«Бес әлеуметтік бастамасын» халыққа кеңінен түсіндіру және оның жүзеге асырылу жолдарын баяндау мақсатында Маңғыстау өңірінде іс-сапармен жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары Тарас Хитуов, Ирина Унжакова, Геннадий Шиповских және Бақытгүл Хаменовалар 2 сәуір күні Қарақия ауданына келді. Ата салтын ардақ тұтып, әуелі Оғландыдағы Бекет ата мешітіне барып қайтқан халық қалаулылары аудан орталығындағы Қарақия кәсіптік-техникалық колледжінде студенттермен кездесті.
Кездесуді аудан әкімінің м.а Қ.Беков ашқаннан кейін Парламент Мәжілісінің экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшелері И.Унжакова, Г.Шиповских, Б.Хаменовалар Елбасының бес бастамасында көрсеткен жастарға, олардың білім алуы мен жатақхана мәселесіне, айлық жалақысы аз топтардың салығын азайту сияқты әлеуметтік маңызы бар мәселелерге жеке-жеке тоқталса, Мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, осы ауданның тумасы Тарас Киікбайұлы жерлес бауырларын білімге, бірлікке, отансүйгіштік пен жаңашылдыққа шақырып, жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Жастар кезде суге көптеп келіп, депутаттарға көкейлеріндегі сауалдарды қойып, еркін сұхбат өткізді.
Бұдан соң депутаттар мен аудан басшылығы, ардагерлер бастаған топ Қарақия ауданы әкімдігінің үлкен акті залында аудан активімен кездесті. Әуелгі сөзді алған Тарас Киікбайұлы туған елімен батысша амандасып, ел мен жерге құт-береке тіледі. Елбасы көтерген әлеуметтік бес бастаманы тарқата келе газбен қамту мәселесіне тоқталды. Маңғыстау өңірі – толықтай газбен қамтылған аймақ. Алайда сонау ит арқасы қиянда жатқан азғантай тұрғыны бар Аққұдық ауылына газ құбырын тартудың қиындығы жөніндегі аудан тұрғыны К.Ізбергеновтың сауалына нақты жауап берілді. Бұдан соң депутат Бақытгүл Қайыржанқызы сөз кезегін алып, рухани жаңғырудың, Жолдаудың, реформаның, бес бастаманың барлығы да айналып келгенде – ел игілігі үшін болғандықтан ел саясатын сол елдің өзі қолдап, бірлік, белсенділік танытумен жүзеге асатындығына тоқталды. Жиналған қауымға орталықтың сәлемін жеткізіп, жөн сөздің жүйесін келтірді. Ал қазақшаға судай қызылордалық депутат Г.Шиповских отаншылдықпен тілге құрмет көрсетудің үлгісі бола білді. Аудан халқымен кездесуден кейін депутаттар дәл осы аудан орталығына жақын орналасқан Құрық портына барып, жұмыс барысымен танысты. Еліміздің алыс батысында жатқан аядай ауданның орталығына жақын орналасқан Құрық порты халықаралық мәні бар, сондай-ақ Еуразияның логистикалық картасында ерекше маңызға ие нысан. Мұндай порттың жүзеге асуы, әрине, іргелес жатқан Құрық ауылы мен ауданның, өңірдің өркендеуіне өз ықпалын тигізетіндігі анық.
Шынар КЕНДІН
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: 1414 байланыс орталығына Кеңес атты робот «жұмысқа тұрды»