Бүгін Маңғыстау облыстық мәслихатының кезектен тыс XIV сессиясында мәслихаттың жаңа хатшысы сайланды. Маңғыстау облысы мәслихатының хатшысы болып 53 жастағы Ақтау қаласының бұрынғы әкімі Серікбай Трұмов сайланды. Сессияға қатысқан 20 депутат ашық дауыспен сайлауды ұсынып, бірауыздан Серікбай Өтелгенұлының кандидатын қолдады. - Серікбай Трұмовтың ел мүддесі үшін атқарған игі жұмыстарын көпшілік көріп жүр. Жаңаөзен әкімі болған тұста қала адам танымастай өзгерді. Ол 2012-2015 жж. басқарған жылдары қаладағы үлкен ғимараттар салынып, мәдениет, тұрғындардың тұрмысына оң өзгерістер әкелді. Жаңаөзен халқы Серікбай Трұмовтың көрегенділігі мен табандылығына риза. Басқа депутаттарды Серікбай Өтелгенұлын қолдауға шақырамын, - деді Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты Мақсат Ибағаров. - Серікбай Трұмовты жаңа қызметімен құттықтаймын. Серікбай Өтелгенұлы - әкім ретінде елдің ыстық ықыласына бөленген азамат. Алдында өткен қоғам белсенділерімен кездесуде көпшілік "Трұмовты орнынан неге босаттыңыз?" деген сұрақ қойды. Мемлекеттік қызмет оңай жұмыс емес. Денсаулығына, отбасы жағдайына байланысты Серікбай Өтелгенұлы өз еркімен бір емес, 3 рет Ақтау қаласының әкімі қызметінен кетуді сұрады. Сол себепті мұндай шешімге келіп отырмыз. Бұл қызметте де біз атқаратын жұмыс көп. Еңбегіңізге сәттілік тілейміз, - деді облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов. Өз кезегінде жаңа Маңғыстау облыстық мәслихат хатшысы Серікбай Трұмов депутаттар мен облыс әкіміне ризашылығын білдірді. - Бұл қызметті сеніп тапсырғандарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Алдағы уақытта елдің аманатын сіздермен бірге орындаймыз деп сенемін. "Мың қосшыға бір басшы" деп жатады. Ералы Лұқпанұлы, сізге де артар сеніміміз көп. Облыс басшысымен бірге депутаттарды қызу шаруа күтіп тұр. Елдің мүддесін қолдап, игі істер атқаруға атсалысатын боламыз, - деді ол. Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау облысы мәслихатының бұрынғы хатшысы Бекмұрат Жүсіпов осы жылдың тамыз айында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған болатын. Ал, Серікбай Трұмов биыл қазан айының соңында шығып қалған депутаттың орнына Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған болатын. Серікбай Трұмов 1964 жылы маусымда Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. 1992 жылы В. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтты инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1981жылы «Мангышлаксельстрой-12» трестінің №1206 учаскесінде бетонщик қызметінен бастаған. 1983-1985 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери міндетін өтеді.1985- 1986жж. аралығында — бетонщик,«Мангышлаксельстрой-12» трестінің №1206 учаскесінің жүргізушісі болып еңбек етті. 1986-1990 жылдары – «Мангышлаксельстрой-12» трестінің құрылыс механизациясы мен көлік басқармасының жүргізушісі қызметтерін атқарды. 1990-1991 жылдары – Қазақстан ЛКЖО Форт-Шевченко қалалық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. 1991-1992 ж.ж. – Қазақстан ЛКЖО Форт-Шевченко қалалық комитетінің екінші хатшысы. 1992- 1994 жж.. – Қазақстан ЛКЖО Форт-Шевченко қалалық комитетінің бірінші хатшысы. 1994 жылы Маңғыстау облысы Форт-Шевченко қаласының ОӨК автокөлікті жабдықтау бойынша оқытушысы болып еңбек етті. 1994- 1995 жылдары – Түпқараған аудандық мәслихатының бас маманы. 1995 -2004 жылдары – «Түпқараған» ЖШС жетекші инженері, директоры қызметтерін атқарды. 2004 – 2006 ж.ж. – Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданының әкімі. 2006-2008 ж.ж. – Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары. 2008-2012 ж.ж. - Түпқараған ауданының әкімі. 2012 жылдың ақпан айынан 2015 ж - Жаңаөзен қаласының әкімі. 2015 жылдың шілде айынан бастап 2017 жылдың қазанына дейін Ақтау қаласының әкімі болып қызмет етті. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="42664,42665,42666,42667"]
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН