Түбі бір Түрік елі Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жылы алғашқылардың бірі болып ел тәуелсіздігін мойындап, қолдағаны ақиқат. Тереңнен тін тартқан бауырлас қос елдің қарым-қатынасы қызыл империяның қатаң заңымен шектелгенімен, қазақ пен түрік біріне бірі құлақ түріп, тілекші болып жүрген-ді. Ал Қазақстан азаттық алғанда осында елшілігін бірінші ашқан осы түріктер болды. Содан бері туыстық-достық қарым-қатынас жалғасып келеді.
Биыл Түркия Республикасының құрылғанына 94 жыл толды. Осынау ұлық мереке құрметіне Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Корхан Кюнгерю мен жұбайы Седа Синем Доған Кюнгерю «Ренессанс» қонақ үйінде салтанатты қабылдау кешін өткізді.
Маңғыстау облыстық, Ақтау қалалық әкімдіктерінің өкілдері, осындағы елшіліктер консулдықтары, Ақтауда тұратын Түркия азаматтары қатысқан қабылдау Түркия Республикасы мен Қазақстан Республикасының Әнұрандарымен ашылды.
Бас консул Корхан Кюнгерю Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның Республика күніне орай жолдаған Құттықтау сөзін оқыды.
"Құрметті отандастарым, болашағымыздың кепілі, қымбатты жастар, қадірменді бауырларым!
Бүгін түрік халқының даңқты тарихында өте маңызды кезең. Республикамыздың 94 жылдығын тойлап жатырмыз. Мемлекетімізде және шет елдерде өмір сүріп жатқан миллиондаған азаматтарымыздың әр қайсысын Республика күні мерекесімен құттықтаймын!"
Бас консул Түркия мен Қазақстанның өткен тарихы ортақ, мәдениеті мен салты ұқсас, әрі бауырлас елдер екенін атап өтті.
- Елдеріміздің арасындағы мәдени және рухани байланыстар, ынтымақтастығымыздың бекем іргетасын қалайды. Түркі дүниесінің іргетасын қалаған елдеріміз Еуропа мен Азияның арасын байланыстыратын, көпір болып табылады,-деді ол.-Түркия мен Қазақстанның екі жақты қарым-қатынастары өңірлік деңгейде стратегиялық маңызға ие. Бұл стратегиялық ынтымақтастықтың бекем іргетасы, ең бастысы, ортақ тарих пен мәдениетімізден келген, ортақ құндылықтар мен бауырластықтан бастау алатын екі жақты сенімнен құралады. Қос елдің президенттерінің көзқарастары екі елдің үлкен нәтижелерге қол жетулеріне мүмкіндік берді.
Көлік және логистика саласында Маңғыстау облысының маңыздылығын атап өту қажет. Маңғыстау өңірі–өзінің жағрафиялық ерекшелігіне сай және Ақтау теңіз порты Солтүстік терминалының, Құрық портының әлеуеті жыл сайын артып, дамып келеді. Өңірдің темір жолдары, сауда-саттық және туризм әлеуеті — Түркия елі үшін ашылған терезе. Бас консулдығымыз Қазақстанның батыс өңірлерінің, оның ішінде Маңғыстау облысының Түркия еліне ұсынған әлеуетін дамыту жөніндегі жұмыстарын жалғастыра беретін болады. Екі елдің халықтарына пайдасы болатын, ынтымақтастық жолындағы жұмыстарымыз одан әрі қарай ілгерілеп, дамиды деп ойлаймын.
Түрік жүк тасымалдаушылары үшін Орталық Азия өңірінде Каспий теңізі дәліздеріндегі Ақтау және Құрық порттары айтарлықтай маңызға ие. Тасымалдаудағы Каспий теңізінің дәліздері—біздің ортақ стратегиямыз әрі пайымдауымыз болып қала береді. Облыс әкімдігі және порт басшылығымен бұл бағыттағы ынтымақтастығымыз бен диалогымыз жалғаса беретін болады.
Тағы оқыңыздар: Кореядағы қысқы Олимпиадаға 100 күн қалды
Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз әр күн сайын даму үстінде. Ағымдағы жылдың 6-қазанында «Қазақ-Инвест» Қазақстанның Инвестияциялар Ұлттық Агенттігі ұйымдастырған «Қазақстан Республикасының Арнайы Экономикалық Аймақтарының инвестициялық әлеуеті» атты бизнес-форумында түрік компанияларының да қызығушылығы артқанын атап өткім келеді.
Халықтарымызды бір-бірімен жақындастыратын, ортақ өткенімізді және салттарымызды күшейтуге мұрындық болатын сала—мәдени байланыстарымыз. 2016 жылдың наурыз айының соңғы аптасында Ақтау қаласында өткен Наурыз мейрамында қазақ киіз үйін тігіп, Бас консулдығымыз да осы мәдени шараға қатысып, ат салысты. Аталған мәдени шараға алдымыздағы жылда да ат салысуды көздеп отырмыз. Бас консулдығымызда аталып өтілетін шараларымызға облыс басшылығының қатысып, көңіл бөлулерінің біз үшін маңызды екендігін атап өткім келеді.
Бас консулдығымыздың қолдауымен «Ренессанс» қонақ үйінде 30 қазан - 12 қараша аралығында түрік тағамдары күндері ұйымдастырылатынын атап айтқымыз келеді. Түрік тағамдары күндерінде дайындалатын тағамдарды Түркиядан арнайы келген бас аспазшылар дайындайтын болады. Олар Республика күні қабылдауының да тағамдарын дайындап, екі апта бойы дайындайтын тағамдардың таныстыруын осы жерде жасап отыр. Қазіргі уақытта әр түрлі дәм үйірер, бай әрі кең жайылған түрік асүйі — бұрынғы Осман заманындағы асүйдің мұрагері, бір жағынан Анадолының жергілікті асүйін ғасырлар бойы сабақтастырып, құрап келеді. Түркияның ауа-райының түрленуіне байланысты асүй мәзірі де бай әрі көп түрлі болып, Қара теңіз асүйі, Жерорта теңізі асүйі, орталық Анадолы асүйі, Шығыс және Оңтүстік шығыс Анадолы асүйі секілді көптеген өңірлермен сабақтасып, үлкен, бай асүйлерден құралады. Сондай-ақ, түрік асүйі Орталық Азия, Балкан және Қиыр шығыстан бастау алып, осы өңірлердің асүй мәзірлерімен де сабақтасқан.
Облыс әкімінің орынбасары Марат Сқақов Түркия Республикасының құрылғанына 94 жыл толуымен құттықтады. Ол Орта Азия мен Қазақстанның түріктердің де атамекені екендігін айтып, тарихи тамыры бір туысқан екі елдің бүгінгі достық және экономикалық қарым-қатынасына тоқталды.
Құттықтаулар түрікше жайылған дастархан басында да жалғасып, қазақ пен түріктің басын қосқан осынау ұлық мереке екі елдің бауырластығының жарқын бір көрінісі болды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40839,40840,40838"]