреттері және мәтіндерімен танымал екендігі белгілі. Алайда экспедицияның нақты бағытын айқындап, жүйелі зерттеу оңай іс болмағандығын айта кетуіміз керек. Кейінгі жылдары, негізінен ХХ ғасырдың екінші жартысында Қаратау экспедициясының жүріп өткен жолын, тоқтаған тұрактарын зерттеп, зерделеуде маңғыстаулық танымал тарихшы, өлкетанушы Есбол Өмірбаевтың (1916-1988) орасан еңбек сіңіргендігін жеке атап өткеніміз жөн.
Ол экспедиция жұмысы басталған Форт-Шевченко қаласында ұзақ жылдар мұғалім, мектеп директоры, 1962-1982 жж. Т.Шевченко музейінің, ал 1982-1988 жж. Форт-Шевченкодағы Маңғыстау этнографиялық музейінің директоры қызметтерінде еңбек етіп, өңірдің географиясын жетік білген азамат. Маңғыстау тарихы жайында қайраткердің ұзын саны 100-ден астам мақалалары жарық көрген.
Өлкетанушы Қаратау экспедициясының тарихын зерттеу мақсатында оның ізімен жүріп, шөл далаға 26 рет сапарға шыққан. Соның нәтижесінде, экспедиция тарихын қалпына келтіру бағытында үлкен жұмыстар атқарылады.
- Экспедиция мүшелері сапар барысында көмір кенін іздеуден бөлек немен шұғылданған?
- Экспедиция жергілікті халықпен ұдайы кездесіп, олардың аузынан өңірге қатысты аңыз-әңгімелерді, тарихи оқиғаларды жазумен де айналысқан. Бұл тұрғыда Бронислав Залесский: «Жазира перзенттері өмірінің еріксіз куәгері ретінде олардың тіршілігін қалауымша бақыладым. Олардың аузынан шыққан жүйрік қиялдарының жемісіндей кейбір ертегілерін тыңдадым...» деген мәлімет қалдырған.
Залесский назар аударған нысандарының бірі – қазақтардың зираты. Ол туралы зерттеуші еңбегінен: «Жақын тұрған жоталар мен әрі қарай созылып жатқан жазықта көптеген молалар бар. Шамасы, қазақтар соңғы сапарға аттанар алдында ұрпақтарына өзін әулиеге жақын маңға жерлеуді тапсыратын болса керек» деген жолдарды оқимыз.
Экспедиция мүшелері ұзағырақ тоқталған жер өздері «Апазир» (дұрысы, Апажар) деп көрсеткен аңғар еді. Апажар жазығы Батыс Қаратау сілемінің оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан аумақ. Жазықты Б.Залесский: «Маңғыстау ұсақ, төбешіктері мен әктасты жыра-сайларының арасында жатқан бірнеше жазықтық осылай аталады...Бұл далада жусанның көп өсетіні соншалық – ауаның өзі кермек татиды» деп суреттеген.
Поляк зерттеушісінің Апажар жазығынан қалдырған жазбаларының ішінде әсіресе тарих тұрғысынан ерекше құнды. Ол табиғаттың қаталдығына, судың тапшылығына қарамастан жергілікті қазақтардың егін салуы еді. Қазақтардың егін кәсібі туралы Залесский мәтінінен: «...Маңғыстаудың күйіп тұрған күні жылына егісті екі дүркін салуға мүмкіндік береді. Әрине ол үшін су мол болып, үнемі суғарып тұру қажет. Қазақтар осынау игілік жолында мол тер төгумен бірге, кішкентай егістігі үшін тау бұлақтарының әр тамшы суын далаға жібермейтіндей суландыру жүйесі жөнінде кереметтей білгірлік те көрсете біледі. Осылайша олардың арықтары жер нәрін кемі 6-8 шақырым жерге дейін жеткізіп, тау етегіндегі жазықтықты да пайдаланады» деген жолдарды оқимыз.
Осылайша ХІХ ғасырдың ортасында Маңғыстау жерінде болған Б.Залесский оның тұрғындарының аңыз-әңгімелерінен өзге ешбір өңірге ұқсамайтын жергілікті ескерткіштердің сәулетіне де ерекше мән берген. Қылқаламымен бейнесіп түсіріп, қағазға жазбаша сипаттамасын қалдырып отырған.
Залесскийдің еңбегінде Шерқала туралы да мағлұмат берілген. Бүгінгі Шетпе ауылының маңында орналасқан Шерқала қырқасы өзінің сыртқы формасы бойынша төңкерілген кесеге (трапеция) ұқсайтындықтан, оның ерекше көрінісі жергілікті халықтың көптеген аңыз-әңгімелеріне себеп болған. Бұл туралы Залесский өз көргендерімен үйлестіре отыра: «Шерқаланың сыртқы алып тұлғасы Рим пантеонына, болмаса сол сияқты ерте дәуірдегі атақты бір ескерткішке ұқсайды...» делінген мәтінді қалдырған.
Экспедиция өз жұмысы барысында Дәніспан әулиенің қорымын да сипаттаған. Дәніспан қорымы қазіргі Маңғыстау облысы Таушық кентінен қашық емес Данышпан тауының (Ақтаудан 85 шақырым) батыс жағында орналасқан нысан.
Залесский Долы апа мазарының суретін бейнелеп, қорым хақында: «Бейіттердің мұндай үрдісі тек Маңғыстауда ғана бар шығар, себебі бұларға ұқсас зираттарды даланың еш жерінен кездестірмедім» деген тоқтамға келген.
Зерттеушінің Новопетровск бекінісінде болған уақытта да көрген-білгендерін қағазға бейнелеп, қосымша жазып отырғандығы байқалады. Мәселен, «Маңғыстау бағы» және «Маңғыстау жыралары» жазбалары соның айғағы.
Аталған жазбалардың «Қазақ даласының өмірі» альбомында Б.Залесскийдің қылқаламынан шыққан оффортарымен бірге жарасым тауып, жарыққа шығуы Еуропаның талғампаз оқырманының үлкен қызығушылығын тудырғандығы сөзсіз. Қызығушылық тудырған тақырыптардың бірі – қазақтың киіз үйі болғандығы күмәнсіз. Ол туралы автор: «Көшпелі қазақтар басқа да мал бағып, тіршілік ететін тайпалар сияқты үскірік аяздан, аптапты ыстықтан өздерін қорғайтын, сонымен бірге бір жерден екінші жерге жұрт ауыстырғанда лып еткізіп жинап, тез тұрғыза қоятын баспана ойлап табуға мәжбүр болған. Бұл талапқа олардың киіз үйлері қалтқысыз сай келеді....» деп ой түйеді.
Қазақ арасында көп болған Б.Залесский халықтың музыканы жақсы көретіндігінен да ақпараттар қалдырған. Осы тұрғыда: «...жұртшылықтың шын жақсы көріп, қарсы алар қадірлі қонағы – жыршы-жыраулар. Олар мұнда көп-ақ, дала әдебиеті солардың көкірегінде қатталып қойылғандай. Бұл халық музыканы жақсы көріп, кез келген сәтте оны көңіл қойып тыңдай біледі» деген жолдарды оқимыз.
Қаратау экспедициясы аяқталып, Орынборға қайтқан Б.Залесский қалаға 1851 жылғы қазан айының басында жетеді. Экспедиция сапынан оралғасын «Үздік – жігерлі қызметі үшін» унтер-офицер шеніне жоғарылатылады. 1856 жылы, араға тек сегіз жыл сала Б. Залесский туған жеріне оралу мүмкіндігін алады.
- Дәйекті де мәйекті әңгімеңізге мың алғыс!
Сұхбаттасқан: Ислам Қабулұлы