©
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, желідегі пікірталас «Маңғыстау» телеарнасының жаңалықтарында айтылған «Ақтаулық жастардың әскерге жарамсыздығы» туралы ақпараттан басталған.
Желі қолданушысы сюжеттегі мәліметтің анық-қанығын білу үшін Маңғыстау облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі, лейтенант Д.Б. Бухарбаевамен байланысқа шығады. Алайда мемлекеттік қызметші мен желі қолданушысы арасында түсініспеушілік туып, соңы әлеуметтік желіде сыни пікірлердің жазылуына әкеліп соқты.
«Блогер Римма Утесбаева өз шағымында лейтенант Д.Б. Бухарбаеваның «менің білімімде шаруаңыз болмасын», «мен жеткен жерге жетіп алыңыз», «телефонның ар жағында отырып алып ақыл айтып, жұртты дүрліктірмей» және т.б. жағымсыз пікір білдіргенін көрсетіп, мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларына жат әрекеттерге барғанын жеткізді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Осы мәселеге қатысты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау департаменті лейтенант Д.Б. Бухарбаеваның қоғаммен байланыс орнатудағы әрекетінің жауапкершілігін қарастыру туралы облыстық қорғаныс істер департаментінің басшысына хат жолдаған.
Хат негізінде қызметтік тексеру жүргізіліп, Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник М.Тастановтың №40 бұйрығымен «қоғаммен байланыс жасау барысында әдеп заңнамасын бұзғаны үшін» баспасөз қызметінің бастығы, лейтенант Д.Б. Бухарбаеваға сөгіс жарияланды.
««Mangystay» телеарнасынан «Ақтаулық жастар әскерге жарамсыз» деген тақырыпта сюжет дайындалып, бейнематериалда көрсетілген деректердің шындыққа жанаспайтыны мәлім болды. Нақтысын айтқанда, «2995 адамның 1257 келіп, олардың тек 372 ғана әскерге жарамды» деген қате ақпарат берілген», - деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаменті.
Осылайша әскерге шақыру жұмыстары жайында БАҚ өкілдеріне қоғамның наразылығын тудырған жалған ақпарат бергені үшін Әскерге шақыру басқармасының бастығы, подполковник Ш.А.Ақмуратовқа да сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды.
Департаменттің мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекетіне әрдайым мониторинг жүргізетінін және шағымдарды төмендегі телефондар бойынша айтуға болатынын оқырманның қаперіне береміз:
Департаменттің сенім телефоны: +7(7292) 30-30-39. Call орталығы: 1424. WhatsApp: +7 707 1701424
Камшат ОҢҒАЛТАЙ