Соңғы жылдары қоғамдағы әртүрлі салаларда мемлекеттік- жекеменшік әріптестік аясында жобаланып, салынған, пайдалануға берілген нысандардың қатары арта бастады. Екі тарапқа да тиімді деп танылған әріптестік мемлекет пен бизнестің бірлесе әрекет етуіне жол ашты. Ел экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді бюджеттің қарымы жете бермейтін ірі инвестиция тартуға бағытталған жоба жайында «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ сарапшысы Бахтияр ӘБІЛҚАСЫММЕН сұхбаттасқан едік.
–Алдымен, мемлекеттік- жекеменшік әріптестіктің мақсат- міндеттеріне тоқталып өтсеңіз?
– «Мемлекеттік- жекеменшік әріптестік туралы» заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылға дейінгі жаңа бюджеттік саясат концепциясы шеңберіндегі тапсырмасын және «100 қадам» Ұлт жоспарының 34-қадамын іске асыру үшін әзірленген. Жаңа заң көрсетілетін қызметтер сапасын және қолжетімділік деңгейін арттыру үшін ресурстарды біріктіруге, яғни мемлекет пен жеке сектор арасында ұзақ мерзімді ынтамақтастықты қалыптастыруға бағытталған. Енді екіжақты әріптестік аталмыш заңмен және ірі инфрақұрылымдық жобаларды қамтитын «Концессия туралы» заңмен реттеледі. Қабылданған заң аясында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қолдану (экономиканың барлық салалалары) салалары бойынша шектеулер алынып тасталып, келісім-шарттардың жаңа түрлері енгізілді және қатысушылардың аясы кеңейді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – әлеуметтік инфрақұрылым мен нысандарды қаржыландыру, құрылыс, қалпына келтіру, қайта құру және пайдалануға негізделген мемлекет пен кәсіпкер арасындағы ынтымақтастық. Елімізде бұл ынтымақтастық түрі дайындық, енгізу және жетілдіру кезеңі бойынша дамып келеді. Жаңа заң нормаларын қолдану үшін заң ішілік актілер пакеті жасақталды. Мемлекет пен жеке кәсіпкер арасындағы серіктестік ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, ұзақ мерзімді келісім-шарттардың көп түрлі болуына, мемлекеттік бюджет жүктемесін қысқартуға мүмкіндік береді.
Біздің акционерлік қоғамның сарапшылары елімізде мемлекеттік- жекеменшік әріптестік аясында жасалған жобаларға тұрақты мониторинг жасайды. Соңғы мәліметтер бойынша жергілікті және республикалық деңгейдегі жүзеге асыру жоспарланған 270 жоба ұсыныс әзірлеу, сараптамадан өту, дайындалу үстінде. Әріптестіктің концессиялық тетігі бойынша 4 жоба жасалды. Атап айтсақ, Ақтау қаласындағы халықаралық әуежайдағы жолаушылар терминалы, Солтүстік Қазақстан- Ақтөбе облысының арасында электр желісінің және «Шар- Өскемен» теміржол желісінің құрылысы және Семей, Өскемен қалаларында балабақша салынды.
–Мемлекеттік- жекеменшік әріптестік шеңберінде өңірлерде шағын жобаларды жүзеге асыруға қандай мүмкіндіктер бар?
–Еліміздің экономикалық жағдайын жақсартуда шағын және орта бизнес маңызды рөл атқарады. Сондықтан да қолынан іс келетін кәсіпкерлерді қолдау, жобаларын жүзеге асыру мемлекет назарынан тыс қалмауы тиіс. Кәсіпкерлікті көркейту, көкжиегін кеңейту «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында іске асатын. Ағымдағы жылдың мамыр айында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен «Қазақстандық мемлекеттік- жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ арасында меморандумға қол қойылып, отандық кәсіпкерліктің белсенділігін арттыру бағытында үлкен бастама жасалды. Құнды құжат әртүрлі салаларға инвестиция тартып, инвесторларды жол, емхана, мектеп және өзге нысандарды салуға, сондай-ақ қайта құру және техникалық қызмет көрсетуге ынталандыруға бағытталған. Отандық және шет елдік тәжірибеге сүйенсек, бұрын мемлекеттік- жекеменшік әріптестік жобаларына ірі бизнес субъектілері қатысатын болса, соңғы жылдары шағын және орта буындағы кәсіпкерлердің қызығушылығы артқан.
Алыстағы аудандар мен шалғайдағы ауылдарда халыққа сапалы қызмет көрсету, жұмыс орындарын ашу, балабақша мен мектеп салу сынды әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бюджеттің мүмкіндігі болмаса, бизнес өкілдері бұл іске атсалыса алады. Қолданыстағы заңға сәйкес, мемлекеттік- жекеменшік әріптестікте жергілікті әкімдіктер оңайлатылған конкурстық рәсімдерді пайдалана отырып, шағын жобаларды іске қосуға мүмкіндік алды. Яғни, сараптама саны азайып, жобаның құжаттары үлгілік формаларға негізделіп дайындалатындықтан, уақыт да едәуір қысқарады. Осылайша, әріптестікке негізделген ауқымы үлкен емес, көп қаражатты қажет етпейтін жергілікті шағын жобаларды жергілікті билік пен кәсіпкер бірлесе жүзеге асыра алады.
–Қолданыстағы заңда басымдық берілген жеке қаржылық бастама тетігі жөнінде тарқатып айтып берсеңіз?
–«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заңның 44-бабында жеке қаржылық бастама тікелей келіссөздер жүргізу арқылы жүзеге асатыны көрсетілген. Егер жеке сектордың белгілі бір жобаны жүзеге асыру туралы идеясы және нысанды ұзақ мерзімге жалдауға құқығы болса,онда тікелей келіссөздер бастамасын жасай алады. Мұндай келіссөздер арқылы конкурс өткізбей, бірнеше кезеңнен тұратын талаптарды қадағалау қажет. Осы міндеттер Ұлттық экономика министрлігі бекіткен мемлекеттік- жекеменшік әріптестік жобаларын жоспарлау және жүзеге асыру ережесінде қарастырылған. Мемлекеттік әріптес келіссөздерге қатысу үшін сұранымды рәсімдеуі қажет. Тікелей келіссөздерді бастамашылық еткісі келетін инвесторларға мемлекеттік әріптестің әрқашан да жобаны қабылдамау тәуекелі бар екенін ескеруі қажет. Сондықтан алдымен жоспарлау жүйесінің декомпозициясын және жобадағы жұмыстардың мемлекеттік әріптес жағынан қажеттілігін айқындап алғаннан кейін ғана бастамашылық еткені абзал. Мәселен, жоба жергілікті болса, сол аймақтың 5 жылға құрылған даму бағдарламасын және қоғамдағы қажеттіліктерді зерттеу қажет. Мемлекеттік әріптестікке сұраным түскеннен кейін қорытынды шығарылып, жобаның техникалық- экономикалық параметрлері, бюджет төлемдері және мемлекеттік қолдау мөлшері көрсетіледі. Осы мезеттен бастап мемлекеттік әріптес басқа мүдделі тұлғалардан балама ұсыныстар мен сұраныстар күтеді. Егер белгіленген мерзімде балама ұсыныстар түспесе, өтініш берушімен тікелей келіссөздер жүргізу бойынша комиссия құрылады. Елімізде тікелей келіссөздер тетігін қолдану тәжірибесі болмағандықтан екі тараптың методологиялық көмегі мен біліктілігін арттыруы қажет етіледі.
–Мемлекеттік- жекеменшік әріптестік тетіктері қай салаларда қолданылады?
–Білім және денсаулық саласында мектеп, балабақша, жатақханалардың, медициналық нысандардың құрылысы және оларды сақтау, тұрғын үй коммуналдық шаруашылықта сумен жабдықтау және су жүргізу жүйелері, қатты тұрмыстық қалдықтары өңдеу, жылу шығару көлемінің қызметі мен жылуды бөлу жүйесін жаңалауды әріптестік байланыс арқылы жүргізуге болады. Сондай-ақ энергетикада жылу шығарушы стансаның құрылысы, электрді бөлу желісі қызметі болса, көлік саласында көлік және теміржолдарды, әуежайлар, вокзалдар, теміржол стансалары ғимараттарының құрылысын жаңғыртуға және оларды пайдалануға мүмкіндік бар. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заң бойынша сервистік келісім-шарт мемлекеттік денсаулық сақтау нысандарын зертханалық талдау, тамақ өнімдерін жеткізу сияқты қызмет түрлерімен қамтамасыз ету үшін қолданылады. Олар жеке әріптестің салыстырмалы артықшылықтарын пайдалануға бағытталған. Сервистік байланыс білім беру саласында ақпараттық жүйелермен жұмыс үшін, байланыс, мәжіліс залдарын, оқу сыныптарын жарықтандыруда пайдаланылады.
– Сұхбатыңызға рахмет!