© Inform.kz
Бүгін – Көрісу мейрамы. Осы дәстүрдің шығу тарихы, мән-маңызы, оның Наурыз мейрамына ұласуы жайлы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті қоғамдық даму департаментінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев Kazinform тілшісіне айтып берді.
- Абат Сатыбайұлы, Көрісу дәстүрінің Қазақстанның батыс аймағында, сондай-ақ Ресейдің көршілес облыстарында сақталғаны белгілі. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
- Көрісу күні немесе Көрісу айты - Қазақстанның батыс өңірі үшін ежелден келе жатқан қазақ дәстүрі. Ғалымдардың пайымдауынша, көрісудің шығу төркіні туралы түрлі жорамал болғанымен, оның бұрыннан келе жатқан, қалыптасқан дәстүр екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл ретте көрісудің аймақтық ерекшелігін айту керек. Яғни, бұл - негізінен Қазақстанның батыс өңіріне кеңінен сіңген, осы аймаққа тән дәстүр. Көрісу күні жасы кішілер үлкендерге арнайы барып, сәлем беріп, қол алысып, төс қағыстырып көріседі. Ақсақалдар «Бір жасың құтты болсын!» деп, жастарға батасын береді. Үй иелері келгендерге дәм ұсынып, ақ тілектерін жаудырады. Көрісу Қазақстанның Атырау, Маңғыстау облыстарында да тойланады. Тек Маңғыстауда «Амал мерекесі» деп айтылады. Оның көрісуден айырмашылығы жоқ, тек атауында ғана. Мұның сыры «Қыстан аман өттік, бір амалын жасадық, бір ісіміз бітті» дегенді білдіреді. Көрісу сондай-ақ Батыс Қазақстанмен көршілес Ресейдің Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор облыстарының қазақтар көп шоғырланған жерлерінде аталып өтіледі.
Айта кетерлігі, кейбір сарапшылар Көрісуді Юлиан күнтізбесінен Григориан күнтізбесіне ауысумен байланыстырады. Алайда есептеп қарағанда, бұл қисынға келмейді. Көрісу, ең алдымен, қазақ халқының көшіп-қону салтына байланысты. Ертеректе қазақтардың негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы болғандықтан, әр рудың өзінің көктеуі, жайлауы, күздеуі және қыстауы болған. Мәселен, Әбілқайыр хан заманында жайлау кезінде солтүстікке қарай, Орынбор облысына көшіп баратын. Ал қыстақ кезінде, керісінше, оңтүстікке қарай, 500, 1200 шақырымға дейін, Маңғыстау, одан әрі Түркістанға қарай көшетін болған. Тіпті Батыс Қазақстан облысының өз табиғатында айырмашылықтар бар. Нарын құмын жайлайтын Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарында қыс жайлырақ болып келеді. Демек, қыс солтүстік өңірлерде наурыздың аяғына дейін созылса, оңтүстікте көктем ертерек, осы айдын ортасына таман келеді. Көктем келіп, қыстан мал-жанның аман шыққанына қуанған халық 14 наурыз күні бір-бірімен көрісіп, тойлайтын болған. Кеңес өкіметі Көрісу мейрамына ескінің сарқыншағы, феодалдық қалдықтар деп қарап, тыйым салды. Соған қарамастан, ауыл-ауылда бұл дәстүр тыйылған жоқ. Бір шаңырақтың өзінде жасы кішілер бұл күні ерте тұрып, үлкендерге көрісуге тырысатын. Үлкеннен бата алуға асығатын.
Наурыздың өзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» дегенді білдіретіні мәлім. Сондықтан жаңа күн туып, бір жасқа толған халық көктем келгенде қалайша қуанбасын! Қалайша тойламасын! Қазақстан кең байтақ болғандықтан, әр аймақтың өз табиғи ерекшеліктері бар. Айталық, оңтүстікте көктемді наурызша торғайдың ұшып келуімен байланыстырады. Көрісудің діни астары жоқ. Қазақ діни мерекелерді «Ораза айт», «Құрбан айт» деп бірден бөліп айтқан.
Батыс Қазақстан облысында Көрісу күні наурыздың 14-і емес, 15-іне болуы керек деп есептейтін кейбір рулар да бар. Бірақ мұның қайдан шыққандығын өздері айтып бере алмайды. Сондықтан негізгі көпшілік 14 наурыз күні көріседі. Жалпы, Наурыз - береке, бірлік айы. Көрісуді де жаңару мерекесі, адамдарды бір-біріне жақындастыратын ұлттық салт-дәстүр деп айтуға болады. Бұл күні білім ордаларында да студенттер ұстаздарына көрісіп, үлкендер «Жасың құтты болсын!» айтады.
Ел ағалары көрісу дәстүрінің қиын-қыстау жылдарда да үзілмегенін айтады. Қазақ халқына өткен ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы және қырқыншы жылдары өте ауыр тигені мәлім. Халықтың бірсыпырасы аштықтан қырылып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраса, кейін оған Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ауыртпалық қосылды. Осындай қиямет-қайым кезеңнің өзінде Көрісу секілді ізгі дәстүріміз жойыла қойған жоқ. Әсіресе, балалар үшін үлкен мереке болатын. Үй-үйді аралап, үлкендерге жаппай көрісетін. Әйелдер болса, қазан көтеріп, бар дәмдісін салатын. Ақсақалдар батасын беріп, айнала керім жарасымын табатын. Қазір, шүкіршілік, бәрі жеткілікті. Еліміз даму үстінде. Олай болса, татулықты бекітіп, халқымыздың ұйымшылдығын арттыратын Көрісу мейрамының да орны бөлек. Ендеше, өзімізден кейінгілердің бәріне «Жастарың құтты болсын, қазан толып, береке-бірлігіміз артып, табыс-жетістігіміз молая берсін!» деп ақ тілегімізді баса айтамыз.
- Көрісу күні халықтық Наурыз мейрамына ұласады ғой?
- Жалпы, Наурыз мейрамының еліміз үшін рухани жаңғырудың кепілі екендігін айтқым келеді. Бүгінгі Қазақстан Республикасы мемлекетінің толығып, қуаттана түсуі үшін, әлем халықтары өркениеті арасындағы өзіне лайықты орнын алуы үшін әлі де болса атқарылар жұмыстар мен ізденістер ауқымы мол.
Тарихтың бір кезеңдерінде «Қазақ хандығы», «Дешті Қыпшақ», «Ғузиа» (Түркі қағанаты) және тағы басқа атауларға ие болған бұл өлкені түркі нәсілді түрлі тайпалар өз Отаны ретінде мекен-жай еткені, өсіп-өнгені мәлім. Зерттеушілерге сүйенсек, Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-турки» (Түркілер сөздігі) еңбегінде осы аймақтарда тұрақтанып, қоныс еткен қырық тоғыз тайпа мен тайпалық бірлестіктердің аты аталатыны айтылады. Қазақстан аумағын және онымен шектес аймақтарды мекендеген өзгедей де түркі халықтарының ұзақ уақыттар бойына аралас-құралас өмір кешуі осы халықтардың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінде де өзіндік із қалдырғанын білеміз. Солардың бірі – дүниенің жаңғырып, жасару мезгілі – көктемді қарсы алу. Қазақтар, көптеген түркі халықтары бұл орайда көктемнің алғашқы уақыттық белгісін күн мен түннің, яғни, жарық пен қараңғылықтың теңесу уақыты деп таниды және ол қазіргі түсінігімізге сай 22 наурызда аталады. Қазақтарда әдет-ғұрпымызға тән бірқатар мерейлі күндер бар, бірақ Наурыз мейрамының орны ерекше.
Бұрынырақта тарихи-географиялық жағдайларға байланысты экономикасының басым бөлігі төрт түлік мал жағдайына тәуелді болған қазақтар осы Наурыз мейрамынан соң іле-шала көктеу мен жайлауға көшу қамына кіріскен. Мұның алдында Наурыз мейрамын үй-үй, жақын ауыл-ауыл болып атап өтетін. Келетін қонаққа арнап жеті түрлі дәмнен немесе жеті түрлі азық түрінен арнайы «наурыз көже» дайындалатын. Сонымен қатар осы мейрамға орайлас, сыйлы адамдарға арнап қыс соғымынан «наурыз сыбаға» сақталынған. Осыған орай халық арасында наурыздың «ұзынсары» деген атауы болған. Сондықтан «наурыз сыбағаны» кейде «ұзынсары сыбағасы» деп те атаған.
- Қыстан аман шыққан халық бір-бірімен жамыраса көріскен. Соған орай бір-біріне жылы тілектер арнаған. Соларды еске сала кетсеңіз.
- Иә, қыс қиыншылығын бастан өткізген халық наурыздан, яғни, Жаңа жылдан көп жақсылықтар күткен. Бір-бірінің үйін, ауылын аралағанда, наурыз құрметіне арнап «ескі жыл ескіреді, жаңа жыл жарылқасын» деп үмітті тілектерін де білдірген. Сонымен қатар шаруашылыққа, адамның көңіл-күйіне, халыққа, мемлекетке қатысты «Ұлыс аман болсын!», «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», «Ақ мол болсын!», «Желі ұзарсын!», «Көк көбейсін!», сондай-ақ «Жаңбыр мол болсын!», «Егін ырғын өссін!», «Жайлау жайлы болсын!», «Қоныс құт әкелсін!» сияқты тілектер білдірген. Наурыз мейрамында ауыл жиналып, көкпар тарту, балуан күрестіру, айтыс-толғау өткізу тәрізді іс-шаралар атқарылған. Сондай-ақ маңызды бір мәселе – наурызға жете алмаған әруақтарға Құран оқылып, еске алынып отырған. Бұл ретте «өткенге салауат айту» көзделген, «өлі жебемей, тірі байымасы» ескерілген. Қысқасы, адамды сыйлауға, адамгершілікті әз тұтуға ғибрат етілген. Наурызға арналып жайылған дастархан басында сол ауыл-аймаққа, ағайын-туғанға, тұрмыс-тіршілікке қатысты мәселелердің барлығы да түгенделіп, әңгіме арқауына айналған. Мәселен, күйеу келтіру, қыз ұзату, құда күту, жайлауға көшу, егін салу және тағы басқа салт-дәстүр, шаруаларға кезек келеді.
- Наурыздың басқа ерекшелігі қандай?
- Қазіргі уақытта ата-бабадан мирас болған Наурыз мейрамы көктем мерекесі, ескі жаңа жыл басы ретінде жаңғыра түсіп, халқымызбен бірге жасауда. Бұған дәлел, осы реттегі бірер халықтық ұғымдар төмендегіше: «Әз» ұғымы. Халық «әз болмай, мәз болмайды» деген қанатты қағида қалдырған. Наурыз – қасиетті ай, Шығыс күн есебі бойынша жылдың алғашқы айы. Наурыз – шат-шадыманды ойын-сауық, той басы. Кей жерлерде «наурыз тойы» («наурызнама») аталады; Наурыз көженің дәстүрлік, мерекелік ұлттық тағылымы – адамдарды жомарттыққа, ізгілікке, ұйымшылдыққа, татулыққа, бірлікке шақыру. Наурыз – тоқшылық күні. Бұл күні қазан оттан түспейді. Әр үй наурыз көже істейді. Уыз қатырылады. Сорпа сапырылады. Бұл күні құл да, күң де жұмыстан босатылған. Бұл күні жұмыс жасаған адамның басы қалтылдақ болады-мыс. Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алсаң, сонда олжалы жол болар… (Наурыз жырының үзігі). Наурызда алған батаның орны бөлек. «Уыз бата» тұрғысында дәріптеледі. Жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады. Наурыз бата үлгісі: «Өркенің өссін!», «Әр күнің Наурыз күніндей берекелі болсын!», «Ұлың – оңға, қызың қырға консын!», «Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол!», «Айың тусын оңыңнан, жұлдызың тусын солыңнан», «Бақ берсін, Қыдыр дарысын!»; Наурыз тілек: Көк тәңірі нұрыңды аяма. Жер тәңірі ырысыңды аяма! Әділ жанды тағынан тайдырма, Әз халықты бағынан айырма! Басыма бас қос, жасыма жас қос, асыма ас қос! Наурыз төлі төл басы ретінде бағаланған. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Наурызкөк – наурыз айында ұшып келетін көктем құсы, бақыт құсы қатарына қосылады. Наурыз күні туғандарды халық бақытты, ерекше адамдар деп ұғынған. Наурызшешек – наурыз айында өсетін жапырақты түрлі гүлді, қауашақты әсем өсімдік (шөп). Майының дәрілік қасиеті бар. Әсемдік үшін үйде де өсіреді. “Қызыл кітапқа” енген сирек кездесетін бағалы өсімдік. Наурызша – наурыз айының ашық күндері түсетін қолдан жасағандай ерекше ою-өрнекті әрі жұп-жұқа қиыршық қар. Наурызша – алдағы жылылықтың белгісі. Саумалық – өлеңмен өрілген жақсы тілек. Адамдар саумалық айтып, бір ескі ыдысты сындырып, «жамандық кетсін» деп ырым жасаған. Мұхаррам - араб тілінде “тыйым салынған” деген сөз. Ертеде шығыс елдері наурызды «мұхаррам» атаған. Мәнісі: осы қасиетті айда табиғатты ластауға, тәртіпсіздікке, ұрлыққа, ғайбат сөзге, ішімдікке, тағы басқа жағымсыз істерге тыйым салынған. Наурыз – пәктік, адалдық күні. Қателік кешіріледі. Көңіл кірі өшіріледі. Жолсыздыққа тыйым болады. Ақ тілек-сыйың болады. Әр үйде береке болады, ойын-сауық, мереке болады. «Самарқанның көк тасы» – наурыз күніне байланысты айтылатын терең мәнді сөз. Аңыз бойынша әйгілі астроном Ұлықбек (1394-1449) обсерваториясындағы көк тасқа дәл 22 наурыз күні түскен күн сәулесінің жылуы тасты жібітеді-мыс.
Осыған орай біз де Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ұжымы мен студенттер қауымы атынан күллі Қазақ елі жұртшылығына Наурыз құтты болсын, еліміз аман болсын деп тілек білдіреміз.
Айта кетейік, біздің ғылым-білім ордасында Наурыз жылма-жыл жаңа форматта аталды. Мақсат – жалпықазақстандық рухани құндылықтарды нығайтатын қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, ынтымақ-бірлікті арттыру, азаматтық бейбітшілікті сақтау, әлеуметтік әріптестікті және қайырымдылық жасау мәдениетін дамыту. Сондай-ақ этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту, Қазақстан табиғатының бірегейлігін, табиғатқа ұқыпты қарауды ұғыну, экологиялық мәдениетті және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру бойынша қоғамдық бастамаларды дамыту. Университетіміздегі қоғамдық даму департаментінің жоспарына сәйкес «Көрісу күні» (жаратылыстану-география факультеті), «Жайлау күні және жоралғы сәттері» (мәдениет және өнер факультеті), «Шымырлық пен шеберлік күні» (педагогика факультеті), «Тарихқа тағзым және шежіре күні» (тарих, экономика және құқық факультеті), «Зияткерлік және игі істер күні» (физика-математика факультеті), «Ұлыстың ұлы күні және ұлттық тағамдар мейрамы» (филология факультеті) кеңінен аталуда.
- Енді жыл басы – Наурыздағы аталымдарға тоқталсаңыз?
- Шынында да халық дәстүрлері қашан да өмір тәжірибесінен туындап, қалтқысыз қалыптасады. Соның нәтижесінде қолданысымызға жаңа атаулар еніп, жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтеді. Сол себепті төмендегідей халық даналықтарының бүгінгі жас ұрпақ есінде жүргені абзал деп білеміз. Олар: жыл басында нұр жауған түн - Қызыр түн; жыл басының алғашқы суы – Қарғын; алғашқы қары – Ақша қар; алғашқы күні – Ұлыс күні; алғашқы желі – жел айналып жеткен Алтын күрек; алғашқы төлі – Дүбіраяқ; бірінші сүті – Уыз; бірінші құсы – Нәуірізек; бірінші көгі – Бәйшешек; алғашқы асы – наурыз көже; алғашқы тілегі – «Ауызды ақтан айырмасын, қызылды уақытылы көрсетсін»; алғашқы құттықтау сөзі – «Жасың құтты болсын»; бірінші белгісі - Көрісу; бірінші сый-тағамы – Ұйқыашар; алғашқы сыйлықтар – Діреткізер, Селтеткізер; бірінші нышаны – Саумалық айту; бірінші сәлемі – Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын, Ұлыс береке берсін, пәле-жала жерге енсін!
- Кең байтақ Қазақстанда Наурыз мерекесін атап өтуде өзгешеліктер бар ма?
- Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасы айшылық алыс жол болса да, Наурызды атап өтуде көп өзгешелік жоқ екендігін айтқым келеді. Бәрі де – алты ай қыстан аман шыққан елдің арқа-жарқа жай-күйін дәріптеуі, көкке мойын созып, аққа аузы тиген жанның бірлігі мен тірлігіне шүкірлік етуі, көбесі сөгілген қар ерігеннен кейін ат-түйеге тақым артып, ауыл-ауылдағы ағайын-туысқа сәлем беруі, соғым соңын қазанға сап, наурыз көжеден ауыз тиюі. Дегенмен, ұлы Абайдың «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып, шаруа қуған жастардың мойны босап, сыбырласып, сырласып, мауқын басып» дегені көрісудің мәнін аша түсетіндей.
Әр кәсіпке күн арнап, жеке-дара шараға дастарқан жайып жатпаған ата-бабамыздың маңдайына жазған екі-үш мейрамы болған. Соның ең үлкені де, ұлысы да – Наурыз тойы. Оның ерекшелігі, бұл – күллі қазаққа ғана емес, барлық мұсылман баласына ортақ мереке. Наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеледі. Алайда халқымыздың көне заманнан ауызша тараған күнпарағында жаңа жылды наурыздың 14-нен бастайды. Оған дәлелді тым әріге бармай-ақ Шығыстың жеті жұлдызының бірі Омар Хайямның «Наурызнәмесінен», басқа да көне әдебиеттерден көруге болады. Оның мәнісі – қашанда әр айдың 14-інде ай толысады. Соған сай халқымыз бұл күнді айдың (жұлдыздың) бір жаңасы дейтіні белгілі. Өйткені жұлдыз – қазақ ұғымында айдын синонимі. Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің «Кім сендерді сағынар шетке кетсең, Ғылым іздеп, тез қайтпай көпке кетсең, Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын, Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін» деген шумағындағы «жұлдыз сайын хат жазып тұр» дегені күнбе-күн деген ұғымды бермейді. Бұл ай сайын дегені.
Қазақтың қисса-дастандарында сұлу қызды «он төртінде толған айдай» деп жырлайды. Бұл – қыздың әбден бой жетіп, кемеліне келгені. Мұның бәрі – күллі қазаққа тән ортақ ерекшелік. Бірақ Наурыздың барша қазаққа ортақ емес бір тұсы бар. Бұл – көбіне-көп кең байтақ Қазақстанның батыс өңіріне ғана тән 14 наурызда кішінің үлкенге, үлкеннің замандас, құда-жегжат, барлық мұсылман баласына сәлем беріп, қол алысып көрісуі. Бір қарағанда, бұл – қазақ халқымен бірге ұмытылмай келе жатқан игі дәстүр. Бұл жаңа жылмен басталып, келесі жаңа жылға дейін мән-мағынасын жоймайды.
Наурыздың 14-інде кездескен екі адам бір-біріне міндетті түрде қос қолын беріп амандасады. Қол ұсыну кезегі – жасы кішінікі. Үлкендер ылғи да жастардың көрісуін дәметіп, күтіп отырады. Бұл – кейінгілердің аға ұрпақты сыйлауы, құрметтеуі. Яғни, бірінші жақ «Қолымда ешнәрсе жоқ, ақ адал доспын, сізге Алланың нұры жаусын» десе, үлкені «Менде де ештеңе жоқ, саған да нұр жаусын, аман бол» дегенді білдіреді. Көрісудің астарында жақсылық-жамандық адамның қолымен жасалады, қол таза болса, ниет түзу, пейіл ақ деген ұғым жатыр. Көрісу наурыздың бірінші күні басталады. Ал Кеңес өкіметі кезінен бері халық Юлиан күнтізбесімен наурыздың 14-нен бастап көріседі. Ал 22 наурызды үлкен мерекеге айналдырады.
- Мемлекет басшысының бастамасымен биылдан бастап Наурызнама он күн бойы аталып өтілмек. Бұған байланысты не айтар едіңіз?
- Наурыз – көктемнің алғашқы айы. Айналадағы ағаштар бүршік атып, жасыл желекке бөленер шақ. Әсіресе, наурыз айында оңтүстік өңірде жылғалардан су ағып, қоршаған орта түрлене бастайды. Айнала әсем күйге енеді. Адамдар шат-шадыман күй кешеді. Ал наурызды атап өтудің өз ерекшелігі мен тұжырымдамасы бар.
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың қазақстандықтарды Көрісу күнімен құттықтауы, даусыз, құптарлық қадам. «Барша Қазақстан халқын бүгінгі Амал мерекесімен құттықтаймын! Көктемнің алғашқы лебін ала келетін бұл күнді жұртшылық ежелден асыға күткен. Елдік пен ынтымаққа шақыратын осы мейрам – ұлтымыздың бауырмалдық салтының жарқын көрінісі. Жыл берекелі болсын, ағайын!», – деп жазған болатын өткен жылы Мемлекет басшысы Twitter парақшасында.
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін тойлау қазір он күн бұрын 14 наурыздан, Амал, Көрісу күнінен басталады. Бұл бүгінде бүкіл қазақ білетін және атап өтетін айтулы күнге айналып барады. Оған қуануымыз керек. Амал келді, жыл келді! Бұл жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы. Наурыз мейрамы діни мереке емес. Бұл мейрам әлем жұртшылығында бар. Тәжік халқы бұл мерекені «Гүлгардон», не «Гүлнавруз», татарлар «Нардуган», бирмалықтар «Су мейрамы», хорезмдіктер «Наусарджи», буряттар «Сагаансара», армяндар «Навасарди», чуваштар «Норисояхе» деп атайды. Бұл - түркі халқына тән мереке. Наурыз мерекесін қазақ баласы асыға күтетіні рас. Дүниенің жаңарып, айнала шуаққа бөленген шақ шын мәнінде ұлт пен ұлыстың сағына күтетін ортақ мерекесіне айналады. «Ақ мол болсын, ұлыс оң болсын» деп бір-біріне тілек айтқан жұртшылықтың мейрамы зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипатқа ие болды.
Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлау 1988 жылы қайта жаңғырды. Сөйтіп, игі дәстүр өз жалғасын тапты. 1991 жылы 15 наурызда Қазақ КСР Президентінің Жарлығымен Наурыз мейрамы ресми түрде бекітілді. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде Мемлекет басшысының Жарлығымен наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне Наурыз мейрамы деген мәртебе берілді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды.
Наурыз мейрамын атап өтудің тұжырымдамасы құптарлық әрі әбден қолдарлық. Наурыз мерекесі ресми түрде өмірімізге дендеп енгелі бері біз оны қалай атап өтіп жүрміз? Расы керек, әр өңірде әрқалай. Сондықтан осыдан екі жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамының тұжырымдамасын жасауды ұсынған болатын.
Мемлекет басшысы биыл «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісіне берген ауқымды сұхбатында тұжырымдама жөнінде нақтылай түсіп: «Жаңа жыл - әрине, күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне өзіміздің төл жаңа жылымыз - Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам - тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз - жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін», - деген-ді.
Міне, осылайша, Наурыз мерекесінің мазмұнын байытып, жаңаша атап өту мақсатында өткен жылдар тәжірибесіне ретроспективті талдау жасалды. Тарихи тұрғыдан алғанда, Ұлы далада жаңа жылды тойлау 8-9 күнге жалғасып, оны «Наурызнама» деп атаған. Ғалым-философ О.Хайям өзінің «Наурызнама» атты еңбегінде шығыс күнтізбесі мен Наурызды тойлау рәсімдерін негіздеп түсіндірген. Наурызнама туралы деректер М.Қашғари, М.Көпейұлы, А.Құнанбаев, М.Әуезовтің және басқалардың еңбегінде кездеседі.
Дәстүрлі түрде Наурыз мерекесі жаппай халықтық мерекелер мен фольклорлық қойылымдар форматында өтеді. Мерекенің мән-мағынасы, көбінесе, киіз үй орнату, халықтық әдет-ғұрыптарды, ұлттық киімдерді, ұлттық тағамдарды және т.б. көрсету сияқты сахналық сипатқа ие. Бұған дейінгі мейрамды мазмұндық тұрғыдан жаңғыртып, оның әлеуметтік маңызын арттыруға жасалған талпыныстар, өкінішке қарай, толыққанды оң нәтиже берген жоқ. Осыған орай, елдік тұрғыда жаңару мен жаңа құндылықтарды қалыптастыру ісінің аясында Наурызды бірлік, бауырластық пен ынтымақ мерекесі ретінде қарастыратын жаңа тұжырымдамасы ұсынылуда. Мейрамды мазмұндық тұрғыдан толықтай жаңғырту және оның халықты біріктіруші рөлін арттыру үшін Наурыздың бірегей логотипі бекітілді. Төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрін қалыптастырып, оның мазмұнын идеологиялық мәнмен байыту үшін жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігін жариялап, оның әр күнін белгілі бір тақырыпқа арнау ұсынылды.
Атап айтқанда, 14 наурыз – Көрісу күні немесе Амал мерекесі, 15 наурыз – Қайырымдылық, 16 наурыз - Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, 17 наурыз – Шаңырақ, 18 наурыз - Ұлттық киім күні, 19 наурыз – Жаңару, 20 наурыз - Ұлттық спорт, 21 наурыз – Ынтымақ, 22 наурыз - Жыл басы, 23 наурыз - Тазару күні ретінде аталып өтілмекші. Бұл күндері қандай іс-шаралардың ұйымдастырылатыны жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып, айтылып жатқандықтан, оған тоқталмай-ақ қояйын.
Қысқасы, Наурызнама тұжырымдамасына сәйкес, ақпараттық жұмысты ұйымдастыру, өткізілетін шаралар, бекітілген логотип ақпараттық кеңістікте, әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталуы қажет. Логотиптерді пайдалана отырып, ғимараттарды, көшелерді, аулаларды, подъездерді, отырған кабинеттерді безендіру керек. Жинақтай айтсақ, Наурыз мейрамы - бүкіл ұлттың тұтасқан идеологиясының көрінісі. Әз-Наурыздың аясында бүкіл қазақтың болмысын, ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тәлім-тәрбиесін, рухани-мәдени, тарихи мұрасын сыйғызуға болады. Наурызнаманың басты миссиясы - халқымыз ықылым заманнан бергі даңқты өткені, киелі шежіресі, жасампаз өмір салты елестеп, әрқайсымыздың бойымызға рух беріп, өз халқымызға сүйіспеншілік сезіміне жетелеуі тиіс. Наурызнаманың жат идеологиялар мен теріс пиғылды ағымдардан қорғайтын ұлттық иммунитетіміздің қалқаны, алынбас қамалы болуы керек.
- Қазақ ауыз әдебиетінде ұлттық салт-дәстүрлер көрініс табатыны мәлім. Осы орайда Көрісу, Наурыз туралы аңыз әңгімелерде, өзіңіз зерттеген шешендік сөздерде айтыла ма?
- Шығыс елінің бүкілхалықтық мейрамы, яғни, Ұлыстың ұлы күні. Наурыз бұған дейін мыңдаған жыл бұрын Шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтетін болған. Наурыз - шығыс елдері үшін бірліктің, татулықтың, еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алады. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан-белгілері мен таным-ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның бәрі әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелілікке, бауырмалдыққа, көрегенділікке, ізеттілік пен мейірім-шапағатқа баурайды. Наурызды әр халықтың асыға күтетіні де осыдан болса керек. Осы ұлы күнге байланысты халықтың әдет-ғұрыптары мен жол-жоралары, салт-дәстүрлері бар. Қазақ халқы да жыл басы мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды әдетке айналдырған. Шығыстық данышпандар М.Қашғари, Ә.Райхан Бируни, Ә.Фирдауси, Ә.Науаи, О.Хайямнан бастап қазақтың Абай, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин сынды ірі тұлғалары Наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, ұлағатты сөздер жазып қалдырған.
«Қазақтың қазақ болғалы өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама. Ол күні қожаларға оқытатұғын наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратын ол кітаптың атын «Салдама» дейді» (Мәшһүр Жүсіп). Наурызнамада қыз-жігіттер жиналып бас «ұйқыашар» әзірлейді. Ол сүр ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Жігіттер қыз-келіншектерге сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді. Оны «селт еткізер» деп атайды. Бұл күні қарттар да естен шықпайды. Оларға арналып жылы-жұмсақ тағамдардан «бел көтерер» деп аталатын дәм дайындалып, тартылады.
Бай ауыз әдебиеті үлгілерінің бір түрі – Наурыз жыры. Жыр-өлең осы күнге лайықталып, мадақтау, тілек, бата, әзіл түрлерінде айтылады. Оның түрлері халық арасында өте көп тараған. Наурызға арналған бұрынғы, соңғы ақындардың шығармалары да көптеп саналады.
Халықта батаның түрлері көп. Соның бірі - Наурыз бата. Мұнда наурызнама өткізілгенде, осы күнге арнап наурыз көжеге шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарға, тағы басқа өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары баға береді. Бата жалпы жұртшылыққа, көпшілікке, бүкіл қауымға, ауылға да беріледі. Мәселен: Өркенің өссін! Әр күнің Наурыз күніндей берекелі болсын! Ұлың – оңға, қызың қырға қонсын! Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол! Айың тусын оңыңнан, Жұлдызың тусын солыңнан! Бақ берсін, қыдыр дарысын! Жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады. Наурызда алған батаның орны бөлек. Мұндай батаны «уыз бата» деп дәріптейді.
Наурыз жұмбақ. Табиғатқа, аспан әлеміне, ауа райына, жерге, күн мен түнге байланысты айтылатын жұмбақтар осындай атпен аталған. Онда ақындар, қыз-жігіттер осы тақырыптарға ғана тән құбылыстарды жұмбақпен өлеңдетіп айтысатын болған. Мәселен,
– Ұшқара Айдай туып,
Күндей батар,
Туғанда Шабансары таң сонда атар.
Аспаннан жұлдыз тарап,
Шолпан туып,
Таң райы
Күнменен манауратар.
Шығыстан Үркер туса егінді ор,
Батса көктен егісті егетін бол.
Қырық күн, қырық түн сол Үркер көктен безіп,
Жоғалып қараңғыда шегеді жол...
Мұндай жұмбақтар жастарды табиғат тылсымын біліп, үйренуге жетелейді.
Наурыз тілек. Әр адам өзіне, отбасына немесе туыс-туыстары мен дос-жарандарына Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жақсы тілек тілейді, бір-бірінің үйіне кіріп дәм татады. Мәселен: «Төрт түлік ақты болсын! Өрісің малға, үйің жанға толсын!» Тілек – достық көңіл мен тілектестіктің, адамгершіліктің белгісі, әрі тойдың жарастықты салтының бірі ретінде айтылған. «Көк тәңірі, нұрыңды аяма, Жер тәңірі, ырысыңды аяма! Әділ жанды тағынан тайдырма, Әз халықты бағынан айырма! Басыма бас қос, жасыма жас қос, асыма ас қос!». Мұндай жақсылықты әр отбасы өз шаңырағында қол жайып, шын ниетпен, пәк көңілмен тілейді.
Наурыз-саумалық. Наурыз айында жаңа жыл еніп, жер бусанып, күн күркіреп, жаңбыр жауып, көк дүркірегенде ауыл адамдары далаға шығып саумалық айтып, қуанышты көңілмен жақсы тілек тілейді.
Қыдыр (Қызыр) ата. Бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы, қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңыраққа соғып бата береді деп күтіледі. Сондықтан әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп, өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын да, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр ата түнеп немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындайдан шыққан. Сондай-ақ қонақжайлылыққа байланысты да Қыдыр ата ерекше құрметке ие. «Қырықтың бірі – қыдыр» деген сөз сондай ырымнан шыққан.
Ұлыстың ұлы күнінде халық үйде отырмайды, далаға, көкке шығады, бой көтереді, барлық адамға құтты болсын айтады, шат-шадыманға араласады. Наурыз жырын айтады. Әр үй наурыз көже дайындайды, онда құттықтауға келгендер ауыз тиеді, бата береді, тілек тілейді. Бұрын қателік жасағандар кешірім сұрайды, екіншісі кешірім жасап, табысады. Ренжіскендер татуласады, қол алысады, бірін-бірі үйіне шақырады, дәм татады. Үйді, қораны, даланы алдын ала тазартады. Бойын да, ойын да, ниетін де таза ұстайды. Әдепсіз сөз сөйлемейді, көңілін көтеріп ұстайды. Ешкімді ренжітпейді және біреумен ренжіспейді, қатты сөз айтпайды. Малды, тағы басқа жан-жануарды ұрмайды, зекімейді. Бұл күні жұмыс істемейді, сауда жасамайды. Көшіп-қонбайды, сапарға шықпайды. Шаш, тырнақ алмайды, кір жумайды. Ақсақалдар мен әжелерге, ата-аналарына барып, сәлем береді, құттықтайды, сый ұсынады, «бел көтерер» апарады, батасын алады. Әр адам алған қарызын осы күнге дейін қайтаруға тырысады. Жаңа немесе таза киім киеді. Кездескен барлық адамдарға жақсы көзбен қарайды, сәлемдеседі, жылы сөйлеседі. Үйдегі, даладағы мүліктер мен дүниелерді шаң-тозаңнан арылтып, тазартып қояды. Тозығы жеткен киімдер мен ескі, бүлінген заттардан арылады. Ағаш, гүл отырғызады. Дәмді, тәтті, жеңсік астар әзірлейді, ішімдік ішпейді. Алыс, жақындағы туыс-туған, жекжат-жұрағаттарға, сыйласқан кісілерге құттықтау, сәлем жолдайды, сәлемдеме жібереді. Қара шаңыраққа сәлем береді, сыбаға апарады. Алдымен құдайы көршіге кіріп, құттықтайды. Үйге келген адамды қуанышты жүзбен қарсы алады, дастарқанға шақырады. Жетімдер мен панасыздарға, ауру-сырқаулар мен мүгедектерге көмек көрсетеді, қайырымдылық жасайды. Таза әрі бүтін ыдыстарды пайдаланады. Тек жақсы хабарларды ғана таратады, жамандықты айтпайды. Ұлыстың ұлы күні туғандарға наурызға байланысты ат қояды. Наурыз күні әр елді, үйді Қыдыр ата аралайды, бақыт сыйлайды, бата береді. Оны өлеңмен айтады:
«Саумалық, саумалық,
Наурызымның көк құсы
Ұйқыдан көзін ашты ма?
Саумалық, саумалық,
Самарқанның көк тасы
Жібіді ме, көрдің бе?
Саумалық, саумалық,
Ескі жыл кетіп, жаңа жыл келді,
Ескі жыл есіркей кет,
Жаңа жыл жарылқай кел» деп бір ескі ыдысты сындырып, жамандық кетсін деп ырым жасайды.
- Қыстан аман шығып, наурызға жетіп жатырмыз. Бірақ кей өңірлерде қыс күшінен әлі тая қойған жоқ. Ендеше, Наурызды қай уақытта тойлаған дұрыс, оны атап өтудің қандай оңтайлы әдістері бар деп ойлайсыз?
- Елімізде Ұлыстың ұлы күнін атап өту шаралары қазірдің өзінде басталып кетті. Әрине, мойындауымыз керек, Наурыз мейрамын атап өтудің қазіргі заманғы үлгісі оның бұрынғы мағынасынан алшақ. Бүгінгі Наурыз мейрамы қазақтың да, украин, орыс, неміс және Қазақ елін мекен еткен басқа да 130 этнос өкілінің ортақ мерекесіне айналды. Ата-бабамыздың озық дәстүрін жалғастыру мақсатында бұл күндері ағаш отырғызу акциялары, қайырымдылық шаралары өткізіледі. Жер-жерлердегі әкімшіліктер тұрғындарға шама-шарқынша мерекелік бағдарламалар әзірлейді. Құрылған сахналардың бірінде шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп жатса, бірінде спорттық ойындардан жарыстар өтіп жатады. Бірінен-бірі өткен киіз үйлер тігіліп, наурыз көже таратылады. Ұлттық киім киген ұл-қыздар алтыбақан теуіп, мәз-мәйрам болады. Жергілікті мейрамханалар мен наубайханалар өнімдерінің саудасы ұйымдастырылады. Десек те, соңғы кездері Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда. Тігілген киіз үйлер санаулы адамдардың рахаты мен ішіп-жеу ордасына айналып, олар сырттан бақылайтын қарапайым жұрттың алакөздігін тудырды. Наурыз мейрамы қарын тойдырумен шектеліп, рухани баюымызға, болмаса құмарта тынығуымызға септігін тигізбей отыр деген пікірлер айтыла бастады. Бұл қаңқу сөздер ме, әлде олардың астары бар ма?
Наурыз табиғат аясында, ел болып тойланатын мереке екендігі ескеріліп, 22 наурызда елдің оңтүстігінде күн жылынғанымен, Арқада ол күні сіресіп мұз, жамылып, қар жататындығы қаперге алынып, мейрамды бір ай бойы тойлау шешімі де осы тұста қабылданды. Алғашқы кездері жұрт сағынған ба, аңсаған ба, жақсы тойлап жүрді. Сүрініп, жығылып, үйде ешкім қалмай, бәрі далаға шығатын. Бірте-бірте бәсеңси бастады. Содан кейін ол тек киіз үй тігіп, шапан киіп, көже ішіп тарқасатын мерекеге айналды.
Ал Наурыздың алдын бұрынғыдай Көрісуден бастау ұсынылып отыр. Әрине, қазір жердің түбінде отырып, бір-бірін интернет арқылы көріп, сөйлесуге болады. Дегенмен, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Бұл - дәстүріміздің озығы осы көрісу қазір тек батыста ғана сақталып қалды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жасасақ. Әрине, іргелі ізденістер, тарихи һәм заманға сай шаралардан құралған мерекені атап өтудің арнайы тұжырымдамасының әзірленуі құптарлық. Бірақ мерекені осы тұжырымдамаға сәйкес атап өтуің керек деп ешкімді міндеттей алмайсың. Біреулер одан саяси астар да іздей бастауы мүмкін. Сондықтан бұған адамның шын ықылас-ниеті жеткілікті ме деп ойлаймыз. Кеудесінде елім деп, жерім деп соққан жүрегі бар кез-келген азамат Наурызды қазір де өзгеге үлгі боларлықтай атап өте алады.
Қазақ елі Наурызды қалай қарсы алған? Қызыр түні Жаңа жыл табалдырықтан аттап, үйге енгенде, «жалғыз шала сәуле болмас» деп төрге қос шырақ жағылып қойылған. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сеніммен Наурыз қарсаңында үй ішіндегі жиһаз-мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады. Этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбекұлы: «Байырғы салт-жора бойынша қазақ арасында Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн «Қызыр түні» деп аталады. Халықтың наным-сенімінде Қызыр (Қыдыр) қасы көзін жапқан қарт адам болса керек. Қызыр атаны Бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таңын көзімен атыруы үшін Қызыр ата түн ортасы ауа дала кезеді...» деп жазған.
Қызыр түнін ұйықтамай өткеру үшін ауыл жастары алуан түрлі ойын ұйымдастырып, Қызыр атаның назарын аударып, бақытты боламыз деп, небір тосын тамаша-қызықтар көрсетеді. Осынау қызық-думанның ішінде «жанды қуыршақтың» жөні бөлек. Ол үшін жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, оның үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс таң атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді. Асау тайынша өкіріп-бақырып жөнеледі. Ит үреді, қотандағы мал үркеді, үй-үйден шал-шауқан ербиіп шығады, жастар мәз-мейрам болысады.
Ал дәл мереке күні бүкіл ауыл ел болып, әсіресе, жастар жағы таң шапағын қарсы алғаннан кейін, «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп қаумаласқан жігіттер айнала төңіректегі бастаулардың көзін ашса, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!», «Бір тал кессең, он тал ек!» деген қариялар бұлақ басына тал егеді. Әйелдер атып келе жатқан Күнге тәу етіп, «Армысың, қайырымды Күн-Ана!» деп иіліп, сәлем береді, «Кеудесі түкті Жер-Ана, құт дарыт, жарылқа!» деп ашылған бұлақ көзіне май құйып, жаңа егілген ағаштарға ақ бүркеді.
Бұдан кейін ұлттық ойындар ойналады: көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, балтам тап, тең көтеру, бағанаға өрмелеу, арқан тартыс, жаяу жарыс және тағы басқалар.
Ежелгі Наурыз тойының мәнге толы тағы бір дәстүрі - өгіз сойып, қазан көтеру. Жас жігіттер ошақ қасына өкіртіп әкеліп өгіз сояды да, оның бауыздау қанымен ойнап жүрген балалардың маңдайына дөңгелек ою салады. Қыз-келіншектер болса тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы ретінде дәмді тағамдарды молынан әзірлейді. Олардың арасында мейрамның ең басты дәмі - Наурыз көже бар. Оның құрамы жеті түрлі заттан - соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы, сүт, езілген құрт, бидай (тары, күріш), пияз және судан тұрады. Онымен бірге ақ мол болсын, дастархан майлы болсын деген ырыммен ыдыстарға бидай, арпа, сұлы, жүгері толтырып, сүт, айран, шұбат, шалап, уыз құйып қойылады.
Кеш түсіп, күн батуға айналған мезетте ортаға екі ақын шығып, жақсылық пен жамандықтың, суық пен жылының, қыс пен жаздың күресін бейнелейтін «өлі мен тірінің» айтысын бастайды. Сондай-ақ ортаға мифологиялық кейіпкерлер шығады. Айтыста күн ұясына бата өлі жеңіледі, зұлымдық иелері - Қалтырауық Қамыркемпір, Ақпан, Тоқпан, Әзмырзалар тым-тырақай қаша жөнеледі.
Алтыбақан басында жастар түнімен халықтық ойындар ойнайды, айтысады. Бұл кеште айтылмаған ән, тартылмаған күй, танылмаған шешен қалмайды. Таң ата көпшілік биіктеу төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады. Қазақтың астрономиялық түсінігі бойынша, Жаңа жылда Күннің көзі көрінген уақыттан кейінгі екі сағат уақыт «күн сәті» деп саналады. «Егер кімде-кім Ұлыс күннің күн сәтінде күн шұғыласын маңдайымен тосып қарсы алса, оған Наурыздың құты дариды» деген.
2010 жылдың 23 ақпанында Әзербайжан мемлекетінің ұсынысымен Қазақстан, Ауғанстан, Иран, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Албания, Македония және Үндістан елдерінің қолдау көрсетуімен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 21 наурызды - Халықаралық Наурыз күні етіп белгіледі. Осылайша, Балқаннан Орта Азияға дейінгі өңірлерде сан ғасырлар тойланып келген мерекені әлемге жар салып, атойлатып атап өту мүмкіндігі туды.
- Көрісу мерекесіне орай бата-тілегіңіз бар ма?
- Бата - адал ниет, шынайы тілек білдіру дәстүрі. Бата шын жүректен, ақ тілекпен туады. Бата - қазақ халқының дінімен біте қайнасқан дәстүрінің көрінісі. Мәселен, Көрісу дәстүріне орайлас наурыз бата-тілегінің бірер үлгісі төмендегіше берілер еді:
1. Ниеттерің ақ болсын, Наурыздың ақша қарындай! Бастарыңа бақ қонсын, Шашыңның барлық талындай! Санасы өсіп адамның, Көңілде кір қалмасын! Құты қашып жаманның, Жақсы тапсын жалғасын! Тыныш болсын даламыз, Түгел болсын нуымыз! Таза болсын ауамыз, Тұнық болсын суымыз! Қатыгездік жоқ болсын, Оралмасын кез өгей. Кірісіміз көп болсын, Бүгінгі Наурыз көжедей! Аллаһу акпар!
2. Қарық қып құтты Наурыз, Қазанға толсын сары уыз. Қайнасын Наурыз көже де, Толтырып ішкей кесеңе. Ұлыстың ұлы күнінде, Көппенен бірге күлімде. Көбейсін жаңа достарың, Молайсын елге қосқаның. Жарасып көңіл хоштығы, Бекісін халық достығы!
3. Ұлыстың ұлы күнінде, Ұлың оңға қонсын, Қызың қырға қонсын, Дәулетіңді асырсын, Дұшпаның басылсын. Менің берген бұл батам - Ұлыс күнге сақтап жүрген сүр батам Көже істеген келіндер, Көпке жаққан елшіл бол. Бозторғайдай төлшіл бол! Ор қояндай көзді бол, Адам таппас сөзді бол! Аллаху әкпар!
4. Ұлысың оң болсын, Ақ мол болсын. Қайда барса жол болсын! Ұлыс бақты болсын, Төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін! Бәле-жала жерге енсін!
5. Жер-жаһанды сері самалға өткізіп, жұрттың аузын аққа жеткізіп, нұр тамшыларын аямай төккізіп, қиындықтың бәрін келер жылға өткізіп, «Самарқанның көк тасын ерітіп», алтын күрекпен жер жүзін жібітіп, тас жүректерді мейіріммен үгітіп, жеті қат жер астына дейін балқытып, жыл құстарының әнін шалқытып, Жетісуға жасылдан көйлек кигізіп, Сарыарқаны самал желге сүйгізіп, Алатаудың төбесінен көкке тигізіп, Қаратауға құт-берекені үйгізіп, ақ бұлақтарды ақтартып, шың-құздарды шаттантып, тізбектетіп тырналарды, сүйгізіп сырғаларды, шоршытып балықтарды, шапшытып арықтарды, тербелтіп наз қайыңдарды, төгілтіп жаз жайында әнді, қаздарды қаңқылдатып, найзағай жарқылдатып, айтып ертегіңді, жайып желкеніңді, жетіп келген әз-Наурыз мейрамы құтты болсын!!! Ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңитін кезеңі - Наурыз мейрамы құтты болсын!
6. Еңселілерге көрісуге келген жасы кішілерге қарата айтар батам:
Ата-бабамыздың текті қылығын берсін,
Судың тұнығын берсін!
Асаудың арынын берсін,
Түнгі оттың жарығын берсін!
Асқар таудың паңдығын берсін,
Бұлбұл құстың таңғы үнін берсін!
Даланың жазықтығын берсін,
Гүлдің нәзіктігін берсін!
Теңіздің тереңдігін берсін,
Ердің көңілін берсін!
Бүркіттің жүрегін берсін,
Тірлігімізге береке берсін!
Кең пейіл берсін,
Ұзақ ғұмыр берсін!
- Әмин, айтқаныңыз келсін!